©2020 Астана Ақшамы
НАҚТЫ МЕКЕНЖАЙ БОЙЫНША ТІРКЕЛУ КЕРЕК
Бейсенбі күні Астанадағы №1 қалалық емхананың бас дәрігері Күлжан Насырқызы Анасова қала тұрғындарымен тікелей тілдесуге шықты. Бір сағатқа созылған байланысты ықшамдап, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Сәлеметсіздер ме! Күлжан Насырқызы, менің білуімше, жүрек ауруына шалдыққандар сіздің емханада электрлі кардиограмма жасата алады. Жүректі тексеретін басқа да құрал-жабдықтар бар ма?
– Иә, бар. 2012 жылдың басынан бастап функционалды анықтау кабинетінде жаңа медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен тұрғындарға төмендегідей зерттеулер: қан қысымының тәулік бойы тексерілуі, эхокардиограмма немесе жүректі ультрадыбыспен тексеру және холтер мониторингі жүргізіледі.
– Мен, Бақыт Досболаева №1 емханаға тіркелгенмін. Жыл сайын қаламыздағы басқа емханалардағы секілді сіздерде де скринингтік тексерулер жүргізіліп келеді. Бұдан хабардармыз. Айтыңызшы, биыл бұл бағытта қандай жаңалықтар бар, тағы да басқа қандай скринингтік тексерулерден өте аламыз?
– Жыл сайын тұрғындар арасында онкологиялық ауруларды, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, сүт бездері обырын, жатыр мойыны обырын ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулері жүргізіліп келеді. Ал, биылдан бастап скринигтік тексерулер толықтырылды. Соның ішінде, енді емханамызда бауыр обырын, асқазан, өңеш обырын, колоректалды обырды, қуықастыбезінің обырын ерте анықтау мақсатында қосымша тексерулер енгізілді.
– Біз жас ата-анамыз. Жақында баламыз бір жасқа толды. Мынаны білгіміз келеді: біздің қандай медициналық тексерулерден өтуіміз керек?
– Жалпы, кез келген 1 жастағы бала барлық мамандарға қаралуы қажет. Сонымен қатар балаға қанның, зәрдің, нәжістің жалпы талдауы бойынша зертханалық тексерулер жасатуларыңыз керек.
– Баламның қарны аша береді. Қалада қосымша тамақты тегін алуға болады дегенді естідім. Сонда қандай жағдайларда емшектегі балаға рецепт бойынша тегін тамақ алуымызға болады?
– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылғы 4-қарашадағы № 786 бұйрығына сәйкес, асыранды балалар, егіздер, үшемдер, студент аналардың балалары, сондай-ақ, эндокриндық, аллергиялық аурулары бар, туберкулезге шалдыққан, онкологиялық аурулары бар, босанғаннан кейінгі күйзеліске ұшыраған және ВИЧ жұқпасы бар науқас аналардың бір жасқа дейінгі балалары жасанды тамақпен қамтамасыз етіледі. Яғни, осы категорияға жататын аналардың балаларына тегін құрғақ сүт тағамдары беріледі.
– Күлжан Насырқызы, біз отбасымызбен сіздің емханаға қараламыз. Дәрігерлеріңіз сондай сыпайы әрі олардың көбінің тәжірибелі мамандар екенін көріп жүрміз. Мықты мамандарды жинапсыз, қуаныштымыз. Еңбектеріңіз табысты болсын!
– Хабарласқаныңызға рахмет, ең бастысы – ауырмаңыздар. Нақты сұрағыңыз бар ма?
– Алдымен емханаңыздағы ақ халатты абзал жандарға алғыс айтайын деп едім. Сұрағым: дәрігерлеріңіз біліктілігін көтеру үшін оқуға жиі барып тұра ма?
– Емхананың дәрігерлері заң бо-йынша 5 жылда бір рет біліктілігін көтеру курстарына оқуға барады. Мүмкіндік болса жылда оқуға баруға болады. Біздің емхананың дәрігерлері соңғы уақытта заман талабына сай жылына бір, қажет болған жағдайларда екі рет оқуға барады. Оның –игілігін өздеріңіз көріп жүрсіздер.
– Күндізгі стационарда емделуіме бола ма?
– Болады. Учаскелік дәрігеріңіз жолдама берсе, күндізгі стационар дәрігері қарап, тексереді. Онда барлық дәрілерді тегін ала аласыз. Мұнда көбіне жүрек, жүйке ауруларымен жатады. Бұрын пневмониямен ауырғандарды ауруханаға жатқызатынбыз, қазір оларды да өзіміз емдейміз. Көп адамдар жылына екі рет күндізгі стационарда емделеді. Сонда әртүрлі асқынулар болмайды. Осыны ескере отырып, біз де алдағы уақытта күндізгі стационардағы төсек санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
– Тұрғылықты мекенжайым бойынша №6 емханаға қараймын, бірақ, №1 емхананың ауданында жұмыс істейтіндіктен, жүктілігім бойынша осы емханаға тіркелсем деп едім. Бұл мүмкін бе?
– Негізі жүктілік бойынша жұмысқа жақын жерге тіркелу дұрыс емес. Оның үстіне алғашқы 12 аптаға дейін сіз міндетті түрде жүктілігіңіз бойынша есепке тұруыңыз керек. Бұл сіздің де, бөпеңіздің де денсаулығын қадағалап отыру үшін өте маңызды. Сондықтан жүкті әйелдер жұмысына жақын жерге емес, өзінің нақты тұратын мекенжайы бойынша есепке тіркелуі керек.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ