НАҚТЫ ЖҰМЫСТАР НӘТИЖЕСІ

0 90

Астана қаласы Алматы ауданы әкімінің 2012 жыл қорытындысы бойынша есебі

 Аудан туралы қысқаша статистикалық мәліметтер

Алматы ауданы 1998 жылы 6 мамырда құрылды.Территориясы – 21 054 га құрайды.

Халық саны – 365 мың адам

Ауданның тұрғын алаптары – Промышленный, Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар.

Көпқабатты үйлердің саны –1021

Жер үйлердің саны – 18 547

Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мекемелердің саны – 175, оның ішінде ПИК-тер саны – 103, өндірістік кооперативтер, ЖШС-тер және жеке кәсіпкерлердің саны – 72.

Ауданда 88 құрылыс ұйымы, 139 ірі және орта өндірістік кәсіпорын орналасқан.

Білім беру саласында 5 жоғары оқу орны, 14 колледж, 33 мемлекеттік және 10 жеке меншік мектеп, 25 мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру мекемелері қызмет жасайды.

Дамыған денсаулық сақтау жүйесінде  аудан бойынша 14 аурухана және 7 емхана жұмыс істейді.

2005 жылдың 6 сәуірдегі Елбасының «Жергілікті атқарушы органдар басшыларының тұрғындармен кездесу өткізу туралы» Жарлығына сәйкес 2013 жылдың 1-9  ақпан аралығында Алматы ауданы аумағында 5 есеп беру кездесуі өткізіледі.

Сонымен қатар, тұрғындар үшін арнайы орнатылған 10 қорапша арқылы жазба түрде  шағым-ұсыныстар жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Өткен жылы Алматы ауданы әкімі аппаратының жұмысы  негізгі  нормативті-құқықтық актілерге, Астананың бекітілген Стратегиялық даму жоспарына сәйкес және 2012 жылы өткізілген кездесулер барысында тұрғындардан түскен ұсыныстарды ескеру негізінде жүргізілді.

Өткен есептік кездесулерде тұрғындардан 63 сұрақ пен ұсыныс түсті, оның ішінде:

– тұрғын үй мәселесі бойынша – 8 сұрақ

– ауыз су мәселесі бойынша – 2

– жол жөндеу және жол құрылысы мәселесі  бойынша – 9

– білім және денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және олардың

құрылысы бойынша – 2

– электрификация, газификация және телефонизация бойынша – 5

– абаттандыру және санитарлық тазалық  мәселесі бойынша – 7

– басқа да мәселелер жөнінде – 30 сұрақ келіп түсті.

Барлық түскен ұсыныстар мен ескертулер негізінде қалалық басқармалар және қызметтермен бірлескен түрде шұғыл шешімдер қабылданып, тиісті шаралар қолданылды, тұрғындарға түсініктемелер мен жауаптар берілді.

Төменде көрсетілген диаграммада 2005-2012 жылдар аралығында есеп беру кездесулеріндегі  азаматтардың ескертулері мен ұсыныстары санының азайғандығын көруге болады. Бұл, әрине қалалық қызметтердің көкейтесті мәселелерді шешу жолындағы күнделікті қызметтерінің нәтижесі  және тұрғындар мен билік өкілдерінің арасындағы сенімділіктің нығайғандығының куәсі.

 

Ауданның экономикалық және өндірістік саласы

Өндіріс саласы:

         Аудан экономикасының негізін 139 ірі және орта өндірістік кәсіпорын құрайды. Оның;

–         23-і  машина жасау, ағаш өңдеу және басқа да металл конструкцияларын, құрылыс материалдарын, абаттандыру бөлшектерін жасау және құрастырумен айналысатын мекемелер;

–         6 мекеме су, электр қуаты, жылу мен газ өндіруді жүзеге асырады;

–         8 ірі және орта өндірістік кәсіпорын нан және сүт өнімдерін шығару, сусындар мен шұжық өнімдерін жасау саласында қызмет көрсетіп келеді.

Жалпы,  Алматы ауданының кәсіпорындарымен 112 млрд 993 млн теңгеге әлеуметтік маңызы бар өнім өндірілген (Бұл қала  өндірістік өнімінің жалпы көлемінің 57,5 % құрайды). Өткен жылы ашылған жаңа өндірістер мен қызмет жасап жатқан кәсіпорындардың модернизациясы мен қуатының ұлғайғандығы осы көрсеткіштің негізі болып отыр.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Индустриалды паркте жұмыс жасап жатқан вагон құрастырушы «Тұлпар-Тальго», сэндвич-панельдерді шығаратын кәсіпорын мен көкөністерді өсіретін жылыжай  кешені сияқты жылына 50 млрд тенгеге өнім өндіретін  8 кәсіпорыннан басқа жоба қуаттылығы жылына екі секциялы 50 электровоз шығаруды қарастыратын электровоз құрастыру  зауыты іске қосылды. Бұл зауыттың өзі тұрғындарды  650 жұмыс орнымен қамтыса, аталған кәсіпорындарда жұмыс жасап жатқандардың жалпы саны – 2400 адам.

«Цесна-Астық Корпорациясы» АҚ-да швейцар технологиясымен жасалатын, қуаттылығы күніне 100 тонна,  жоғары сапалы макарон өнімдерін шығару цехы ашылды. Бүгінгі күнде, «Цесна-Астық Корпорациясы» АҚ  елордамыздағы ғана емес, Республика көлеміндегі бидай өңдеу, нан және макарон өнімдерін шығару бойынша ірі кәсіпорын болып табылады.

         Шағын және орта бизнес:  

         Ұлттық экономиканың басты қозғаушы күші-кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік инфрақұрылым мен қызметтерді кеңейту – Елбасының Қазақстан халқына жолдауында көрсетілген мәселелер. Осылардың барлығын жыл көлемінде біз аудандық Салық басқармасымен бірлесе жүзеге асырдық.

Аталған іс-шаралар ауданда ұсақ тауар өндірісінің және қызмет көрсету саласының дамуына, соның ішінде құрылыс материалдарын, пластмасс және металл өнімдері мен азық-түлік тауарларын өндіруге   мүмкіндік берді.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында елордамызда 33,7 млрд теңге сомасына 166 жоба бекітілді. Олардың басты бөлігі  кәсіпорындарда негізгі және айналымда жүретін құралдарды сатып алу бойынша бизнесті жетілдіру мен кеңейтуге бағытталған.

Аталған бағдарлама аясында ауданда 1800 жұмыс орны пайда болды.

Жыл басынан бастап 7787 жаңа жұмыс орны пайда болды. Жұмыспен қамту органына жұмысқа орналасу мәселесі бойынша 7316 өтініш білдіріп, оның 2195-і жұмысқа орналастырылды, 454 адам кәсіби дайындық пен қайта дайындау  курстарына жіберілді.

Қоғамдық жұмыстар мен жастар тәжірибесі аясында құрылған жұмыс орындарына 2 260 адам бағытталды.

Ауданымызда жалпы 31 321 шағын және орта бизнес субъектісі қызмет жасауда, оларда жұмыспен қамтылғандардың саны – 76 976 адам, оның 17 781-і жеке кәсіпкер.

Есепті жылы Аудандық Салық басқармасымен салық әкімшіліктендірілуін ымыралау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіліп, қолайлы салық тәртіптері енгізіліп, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

4116 тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде бюджетке 6,9 млрд теңге салым түсіріліп, қосымша  84 млн теңге  өндірілді.

2012 жылы мемлекеттік бюджетке жоспарланған 70,2 млрд тенгеден 84,8 млрд теңге түсіп, жылдық жоспар 120,8 %-ға орындалды. 2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы  салым көлемі 19,7 млрд теңгеге артық.  Салымдардың негізгі бөлігін бюджетке 68,9 млрд. тенге көлемінде салық түсірген шағын және орта бизнес құрап отыр.

 

         Инвестициялар мен құрылыс  

         2012 жылы аудан бойынша негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 91 млрд 287 млн теңге.

Аудан территориясында орналасқан Индустриалды паркте инвестиция көлемі 166 млрд теңгені құрайтын 45 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олар бойынша өткен жылы 12 млрд теңге игерілді.  2012 жылы іске асыруға жоспарланған инвестициялық жобалардың қатарынан 46 млрд теңгеге қарастырылған 12 жоба қатыстырылды.

Ауданның тұрғын-үй құрылысына 52 млрд 341 млн теңге инвестиция жұмсалды.

Ауданда 88 құрылыс ұйымы қызмет жасауда. Есепті кезеңде құрылыс кәсіпорындарымен елордамызда 1 млн 292 мың шаршы метр тұрғын үй қоры қолданысқа берілді, соның ішінде 607 119 шаршы метрі «Алматы» ауданында беріліп, астанада қолданысқа берілген тұрғын үйлердің жалпы көлемінің 47 % құрады.

Өткен жылы 9 көпқабатты тұрғын үй кешені іске қосылып, 28 тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылуда, сондай-ақ «Мыңжылдық» аллеясының аумағында әкімшілік, тұрғын үй және қонақ үйлер кешенінің жобалауы мен құрылысы үшін 41 жер учаскесі бөлінді Жоба 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй салуды көздеп отыр, аталған үйлердің алғы беттері ұлттық, азиялық және еуразиялық стильде жасалатын болады.

Жалпы,  Алматы ауданында 2002-2012 жылдар аралығында қолданысқа берілген тұрғын үйлердің көлемі 6 млн шаршы метр.  Сәйкесінше аудан тұрғындарының саны да артып, бүгінгі күні көрсеткіш  365 мың адамды құрап отыр. Бұл 1998 жылы астананы Ақмола қаласына көшірген кездегі тұрғындар санынан 1,5 есе артқандығын көрсетеді.

Бұл өз кезегінде әлеуметтік инфрақұрылымның ұлғаюын талап етеді, сондықтан 2012 жылы 1200 орындық  №70 орта мектеп (Б.Момышұлы даңғылы мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысы), Күйгенжар тұрғын алабында 400 орындық мектеп, 350 жатын орны және  күніне 250 адам қабылдайтын емханасы бар көпсалалы №1 қалалық аурухана, №6 амбулаторлық-емханалық кешен, «Ақбота» сауда үйі мен «Аружан» сауда орталықтары қолданысқа берілді.

         Көлік және байланыс:

         Тұрғындарды тасымалдау ісімен барлығы 9 автокөлік кәсіпорны айналысады.

Қалалық автобустардың жалпы саны – 53, бағдарлы көлік құралдарының саны – 778 бірлік.

2012 жылы аудан тұрғындарының сұранысы бойынша автобус бағдарларының жүйесін оңтайландыру жұмыстары да жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, №3, 33, 34 автобустардың бағдарлары ұзартылып, жаңа әкімшілік аймақпен «Мастер-2» сауда үйі арқылы байланысатын №50 жаңа автобус бағдары іске қосылды.  №3, 28, 41 автобустардың жүру кестесі көбейтілді.

Ауданда 338 автокөлігі бар 11 таксопарк жұмыс жасайды.

«Астанателеком» ҚТО телекоммуникация жүйелерінде енгізілген 110 402 телефон нөмірін қамтитын  түрлі модификациялы 3 тірек телефон станциясы, 109 абоненттік байланыс орны, 2 радио жүйесі және 7 базалық станция қызмет жасайды.

Жыл көлемінде, «Астанателеком» ҚТО Абылай хан даңғылы мен Молодежный шағын ауданында орналасқан 18 тұрғын үйдің телефонизациясын аяқтап,15 мың нөмір орналастырды, 12 мектеп интернет желісіне қосылды.

         Сауда:

Ауданда 3 сауда базары, 37 сауда үйі, 400-ден астам дүкен орналасқан, жыл көлемінде жекелеген сауда айналымында барлық каналдар бойынша деректі бағамен 190 млрд 720 млн теңгеге тауар сатылды.

Жаппай сауда жүйесінде өндірістік-техникалық мақсаттағы тұтынатын тауар мен өнімдер 1 триллион 24 млрд 681 млн теңгеге сатылып, астанада сатылған тауарлардың жалпы көлемінің 49,5 % құрады.

 

Тұрғын-үй – коммуналдық саласының дамуы

         ПИК қызметтері:

         Тұрғын-үй – коммуналдық шаруашылығы жүйесінің қызметі, тұрғындарды сумен, жылу және электр қуатымен  қамтамасыз ету  қала коммуналдық қызметтерінің басты стратегиялық бағыты.

Кез келген тұрғынды алаңдататын басты мәселе де осы, сондықтан біз жыл көлемінде энергетика және коммуналдық саласындағы жұмыстың тұрақтылығын сақтау бойынша барлық шараларды қолдандық.

Нәтижесінде алдағы жылу маусымына дайындық пен қайта жөндеу және жөндеу жұмыстарына 151 млн теңге жиналып, жоспарланған барлық жұмыс түрлері атқарылды. Атап айтқанда,

52 млн теңге сомасына 42 тұрғын үйдің шатыры жөнделді;

18 млн теңгеге 44 тұрғын үйдің жылумен жабдықтау жүйесі ауыстырылды;

19 млн теңгеге  21 үйде жаңа жылу алмастыру құралдары орналастырылды;

8,5 млн теңге 141 подъездің жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалды;

19 млн теңге сомасына 63 тұрғын үйдің сумен жабдықтау және кәріз жүйелері ауыстырылып, жөндеуден өтті;

16 млн теңгеге 86 үйдің электр жүйесі жөнделді;

18,5 млн теңгеге кіре берістерді жөндеу, терезелерді шынылау, бейнебақылау камераларын орнату сияқты әртүрлі жұмыстар жүргізілді.

Елбасы мен Астана қаласы әкімінің тұрғындармен қарым-қатынасты нығайту тапсырмасын орындау мақсатында есепті кезеңде ПИК төрағаларын бағалау бойынша тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде 85 ПИК төрағасының жұмысы қанағаттанарлық деп танылып, 18 төрағаның жұмысына тұрғындар қанағаттанбай, 5 арыздан артық арыз түскен 4 төраға қайта сайланды.

Аталған жұмыс осы жылы да жалғасатын болады, сондықтан барлық тұрғындарды белсенділік танытуға шақырамыз.

         Тұрғын-үй – коммуналдық шаруашылығын жетілдіру:

         2012 жылы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы бойынша 11 үйде инженерлік жүйелердің, шатыр, фасадтардың және кіре берістердің  жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 330 млн теңге сомасында қаражат жұмсалды, ал 2011 жылы аталған жұмыс 6 үйде жүргізілген болатын.

Алматы ауданында 23 лифт ұйымы қызмет көрсететін 1499 лифт қондырғысы, жедел басқару жұмыстарын жүргізу мақсатында  орталықтандырылған 18 диспетчерлік пункт қызмет жасайды. 2012 жылы қызмет көрсетуші ұйымдармен 72 лифттің ағымдағы жөндеуі жүргізіліп,   тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы аясында қызмет көрсету мерзімі 25 жылдан асқан 16 апатты лифттің 10-ы ауыстырылды.

         «Қауіпсіз қала» бағдарламасы:

         Есепті жылы «Қауіпсіз қала» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар іске асырылды. Бағдарлама негізінде қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың мақсатты қаржы жинауы нәтижесінде аулалар мен тұрғын үйлердің алдында бейнебақылау камераларын орнату ісі ұйымдастырылды.

Бүгінгі күні аталған шаралар оң нәтижесін беріп, қылмыс пен құқық бұзушылық фактілерінің қысқа мерзім ішінде ашылуына септігін тигізіп отыр.

2011 жылдан бастап 100 тұрғын үйде орталықтандырылған диспетчерлік пункті бар бейнебақылау камералары орнатылды. 2013 жылы бейнебақылаумен жабдықталған үйлердің санын 250-ге дейін жеткізу жоспарланған.

         Электр қуатын үнемдеу іс-шаралары:

         2012 жылдың 1 қазанынан бастап жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша реттеу қызметтерінің тарифін есепке алу әдістемесі құрастырылды. Аталған әдістемеге сәйкес жылуды пайдаланудың келесідей тарифтері бекітілді:

–         Жылу есеп құралдары орналастырылған үйлер үшін – 1630 теңге/ Гкал;

–         Жылу есеп құралдары орналастырылмаған үйлер үшін – 2606 теңге/Гкал.

Бұл әр тұрғын үйде жылу есептеу құралдарын орнатуға негіз болары сөзсіз.

Осыған байланысты, ағымдағы жыл көлемінде біз тұрғын үй қорына қызмет көрсетуші ұйым басшыларымен жылу есептеу құралдарын орнату бойынша іс-шаралар қолданатын боламыз. Себебі, аталған құралды орнату сыртқы ауа райы температурасына сәйкес қажетті жылу есебін автоматтандырылған түрде реттеп тұрады және ең бастысы – отбасылық бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді, мысалы, 60 шаршы метрді құрайтын пәтер иесі аталған құралды орнатқан жағдайда жылу маусымында шамамен 8 мың теңге қаржысын үнемдеуге мүмкіндігі бар.

Бүгінгі күнде  аталған құралдар 385 тұрғын үйге орнатылды, ал аудандағы 173 үйдің тозығы жеткендігіне байланысты құралды орнату мүмкіндігі жоқ.

         Қалалық коммуналдық кәсіпорындардың жұмысы:

         Қалалық коммуналдық кәсіпорындармен күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде, құрастырылған іс-шараларға сәйкес жүргізіліп, келесі жөндеу жұмыстары іске асырылды:

–         «Астана Теплотранзит» АҚ-мен 1,3 км жылу торабына жөндеу жүргізілді;

–         «Астана Газқызмет» ЖШС  50 газ үлестіру құрылғысының техникалық куәландырылуы және 83 құрылғының диагностикасын жасады;

–         «Астана Су Арнасы» ҚКК күшімен 9,2 км су құбыры  ауыстырылды, 185 км кәріз жүйесіне жоспарлы-ескертпелі жөндеу жүргізіліп,70 км ішкіорам жүйесі гидродинамикалық жуудан өтті, жоспарланған 75 су құбыры кіреберістерінің  80-і ауыстырылды.

–         «Астана-РЭК» АҚ-мен  12 үлестіру және трансформаторлық подстанция құрылғысының күрделі жөндеуі жүргізіліп, 11 км астам жоғары вольтты желіге техникалық қызметтер көрсету бойынша жұмыстар атқарылды.  49 тұрғын үйге бекітілген электр қораптарына техникалық қызметтер көрсетілді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде тіршілікті қамтамасыз ету бойынша тұрғындардан келіп түскен арыздардың саны 2011 жылмен салыстырғанда шамамен 1,5 есеге төмендеді.

 

Абаттандыру, көгалдандыру және ауданның санитарлық жағдайы

Абаттандыру:

         Аудан қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі – абаттандыру мен көгалдандыру мәселесі.

Ауданымызда барлығы 432 аула бар, қазіргі таңда олардың 75 % абаттандырылған, 193 аулаға  2008-2011 жылдар аралығында абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

 

2012 жылы аталған жұмыстар жалғасып, нәтижесінде 37 аула абаттандырылып,  балалар ойын кешендері, кіші сәулет формалары орналастырылып, 12 мың шаршы метр аумағында кіре беріс жолдар мен автокөлік орындарына асфальт төселді.

Балалар мен жасөспірімдердің белсенді спорт түрімен айналысуы үшін және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 8 мекен-жай бойынша жасанды жабынды төселген футбол алаңдары орнатылды. Аудан бойынша барлығы 101 спорт алаңы бар, оның 61-і соңғы 5 жыл ішінде жасалды.

Ішкіорам территориясын кешенді абаттандыру іс-шаралары барысында 600 темір гараждың орналасу дислокациясы жасалып, 174 гараж иесіне заңсыз жер уческелерін босату жөнінде ескерту беріліп, нәтижесінде барлығы шығарылды.  Осы жылы 250 заңсыз гаражды аула аймағынан  шығару жоспарланған.

Астана қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, заңға жүгінетін кәсіпкерлерді қолдау мен рұқсат құжаттарынсыз заңсыз саудамен айналысу фактілерін болдырмау мақсатында, құзыретті органдармен бірлесе ауданда жұмыс тобы құрылып, заңсыз орналасқан 53 павильон мен дүңгіршекті шығару жұмыстары ұйымдастырылды.

Сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесе аудан көшелеріндегі заңсыз жарнамаларды анықтау іс-шаралары жүргізілді, жұмыс барысында 985 жеке кәсіпкерге ескерту мен хабарландыру беріліп,  кәсіпкерлік субъектілерінің қатысуымен 630 бірлік сыртқы жарнама алынды.

         Жарықтандыру: 

         Елорда орталық көшелерінің эстетикалық келбетін қалыптастыру, сондай-ақ ішкіорам аумағын жарықтандыру бойынша тұрғындар сұранысын шешу мақсатында 2012 жылы Омаров, Майлин, Пушкин, Балхашинский, Толстой, Күлтөбе қысқа көшелері, «Байқоңыр» ТК алдындағы автокөлік орны сияқты жерлерде қосымша 92 жарықтандыру құралы орнатылды.    Сонымен қатар, тұрғындар мен ПИК-тердің сұрауы бойынша тұрғын үй аулаларында 87 жарық шамы ауыстырылып, энергияны үнемдеу мақсатында автоматтар фоторелеге алмастырылды.

Көшелер мен саябақтардың ағымдағы жай-күйін қалыпты жағдайда ұстау іс-шаралары аясында Абай даңғылының Республика даңғылынан Уәлиханов көшесіне дейінгі аралығында 22 ескі троллейбус темірбетонды бағаны мырыштан жасалған бағандарға ауыстырылып, Күйші Дина көшесінің Абылай хан даңғылынан Ш.Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі аралығында жарықтандыру қайта іске қосылды.

Энергияны үнемдеу бағдарламасы бойынша аудандағы саябақтар мен шағын бақтарда 520 қыздыру шамы үнемдеу шамдарына айырбасталып, «Студенческий» саябағында 105 энергия үнемдеу шамдары орналастырылды.

         Тұрғын үйлердің алғы бетін жөндеу:    

         Елордамыздың сәулетін қалыптастыруда ғимараттарымыздың сыртқы келбетінің келісті де тартымды  болғандығы жөн екендігін барлықтарыңыз

білесіздер.

Жыл сайын ауданымызда 20-25 үйдің алғы беті жөндеуден өтеді. Өткен жылы Қажымұқан, Кравцов көшелері, Республика және Абай даңғылдары бойынша 26 тұрғын үйдің фасады жөнделді, айта кетерлігі сол үйлердің қатарындағы 14 үйдің жасы 45-50 жыл.

Тұрғын үйлердің алғы беттерін жөндеумен қатар біз  кешенді түрде ғимараттардың сәндік жарықтандырумен жабдықталуын іске асырамыз.          Аудан бойынша көмескі жарықпен 174 ғимарат жабдықталған, оның 10-ы  бойынша жұмыстар 2012 жылы жасалды.

Тұрғындардың ақпараттандырылуы үшін үйлердің алғы бетіне  көше атаулары мен үй нөмірі жазылған  2078 бағдар аншлагтары орнатылды.

         Көгалдандыру:

         Көгалдандыру және экологиялық айлық бағдарламалары аясында ауданда 17 мың ағаш отырғызылды, оның 2 мыңы аулалық ішкіорам аумақтарында отырғызылған.

Электр тасымалдау  желісінің үзілуі және қураған ағаш бұталары құлауының алдын-алу мақсатында ішкіорам аумақтарында 12 мың ағаштың ұшар бастарын кесу жұмыстары жүргізілді.

Қазақ елі монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Шабыт өнер сарайы және Әзірет Сұлтан мешіті аумақтарында 59 га көлемінде газондарды жөндеу жұмыстары атқарылды.  58 мың шаршы метрден астам аумақта гүлзарлар отырғызылды.

Бүгінгі күні қала тұрғындарына арналған демалыс орындарын арттыру дәстүрге  айналды. Осы бағытта есепті жылы шағын сәулет формалары, ағаштар мен гүлзарлардың отырғызылуымен 4 шағын бақ ашылды.  Қазіргі кезде ауданымызда көлемі 500 га астам  25 шағын бақ пен 7 саябақ орналасқан.

         Санитарлық жағдайы: 

         Қыс маусымында ауданды тазалау жұмыстарына бір ауысымда 400-ге жуық  техника мен 750 жол жұмыскері жұмылдырылады. Қар түскен мерзімнен бастап ауданымыздан 860 куб метр қар шығарылды, түскен қардың көлемі өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда артық.

Мысалы, 2011-2012 жылдардың желтоқсан – 15 қаңтар аралығында шығарылған қардың көлемі – 150 мың куб метр болса, биылғы осы уақытта 700 мыңнан асуымен, яғни, 4,5 есе артық қар шығарылған.

Осыған байланысты, қарды ұйымдасқан түрде шығару жөнінде іс-шаралар құрастырылып,  тұрғындардан түскен арыздар мен шағымдардың алдын-алу бойынша штаб құрылды. Барлық мердігер ұйымдардың жұмысы  екі ауысымға ауыстырылды.

Ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан бастап тасқын суға қарсы іс-шаралар басталып кетті. Күрделі учаскелерді есепке ала отырып, аудан кварталдарға бөлінді, қазіргі кезде қосымша техника мен жұмыскерлердің сандық қажеттілігі анықталуда.

Осыған орай, тұрғын үйлерді су басу жағдайын болдырмау мақсатында аудан тұрғындарын аталған іс-шараларға белсене қатысып, өз аумақтарындағы қарды уақытылы шығаруды сұраймын.

Біріге жасаған іс-шараларымыз аудандағы жер үйлердің жыл сайынғы судың астында қалу қаупін шешеді деп есептеймін.

Жазғы маусымда көшелер мен кварталдардың тазалығына 600 жол жұмыскері, 560 ПИК аула тазалаушысы және 65 бірлік техника жұмылдырылады.

Ауданның санитарлық жағдайын қалыпты жағдайда ұстау үшін қосымша 22 жаңа контейнерлік алаң орнатылып, 800 контейнер мен 438 контейнер алаңшасы  жөндеуден өтті. 950 контейнер ауыстырылып, 1000 көше қоқыс жәшіктері сатып алынып, орнатылды. 2 экологиялық айлық пен 45 коммуналды сенбілік ұйымдастырылып, оларға 188 мыңнан астам адам қатыстырылды.

         Жол жөндеу жұмыстары:

         Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен ауданның автожол инфрақұрылымын жетілдіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Иманов және Брусиловский көшелерінің Абай даңғылынан Жәнібек Тархан көшесіне дейінгі бөлігі қайта жөндеуден өтті, Тәуелсіздік даңғылының жалғасы №46 көшенің, Жұмабаев даңғылының Б.Момышұлы даңғылынан Айнакөл көшесіне дейінгі бөлігі, Циолковский және Жәнібек Тархан көшелері, сонымен қатар Пушкин көшесінің Алаш көшесінен ЖЭО-2-ге дейінгі бөлігінің күрделі құрылысы жүргізілді.

Сондай-ақ, өткен жылы инженерлік жүйелерді өткізумен жалпы ұзындығы 16 км құрайтын Қазқалашықтың 6 көшесінде, Интернациональный тұрғын алабының 7 көшесінде, Мичуриноның 4 көшесі, Күйгенжардың 5 көшесі және Железнодорожныйдың 3 көшесінде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілді.

16 жаңа бағдаршам нысаны орнатылды.

                                         Ауданның әлеуметтік саласы

          Идеологиялық іс-шаралар:

         Бірнеше жыл көлемінде ауданымызда тұрақты қоғамдық-саяси ахуал сақталып келеді. Тұрғындар барлық қоғамдық маңызы бар іс-шараларға, елорда  дамуына қатысты сындарлы мәселелердің шешілуіне белсенді түрде қатысуда.

Өткен жылдың басты әлеуметтік-саяси оқиғасы – Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік-саяси  жаңғыртылуы – Қазақстан дамуының басты бағыты» және «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан  мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты  стратегиялық тапсырмалары мен мақсаттары белгіленген ұзақ мерзімді болашақ бағдарламалы құжат деп қарастырылатын  Халыққа Жолдауларының жарық көруі.

Елбасы тапсырмаларының бастыларының ішіндегісі – Дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру мен Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі.

Ауданның ақпараттық насихаттау топтарымен Президент Жолдауларының негізгі бағыттарын  түсіндіру бойынша  155 кездесу өткізіліп, 20 мыңнан астам адам қамтылды.

Ұлы Жеңістің 67 жылдығын атап өту аясында «Алтын таға» мейрамханасында 120 Ұлы Отан соғысы ардагеріне мерекелік дастархан жайылып, 78 ардагерді үйлерінде құттықтау рәсімі ұйымдастырылды.

Есепті жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 72 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқаларымен» наградталды.

Астана күнін мерекелеу  шеңберінде ауданда «Менің үйім, көшем, қалам» атты аула мерекелері ұйымдастырылып, мекемелер мен ұйымдар командаларының арасында баскетбол, футболдан жарыстар, оқушылар арасында байдарка, каноэмен жүзу, шахматтан сайыстар ұйымдастырылып, мектеп жанындағы жазғы лагерь тәрбиеленушілері арасында Астана туралы әндер конкурсы және балалар үйі тәрбиеленушілері арасында «Арман қала Астана!» атты суреттер сайысы өткізілді.

         Ардагерлер кеңесінің жұмысы:   

         Ауданның қоғамдық өміріндегі белсенді орын 22 953 зейнеткерді құрайтын ардагерлер кеңесіне тиесілі. Олардың қатарында 180 ҰОС ардагері, 1715 тыл еңбеккері, 5 ҰОС ардагерінің жалғыз басты жұбайлары  бар.          Барлық зейнеткерлер 95 бастауыш ардагерлер кеңесіне біріктірілген. Аудандық ардагерлер кеңесінде тұрақты 4 комиссия жұмыс істейді.

Олар өскелең ұрпақты тәрбиелеу бағытында мектептер мен жоғары оқу орындарында, мекемелер мен кәсіпорындарда жастармен кездесулер ұйымдастырады.

Кеңестің қатысуымен аудандық АХАЖ қызметкерлерімен бірге жас отбасылардың бойында ұлттық дәстүр мен патриоттық сезімдерін ұялату мақсатында 5 кездесу өткізілді.

         Қызметтің әлеуметтік бағыты:

         «Біздің мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы. Бұл қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі»  делінген Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында.

Осы бағытта әлеуметтік деңгейі әртүрлі тұрғындарға көмек пен қолдау көрсету бойынша бірқатар әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мекен-жай бойынша әлеуметтік көмек көрсету үшін ауданда арнайы комиссия құрылған, өткен жылы көмек жалпы сомасы 8 млн 345 мың теңге көлемінде 367 алушыға көрсетілді.

Тұрғын-үй жәрдемақысын 1070 өтініш беруші алады, оларға төленген қаржының сомасы – 123 млн 933 мың теңге.

Алматы ауданы әкімінің аппараты жанында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғыз басты зейнеткерлер мен мүгедектерге  үйде әлеуметтік көмек көрсетететін бөлімшелер жұмыс жасайды.  Аталған бөлімдерде 70 әлеуметтік қызметкер 177 еңбекке  жарамсыз және 182 мүмкіндігі шектеулі балаға қызмет көрсетеді.

Бөлімдердің басты міндеті – қызмет алушы азаматтарға қажетті әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді көрсету, мемлекеттік, әлеуметтік, медициналық, кеңес беру және басқа да көмек түрлерін алуда жәрдемдесу.

Қайырымдылық қорларымен бірлесе түнгі Астана бойынша экскурсия, «Бурабай» мемлекеттік бағына, «Приозерный» санаторийіне ұйымдасқан түрде балалар апарылып, мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдарының көрмесі өткізілді.

Оқушылар сарайында 300 аталған бала мен жетім балаларға жаңа жылдық сыйлықтарды табыс етумен аудан әкімінің шыршасы ұйымдастырылды.

         Білім және спорт:

         Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму құжатында мемлекетіміздің дамыған, бәсекеге қабілетті болуға тиіс екендігі туралы көрсетілген, ол үшін біз ең алдымен, сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.

Бұл бағытта ауданымызда 25 мың студентке білім беретін  5 жоғары оқу орны мен  14 колледж қызмет жасауда.

Елордамыздың 65 %  құрайтын 49 250 оқушы 43 мектепте білім мен тәрбие алуда.

2011 жылы «Мектеп аулалары» бағдарламасы бойынша 7 мектептің ауласы абаттандырылса, 2012 жылы 4 мектептің ( № 16,29,32,44) ауласы абаттандырылды.

Мектепке дейінгі білім берумен  аудандағы 10 527 бала қамтылған, олар 25 мемлекеттік, 21 мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасайтын және 11 жеке меншік балабақшада тәрбие алып, астанадағы мектепке дейінгі білім берумен қамтылғандардың 50 %-дан астамын құрап отыр.

Жыл көлемінде балаларға тиісті жағдай жасау мақсатында 7 балабақшаға территориясының абаттандырылуымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2012 жыл басынан ауданда 150-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылды. 5400 баланы қамтитын 210 спорттық және шығармашылық үйірмелері бар  ауданда орналасқан спорттық кешендермен тығыз қарым-қатынас қалыптасқан.

Балалар мен ересектердің бос уақытын ұйымдастыру үшін Ақбұлақ өзенінде мұз айдыны ашылып, 20-дан астам мұз мүсіні, 4 сырғанақ, 10 конькиді жалға беру және 4 тамақтану пункті орналастырылды. Мұз айдынының бір мезетте 5 мыңға жуық қалалықтарды қабылдау мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, аудан мектептерінің аумағы мен «Жерұйық» саябағында  9 мұз айдыны құйылып, конькиді жалға беру пункттері ашылды.

         Қоғамдық тәртіп:

         Елбасы Жолдауында айтқандай – «Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Ұсақ құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы-қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам. Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек».

Ауданда 12 полиция бөлімшесі қызмет жасайды, оның 3-і (6,9,11) жұмыс жасауға жарамсыз орындарда қызмет жасауда. Өткен жылы мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі аясында «Шар-Құрылыс» ЖШС құрылыс компаниясымен келісімшартқа қол жеткізіліп, Қазақстан полициясының  20-жылдығына орай «Сказочный мир» тұрғын үй кешенінен көлемі 150 шаршы метрді құрайтын, жұмыс жасауға барлық жағдай жасалынған №6 полиция бөлімшесі ашылды.

Аталған жұмыс «Қазақ елі», Мыңжылдық аллеясы, Оңтүстік-шығыс шағын ауданына қарасты аумақтарда қоғамдық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берді.

Жыл көлемінде ІІБ тарапынан қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында күніне 135 патрульды полиция қызметкері, 86 учаскелік инспектор жұмылдырылып келеді. Сонымен қатар, Еуразия ұлттық университетінің студенттері қатарынан жедел жастар отрядтары мен 62 қоғамдық көмекші жұмыс жасайды. Жыл басынан бастап 78 жергілікті рейдтік тексеру жүргізілді.

Аудан әкімдігі Алматы ауданының ІІБмен, ПИК төрағалары және жұртшылықпен бірлесе аудан тұрғындары алдында учаскелік инспекторлардың 329 есеп беру кездесуін ұйымдастырды, жұмыс барысында айтылған сын пікірлерді жою және құқық қорғау органдарының қызметтері мен бөлімшелерінің жедел алдын-алу жұмыстарының деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар қолданылды.

Тұрақты түрде Алматы ауданының табиғатты қорғау полиция бөлімшесімен аудандағы экологиялық қауіпсіздікті сақтау бойынша кешенді тексерулер мен іс-шаралар жүргізіледі, жыл басынан бастап 12 млн теңгеге ескертулер мен айыппұл салынды.

         Тұрғындармен жұмыс:

         Ауданда ұйымдастырылатын іс-шаралар аясында қалалық мәслихат депутаттарымен бірлесе жұмыс атқару тәжірибесі қалыптасқан. Электоралды компания өткізу кезінде депутаттар тұрғындарды алаңдататын біршама мәселелерді анықтап, сол сұрақтарды шешу бойынша жыл көлемінде жұмыстар атқарылды, шешілмегендері 2013 жыл жоспарына енгізілді.

Мысал ретінде, 23 округ  бойынша Астана қаласы маслихатының депутаттығына үміткердің халықпен кездесуі барысында түскен Күйші Дина көшесінде орналасқан 37 үйдің кіреберісін және инженерлік желісін  жетілдіру қажеттігі туралы ұсынысын келтіруге болады. 2012 жылы тұрғын-үй шаруашылығын жетілдіру бағдарламасы аясында аталған үйге толығымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Нұр Отан» ХДП, қаржы полициясы және аудан прокуратурасымен  бірлесе  тұрғындарды  толғандыратын мәселелер бойынша 20  «ашық есік» акциясы өткізілді. Акция кезінде азаматтар өздерінің сұрақтарын қойып, мәселелерін шешу мүмкіндігін алды.

Есепті кезеңде тіршілікті қамтамасыз ету, абаттандыру және санитарлық  тазалық мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде аудан тұрғындарымен 1600-ден астам кездесу ұйымдастырылды.

2012 жыл бойынша  Алматы ауданы әкімі мен орынбасарларының  жеке қабылдауында 149 адам болып, Астана қаласы әкімінің сайтына 739, аудан әкімінің сайты мен байланыс орталығына 189 сұрақ келіп түсті.

Аудан әкімінің аппаратына азаматтардан 971, заңды тұлғалардан 492 өтініш түсіп, барлығы бойынша уақытылы шаралар қолданылып, түсініктемелер берілді.

2013 жылға арналған жоспарлар

         Қошқарбаев көшесінде (240 орындық) 2 мектепке дейінгі білім беру мекемесін, Сарайшық көшесінен оңға қарай  280 орындық «Толағай», Сарайшық көшесінен оңға қарай, Жұмабаев даңғылынан шығысқа қарай 240 орындық «Шұғыла» және Интернациональный тұрғын алабында 240 орындық балабақша ашу жоспарланған.

Қосымша «Тәуелсіздік» тұрғын –үй кешенінде 180 орындық, «Тұрсын -Астана» тұрғын–үй кешенінде 350 орындық 2 шағын орталық, Железнодорожный тұрғын алабында 1100 орындық орта мектептің ашылуы жоспарлануда.  Аталған мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ашылуы аудан бойынша орын жетіспеушілігін 1770 орынға кемітеді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Астана күніне дейін «Караван-2» тұрғын-үй кешенінде барлық қажетті заманауи құралдармен  жабдықталған мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғыз басты қарттарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылатын болады.

2013 жылы «Тұрғын алаптарды жарықтандыру» бағдарламасы шеңберінде Абай даңғылының Уәлиханов көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі бөлігінде ескі бағандарды ауыстыру және Пушкин көшесінің Абай даңғылынан Ш.Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі бөлігінде көше жарығын орнату жаспарланған.

Аулалық ішкіорам аумағын жарықтандыру аясында 70 жарық шамын орнату жоспарда.

Ауданымызда көгалдандыру жұмысы аясында 5500 ағаш, 2,5 мың қ.м. жасыл қоршау отырғызылып, 62 мың шаршы метрден астам  көлемде гүлдер егілетін болады.

Ағымдағы жылы 106 мекен-жай бойынша аула аумақтарының жобалауы мен абаттандырылуы жүргізіліп, ішкіорам абаттандырылуы жағдайының негізгі мәселелері шешіледі.

Бюджеттік қаражаттардың бөлінуіне байланысты 6 мектеп территориясының кешенді абаттандырылуын, 7 балабақшаның күрделі жөндеуі мен 5-нің абаттандырылуы бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланған.

Сондай-ақ, биылғы жылы 20 тұрғын үйдің алғы бетіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Соңғы жылдары жоспарлы түрде ауданда орналасқан ескерткіштерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп келді.  Бүгінгі күні Абылай хан даңғылындағы шағын бақта  орналасқан Интернационалист Жауынгерлер монументі қайта жөндеуден өтіп, Отан қорғаушылар монументінің гранитті плиталары ауыстырылды, Интернациональный тұрғын алабындағы ескерткішке де  жөндеу жасалды.

2013 жылы аталған жұмыс жалғасып, Отан Қорғаушылар және Б.Момышұлы ескеркішіне қарасты аймақтарда жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығын жетілдіру бағдарламасы аясында «Алматы» ауданында жалпы мүліктің жөндеуі бойынша 12 тұрғын үй анықталып, тұрғындармен өткізілген жиналыстар нәтижесінде бағдарламаға қатысу келісімдері алынды. Жетілдіру жұмыстарына қажетті сома – 500 млн теңге.

76 лифт құрылғысын қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылады, оның 5-і тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын жетілдіру бағдарламасы аясында ауыстырылатын болады.

Жыл барысында 15 тұрғын  үйде тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілу кестесі қалпына келтіріледі.

Аталған жоспарлар аудан тұрғындарының ой-пікірлері мен елорданың орташа мерзімді даму жоспарын есепке алып құрастырылды. Ағымдағы жылы тұрғындардың әлеуметтік хал-ахуалын арттыру, инфрақұрылым және абаттандыру жүйелерін дамыту, тіршілік салаларының барлығында елордалық жоғары стандарттардың қалыптасуына баса назар аударылатын болады.

Сондықтан, алға қойылған мақсаттар мен тапсырмаларды шешуде біріккен, нәтижелі жұмыстар атқарамыз деген сенімдеміз.

 

«Алматы» ауданының әкімі                                                                           С.Ахметов

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 4 =