«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Намыстың рекордын жасадың, Илья!

0 122

Грозный қаласында ауыр атлетикадан Рес­ей Федерациясы Президентінің кубогы үшін халықаралық турнир мәресіне жетті.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия берілетін жарыста қазақстандық спортшылар жақсы көрсеткішке қол жеткізді.

Алдымен айтарымыз, Илья Ильин тағы да айды аспанға шығарды. 105 келі салмақта сынға түскен саңлағымыз осы турнир барысында екі мәрте әлем рекордын жаңартты. Атап айтқанда, жұлқа көтеруде 191 келіні бағындырып, алдына жан салмаса, серпе көтеруде атойлап серпілді. Алақанын шарт-шұрт соқты да 246 келіні басынан бір-ақ асырды. Бұл бұрын көтерілмеген салмақ-жаңа рекорд еді. Сөйтіп, қоссайыс қорытындысында Ильямыз 437 келі салмақты көтерді. Бұл да – жаңа әлемдік рекорд! Бұл жетістік жөнінде сол сәтте-ақ төрткүл дүниеге ақжолтай ақпарат тарап жатты.
Осы салмақта сынға түскен тағы бір айтулы атлетіміз Александр Зайчиков күміс жүлдеге ие болды. Жақында ғана әлем чемпионатында топ жарған жас спортшымыз қоссайыста 416 келіні көтерді. Үшінші орынға ресейлік Тимур Наниев табан тіреді. Ол 411 келіні бағындырды. Ал 94 келі салмақта сайысқан қазақстандық Денис Уланов та күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, осы жарыста өнер көрсеткен қазақстандық арулар да биікке жетті. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионы атағы бар Светлана Подобедова күміс медаль иеленді. 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық атлет Ресей чемпионы Ольга Зубоваға жол берді. Ал үшінші орынға қытайлық Джей Ванг табан тіреді. Ал ең ауыр салмақ бойынша әйелдер арасындағы бәсекеде де жерлесіміз Александра Аборнева екінші орыннан көрінді. Ол АҚШ атлеті Сара Рубенстен аса алмады. Румын қызы Андреа Аней қоланы қанағат тұтты.
…Осы жарыста тағы бір ерекше рекорд болды. Намыс рекордын көрдік. Бұл рекордтың да авторы Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы, әлем біріншілігінің төрт мәрте жеңімпазы Илья Ильин болды.
…105 салмақтың жүлдегерлерін марапаттау кезінде, яғни Ильинге алтын медаль, РФ Президентінің кубогы, басқа да сыйлықтары табысталып болған соң жеңімпаз құрметіне Қазақстан әнұраны шырқалды. Осы тұста орынсыз оқиға орын алды. Кең сарайда еліміздің бұрынғы әнұранының әуені әуелеп кетті. Сол-ақ екен, жеңіс тұғырында тұрған Ильиннің түрі өзгеріп сала берді. Құрмет тұғыры алдында тұрған ұйымдастырушы азаматтарға жағдайды түсіндіре бастады. Әуен шырқалып жатыр. Ильин шыдап тұр. Бір сәтте әуен аяқталды. Бірақ Ильин де, Зайчиков та тұғырдан түспей тұрып алды. Екі жеңімпаз қозғалмаған соң басқалары да тапжылмады. Осы тұста түйсінгеніміз, Қазақстанның әнұраны шырқалмай Ильин тұғырдан түспейтінін жеткізген сияқты. Солай болды да. Ұйымдастырушылар абыр-сабыр болды. Қазақстан сайыпқырандары да сабыр сақтап тұра берді. Арада 10-15 минут өткенде кең сарайда әсем ән қалықтап кетті…
«Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім,
Туған жерім менің – Қазақстаным!..».
Жүрек тұсына қолын қойған Илья да шырқап тұр!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды