©2020 Астана Ақшамы
НАҚ-НАҚ
Өнер форумы өтеді
Наурыздың 5-і мен 16-сы аралығында Астанада Халықаралық өнер форумы өтеді. Бас қонағы Елбасы Н.Назарбаев болатын ауқымды шара негізінен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің құрылғанына 15 жыл толуына арналады. Оның құрметті қонақтары ретінде Монако ханшайымы Каролин Мюрат, Граф Петр Шереметев, Полад Бюль-Бюль-оглы, Михаил Швыдкой, Анна Сафонова секілді танымал тұлғалар да шақырылған.
Жұмыс жәрмеңкесі
«Көрме» орталығында «Болашақ» бағдарламасының түлектері үшін мұнай-газ саласы бойынша бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі басталды. Жәрмеңкені өткізу идеясын «Теңізшевройл» және «Шлюмберже Лоджелко Инк» компаниялары ұсынған. Ақпанның 27-28-сі күндері «Шлюмберже Лоджелко Инк» компаниясы іріктеу жүргізсе, наурыздың 1-2-сі күндері «Теңізшевройл» ЖШС «Болашақ» түлектерін жұмысқа қабылдау сынағын өткізеді.
Әуежайдағы рейстер саны артады
2017 жылға қарай Астана әуежайына қонатын және ұшатын рейстер санын 20 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр. Осының арқасында жолаушылар саны 5 миллионға дейін көбейеді. Тек 2012 жылы жолаушылар тасымалы 2011 жылмен салыстырғанда 14%-ға артып, 2 303 143 адамға жеткен. Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша Астана әуежайында 17 498 рейске қызмет көрсетілген.
Жылу желісі тартылады
ЖЭО-2 орталығынан Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілетін ауданға дейін жылу желісін тарту жоспарланып отыр. Оның ұзындығы 26 шақырымды құрайды. Бұған қоса Потанин көшесінің бойындағы қолданыстағы жылу желілері қайта салынады.
Құрылыстағы өлім-жітім азайды
2013 жылдың басынан бастап Астананың құрылыс орындарында өлім-жітім оқиғасы тіркелмеді, 5 адам жеңіл жарақат алған. Өткен жылы 63 адам жарақаттанып, оның ішінде 13 адам көз жұмған.
Сансөйлем
2012 жылы шағын және орта кәсіпкерлік мекемелеріне жұмысқа тартылғандар саны 4%-ға артып, 165 819 адамға жетті. 2013 жылдың 1 ақпанындағы деректерге сәйкес, Астанада 47 850 ШОБ субъектісі жұмыс істейді. Олардың қатарында – 6 763 заңды тұлға, 41 082 – жеке кәсіпкер, 5 – шаруа қожалығы бар. Бұл кәсіпорындарда шығарылған өнім өткен жылмен салыстырғанда 0,3%-ға артты.
Кеше…
Республика көшесіндегі Алматы аудандық ХҚКО-да халықаралық рұқсат бланкілерін бөлудің автоматтандырылған жүйесінің таныстырылымы өтті.
Бүгін…
«Дәулет» спорт сарайында сағат 11.00-де «Бұрқасын-2013» шаңғы сайысына арналған баспасөз мәслихаты өтеді.
Ертең…
Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында Қ.Жүнісовтің «Махаббат мелодрамасы» қойылады.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ