НАҚ-НАҚ

0 105

Жүзуден жарыс өтті

Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жүзуден «Astana Open Cup» ашық кубогы өтті. Спорттық іс-шара Конституция күніне орайластырылған. Бағдарламаға 50 және 100 метр қашықтықтарға еркін, брасс, баттерфляй стилінде және шалқалап жүзуден, 200 метр қашықтыққа кешенді жүзуден жарыстар енгізілді. Турнир қорытындысында халықаралық дәрежедегі спорт шебері астаналық Әнуар Ахметов топ жарды.

Білім және ғылым министрі ауысты

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лығымен Бақытжан Тұрсын­ұлы Жұмағұлов Қазақстан Респуб­ликасының Білім және ғылым министрі қызметінен босатылды.

Оның орнына Қазақстан Рес­публикасының Білім және ғылым министрі болып Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов тағайындалды.

Полицейлер сыйлығы

Білім күні қарсаңында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторлары жеке қаражаттарының есебінен көп балалы отбасылардан шыққан балаларға киім-кешектер, сөмкелер мен кеңсе заттарын табыс етті. Іс-шара 30 қыркүйекке дейін жалғасатын жыл сайынғы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында өткізілді. Мақсаты – аз қамсыздандырылған, көп балалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету болып табылады.

Компьютерлік сауат ашу – тегін

Астана қаласының әкімдігі қала тұр­ғындары үшін «Ақпарттық Қазақстан – 2020» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қазақ және орыс тілдерінде компьютерлік сауат ашу негіздеріне тегін оқытады. Оқу мерзімі – күніне үш академиялық сағат бойынша 1 апта. Сабақ – 9.00-11.30, 11.30-14.00, 14.00-16.30, 16.30-19.00 сағаттарда өтеді. Оқу аяқталғасын тестілеу негізінде белгіленген үлгідегі сертификаттар беріледі.

Мекен-жайы: Астана қаласы, М.Әуезов көшесі, 36 үй
(Астана гуманитарлық-құрылыс колледжінің ғимараты).
Алдын ала: 70-12-35; 70-12-33; ұялы: 8-778-145-22-60;
8-705-281-21-15 телефондары бойынша жазыла аласыз.

 Кеше

Астанада ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы өтті.

Бүгін

Тәуелсіздік сарайында халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция мен көрме өтеді.

Ертең

Конгресс Холлда «Күлкі әлемі» әзіл-сықақ кеші өтеді.

Сансөйлем

100 Астанада жаңа оқу жылының қарсаңында жетім және аз қамсыздандырылған отбасыдан шыққан осынша балаға киім-кешек, аяқ киім мен мектепке қажетті жабдықтар берілді. 

 Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three + 20 =