НАҚ-НАҚ

0 79

Сақшы көмекшілері сыйақы алады

Астана қаласының Ішкі істер департаменті қоғамдық тәртіп орнатуға және қылмысты ашуға қол ұшын берген полицияның қоғамдық көмекшілеріне сыйақылар тағайындайды.

Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында елордалық полицейлер 200 қоғамдық көмекшіге әрқайсысына 15 мың теңге көлемінде сыйақы беруді жоспарлап отыр. Олардың қатарына 126 консъерж, шұғыл жастар отряды мен Ішкі істер органдары ардагерлерінен құралған Қоғамдық кеңестің 55 мүшесі және 19 көмекші енген. Жыл басынан бері олардың көмегімен 74 қылмыстың беті ашылып, 4 мыңға тарта құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

САУЫҚ ҚҰРҒАН САБАНТОЙ

«Жастар» сарайының ашық алаңында «ТАҢ» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің бастамасымен сабантой ұлттық мейрамы атап өтілді. Ұйымдастырушылар келген қонақтарға түрлі тағамдар ұсынып, ойын-сауықтар өткізді.

Татардың ұлттық спорты – белбеу күресінен бұл бәсекеде Әскерхан Осқанов абсолютті жеңімпаз атағына ие болды. Қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Камиль Муллашев қатысушылар мен шара қонақтарын сабантой мерекесімен құттықтап, алғысын айтты.

Екатерина ерледі

Елордалық спортшы Екатерина Руденко Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жабық кешен спорт түрлерінен өтіп жатқан IV Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Финалдық 50 метрге шалқалап жүзу сынында Е.Руденко әріптесінен 30 секундқа кейін қалып, үшінші орынға табан тіреді. Алтын мен күмісті Қытай және Гонконг спортшылары еншіледі.

Кеше…

Елорда төрінде 200-ден астам спортшының қатысуымен 3 мың метрлік қашықтықта веложарыс өтті. Доданы қала әкімдігінің қолдауымен №6 балалар және жасөспірімдердің  олимпиадалық резерв спорт мектебі ұйымдастырды.

Бүгін…

Асық ату ұлттық ойыны бойынша «Алтын сақа» турнирі басталады. Оған кез келген адам қатыса алады және бұл жарыс Астана күні мерекесі қарсаңында алғаш өткелі тұр.

Ертең…

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамына қарасты Қазақ радиосы, Шалқар ұлттық арнасы және «Астана» жастар радиосы Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына арнап танымал жобаларын насихаттау мақсатында «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының ғимаратында кешкі сағат 18:00-де «Біз сіздермен біргеміз!» атты акция өткізеді.

Сансөйлем…

Үш күн ішінде 5200 бала «Менің үйім – менің отбасым» аула мерекесі спорттық іс-шарасына қатысты. Сонымен қатар, 87252 адам «Астана таңдауы» байқауы үміткерлеріне дауыс берді.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × one =