Намазалы Омашев: ҚОҒАМЫ ҚАНДАЙ БОЛСА, ЖУРНАЛИСТИКАСЫ СОНДАЙ

0 395

«Ұлт ұпайы» деп айдар ашып, әңгіме қозғаймыз дегендерің ұйықтап кеткен елді селт еткізгенге қажет нәрсе екен» деп бастады сөзін кейіпкеріміз. Елордадан алыста болғасын телефонмен сұхбат беруге келіскен журналистика ұстаханасының зергері, қазақ журналистикасының дамуына зор үлесін қосқан қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Намазалы Омашұлымен әңгімеміз одан әрі бүгінгі журналистиканың пәрменділігі, қоғамды жайлап бара жатқан бейғамдық пен немқұрайдылық хақында өрбіді. Жетпіс бір жыл ғұмырының жарты ғасырлық мерзімін өзі сүйген мамандығына арнап келе жатқан жанның бұл ретте айтар ойлары өте өзекті.

– Саналы ғұмырыңызды журналистика саласына арнап, бір адамның өміріне жетер атақ-­абыройға адал еңбек пен зор ізденістің арқасында бөлендіңіз. Бүгінде зейнеткерлік жаста болсаңыз да еліміздегі бірегей орталық – журналистика мәселелерін зерттеу институтын басқарасыз. Қоғамның дамуына бірнеше ғасыр тұрғысынан қарағанда қазақ ұлтының ұпайы қазір түгел деп айта аласыз ба?

– Жалпы бұл «Ұлт ұпайы» деген сөздің өзі абстрактілі ұғым ғой, нақты дүние емес. Бірақ ойлы адамға ой саларлық, толғандырар жайттар соның астарында жатыр. Енді қазақ ұлтының ұпайы түгел ме дегенде мен өзім журналист, әрі елімнің жанашыры болғандықтан ащылау айтуым мүмкін. Ол ешкімнің шамына тимесін. Өйткені мен мұны ұлтымды, мемлекетімді жек көргеннен емес, керісінше көзге көрініп отырғанды жасырып, жауырды жаба тоқудың ешкімге керек емес екенін білгеннен айтамын. Сондықтан бүгінде біздің ұлтымыздың мейлі ол тілі, мейлі өнері мен спорты, қай жағынан болсын ұпайы түгел дей алмаймын. Тіпті мынау бүгінде өтіп жатқан олимпиадаға байланысты да, біз бұрынғы күйімізден, алдыңғы жеңіс тұғырымыздан айырылып қалғандаймыз. Егер олай болмаса, Қазақстан әлемде спорттан сонау елуінші орында тұрушы ма еді?! Бұрын алғашқы ондықтың, болмаса жиырмалықтың арасынан көрінетін. Әлем Қазақстанды бокс державасы деп, қазақ жігіттеріне көз тігіп отыратын. 69 келі салмақты қазақтың салмағы дейді. Бес олимпиада қатарынан жеңістің бәрі қазақтың жігіттерінікі болды. Бұл да ұлттың ұпайы емес пе?!
Кезінде идеология саласында ұлттың ұпайын түгендейтін тұлғаларымыз болды. Нақты айтар болсақ, ұлтының ертеңі үшін шырылдаған Өзбекәлі Жәнібековті атар едім. Ол біздің тұрмыстық салтымыздағы жәдігерлердің бәрін тірілтіп, керемет мәдениеті, ғажап киім үлгілері, өнері болды деп ұлттың ұпайын қалай түгендеді мәселен. Болмаса Шерхан Мұртаза елдік мәселелердегі ұлтымыздың сөзді қолдануы, сөз өнерін соған пайдалануы, қоғамды түзеудегі журналистиканың пәрменділігін қалай көтерді?!

«Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды»

– Кезінде осы тақырыпта үлкен мәселе көтеріп, аталған сұхбатыңыз ел ішінде біраз сөз болыпты. Бұл мәселенің бүгінде өзектілігі одан сайын арта түскен сияқты. Қазіргі журналистиканың «төртінші билік» атағына лайық пәрменділігі қалмай барады-ау?

– Иә, аталған сұхбатты қарымды журналист Қали Сәрсенбай менен алып жариялаған еді. Көбі сол кездегі ойларымды ұнатпай, ішінен ілік іздеп, жоғарыға да жеткізді. Сөйтіп журналистиканы билікке қарсы айдап салғысы келеді. Журналистиканың негізгі қызметі – билікті қалғытпай, мүлгітпей, қоғамдық проблемаларды шешуге ұйымдастыру. Өкінішке қарай біз қазір сондай ықпалды құралдарды елдің тиімділігіне пайдалана алмай отырмыз. Айталық телевизияны құр жеңіл-желпі әңгімелерге, ыржақай, тыржақай, болмаса әртістер, байсымақтардың не киіп, не ішетініне, ұрысқан, таласқанына, қайда барып, қанша ақша тапқанына арнап жібердік. Ал негізі бұқаралық ақпарат құралдарының, тіпті дүниежүзі бойынша журналистиканың басты міндеті – бұл алдымен қоғамдық мәселені қозғау, елде болып жатқан жағдайларды талдау, жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айту, сосын барып уақыт қалса ғана елдің көңілін көтеретін, демалдыратын дүниелер беру еді. Оның үстіне біз сияқты елдік, мемлекеттік мәселелері шешімін таппай, ұлттық құндылықтары құлдырап жатқан елде журналистика алдымен соған араласу керек. Араласа алмайтын, журналистикасы жалтақ ел әрине тоқырайды. Әйтеуір бірдеңелерді айтады, шыққан, сөйлеген болады.
Қазір байқасаңыз кейде газет болсын, телеарна болсын бір дүниені көтерсе, оны құр оқиды немесе көреді де қояды, соны дүркіретіп алып кету, жалғастырып, шешіміне тікелей араласу деген қалды. Мұны бұрын журналистиканың пәрменділігі дейтінбіз. Қазір бұл айтылмайтын болды, өйткені жазып, шығып жатқан өзекті материалға ешқандай жауап болмайды. Жауап болмағасын, қорытындыланбағасын оның пәрмені жоқ деген сөз. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл тіпті дамып, аяқсыз қалмау керек еді. Қозғау салу, ойбайлау, елді қаратам деуден, елдің ойына ой салудан шаршамау керек. Әрине, ел ішінде небір талантты, өмірді бізден де терең білетін, өте жанашыр, дарынды адамдар бар. Солардың сөзін елге жеткізу, шақырып сөйлету де – журналистердің борышы.

– Журналистиканың жалтақтығына не себеп, білімсіздік пен біліксіздік пе? Қаржылық тәуелділік пе?

– Журналистика шындап келгенде идеологияның бір саласы ғой, ұлттық идеология дұрыс болған жағдайда журналистика да солай болады. Оның үстіне кейінгі кезде: «Қоғам қандай болса, журналистика да сондай» деп тағы бір мәселені айтып жүрмін. Бұл менің өзімді данышпан қып көрсетейін деген ойым емес. Себебі қоғамнан бөлек журналис­тика бола алмайды. Қоғам қалай ала-ғұла болса, журналистика да сол төңіректе болады. Соған қарамастан журналистер өз қыз­метіне адал, жалпы әр уақытта жаңалықтың жаршысы болып қалу керек. Әлемде болып жатқан дүниелерден хабары бар, өзгелер қалай тыныс алып жатыр, бізде бұл жағы қалай деген сияқты мәселелерді талдай алуы қажет. Бұл кәсіпті игеру үшін көзі қырағы болмаса, осындай дүниені тереңінен сезбесе журналист бола алмайды. Сондықтан да кезінде журналистерді дайындауға байланысты да талай әңгімелер болды. Мен сол журналис­терді дайындаудың дамыған елдердегі іс тәжірибесімен, тарихымен таныстым. Біреу­лер журналистерді арнайы мамандықпен 4 жыл оқытпай-ақ тек 3-4 айлық курста оқытып, шығаруға болады, қабілетін сәл дамытса болды деді. Сөйтіп журналистиканы мамандық емес, машық деп түсіндірді. Ал шынында маман болу бөлек, машықтану бөлек. Журналист – үлкен, терең мамандық. Ондай мамандықты игеріп, өзінің ойын айта алатын маман болу үшін университеттік деңгейде білім қажет. Сондықтан журналист мамандығы университеттерде дайындалу керек, аз уақытта курстарда оқытып шығара саламыз деген өте шолақ ойлайтын адамдардың сөзі. Журналистика қандай десеңіз айтарым, қазақ қоғамы қазір қандай, журналис­тика да сондай.

Бейғамдық пен немқұрайдылық – басты қауіп

– Қоғамына қарай журналис­тикасы сондай болса, біздің бүгінгі қоғамды қалай сипаттар едіңіз?

– Айтайын дегенім, қоғам белсенділігінен ажырады. Небір белсенді, небір ойлы, небір мықты адамдар барған сайын самарқау бола бастады, ал қоғамдағы самарқаулық отбасындағы бейғамдыққа, қамсыздыққа алып келеді. Ондай ел қалай алға шығады?
Бізді қазір қандай ауру меңдеп бара жатыр? Менің ойымша, немқұрайдылық, қоғамды немқұрайдылық жайлап алды. Қоғамда елге жанашыр белсенділер азайды, не болып жатса да селт етпейтін болдық. Ол жақсы емес. Мен өзім шетелдегі конференция­ларға барған кезде байқаймын, мысалы байтақ Ресейден келген адамдар өздеріне байланысты сын айтылса, селт етпейді. Ал бізге бұрын анда-санда сын айтылса шамданып, ойпырай деп, дауласып, қызарақтап қалатынбыз. Қазір енді бізде де сондай бейғамдық, немқұрайдылық етек алып бара жатыр. Мәселен олимпиададан қалып жатса шамданбайтын болдық. Бәлкім, бұл да бір қысылтаяң кез шығар. Қазақ оны алмағайып дейді. Сондықтан тас түйін болып, қоғамдық пікірді қалыптастыратын, қоғамдық пікірге қозғау салатын, қоғамдық пікірді жұдырықтай жұмылдырып, бір шешімге келетін, селт ететін уақыт келді. Бұлай жүре беретін болсақ, немқұрайдылық, самарқаулық ұйқылы ояу жүріп, әр адамның жеке басындағы бейғамдыққа алып келеді. Ондай кезде ешкім ешқандай қам жасамайды, ізденбейді, тіршілік етпейді, білім жинамайды, әйтеуір қарын тоқ болса болды. Қарынның тоқтығы – адам баласына мақсат емес. Ұрының да, кісі өлтірген адамның да қарыны тоқ болады. Ал біздің мұратымыз ол емес қой, адам баласының алдында мұраты, шамшырағы болуы керек. Сол мұратына жетсем дейді, сол мұратына жеткен адам ғана бақытты. Осындай қоғамда журналистердің негізгі міндеті, борышы – ұйықтаған, немқұрайды елді ояту.
Арғы-бергі тарихта да адамға тән жақсы қасиеттер біздің қанымызда бар болды, әлі де түгесілді дей алмаймын. Бірақ солардың ашылып, көрінуіне, білінуіне, сақталуына ұлттық идея, одан тарайтын идеология жұмыс істеу керек. Соларды іске асыратын, қоғамдық пікірді, сананы қалыптастыратын ол – журналистика. Осындай елде ғана журналистика «төртінші билік» қатарына көтеріледі. Кейбіреулер үшін қанша жерден жексұрын болып көрініп жатсақ та, болмаса «осылар ақ бірдеңені түрпектемесе жүре алмайды» деген сөзге қалсақ та, біз осыны атқаруымыз керек. Жауырды жаба тоқып, сылап сипап, жақсы көрініп, сұлу сөйлеп, қызыл сөзді қуырып, заржақтықпенен елдің алдына түсе алмаймыз. Қазір елге танымдық, селт еткізетін, қоғамға қозғау салатын, ойлы дүниелер керек, жылтырақтан әбден жерідік, тойдық.

Ұлтты біріктіретін идея мықты болу керек

– Осы ұлттық құндылықтарды дәріптеу «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сияқты мемлекеттік құжаттар аясында көп айтылды. Бірақ соның орындалуында кінәрат бар, себебі халықтың содан рухани жаңғыра қойғаны аздау…

– Бағдарламаның аты жақсы, соның шеңберінде «Тарих толқынында», мәңгілік мұраларымыз, ұлттық құндылықтарымыз туралы әдебиеттер шығарылды, мұны қолдаймын. Бірақ осыны айта-айта жауыр ғып, көрінген жерге араластырып, әбден халықты жеріндірді. Бұрын қазақ ұлты жайлы бай, асып-тасыған деп айтылмаса да қайырымдылық, кеңдік, қонақжайлылық, адалдық деген қасиеттері жағынан бай екендігі сөз болатын. Қазір сол мысқылға айналып бара жатыр және соған біздің етіміз үйреніп барады. Тыңдап, елең қылмай жүре береміз. Қашанғы осылай болады?

Өз басым Қазақ радиосына бүйрегім бұрып тұрады. Ондағы жастардың көбін білемін, танимын. Бұл жерде де әлемнің, елдің тынысын жеткізе алмай отыр, ал негізі радионың мүмкіншілігі шексіз ғой. Сосын өздері де үйреніп алған, ізденіс жоқ, интернеттен ала салады. Ал радио ел естімеген, елдің құлағына түспеген жаңалықтарды алдымен жеткізу керек. Мүмкіншілігі кең, уақыты көп, ұйымдастыруы оңай, қаражатты көп талап етпейді, аудиториясы ғажап, рөлде отырып та, үйде тамақ істеп жүріп те тыңдай бересің. Осындай арналарды кеңінен пайдаланған ел ғана көтеріледі, ұтады, алға шығады. 1930 жылдары Американы Рузвельт радио арқылы көтерген. Сөйтіп ол «Радио президент» деп аталып кеткені тарихтан белгілі.

– Бізге қандай идеология керек, оны қалай жасаймыз?

– Әлемді аузына қаратып отыр­ған АҚШ 1940-1955 жылдары 15 жыл бойы Америкаға қандай идеология қажет деген тақырыпта үлкен зерттеу жүргізіп, соған елдің барлық ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, зиялы қауымы түгел араласқан. Қаражатты аямай төгіп, сөйтіп қырық рудан құралған Америкадағы елдің бәрінің көңілінен шығатын идеологияны жасап алған. Соның арқасында одан сайын байып, қазір дүниежүзіне ақыл айтып отыр. Барлық ел соның қас қабағына қарайды. Оған ешкімнің тісі батпайды.

Ал біз не істеуіміз керек? Бәрі алға қойған ұлттық идеяға байланысты болады. Содан идеология шығады. Ұлттық идея деген стратегия, ол ұзақ уақытқа кетеді. Бәрі орын орнына келгенде ғана шынайы демократиялы ел боламыз, халық еркін тыныстайды, бойындағысын қоғамға береді, қоғам соның арқасында дамиды. Қысып тастаған жерде ашыла алмайсың, әлеуетіңді көрсете алмайсың. Адами сезімдері орнында тұрмағасын оның бәрі жартыкеш дүние. Қай кезде, қай жерде болмасын авторитарлық дүниенің нәтижесі осылай. Адамның адами әлеуетін пайдаланған елдерде жағдай дұрыс. Еркіндігін, әлеуетін пайдаланбай қысып тастайтын елдер құриды. «Қалауын тапса қар жанады» деп соны дұрыс ұйымдастыратын адамдар, билік керек. Соны қамшылап отыратын, дұрысы бұрысын айтатын журналистика қажет.

– Ұлт ұпайын түгендегенде алдымыздан бірінші шығатыны – тіл мәселесі. Жауыр болған қазақ тілінің мәртебесі туралы на айтасыз?

– Алдымен қазақтың тілінің қандай бай тіл екенін ұғыну маңыз­ды. Ғабит Мүсіреповтің бір сөзі бар: «Қазақтың сөзінің ғажаптығы сол – өмір бақи басы қосылмаған екі сөздің басын сәтті қоссаң, бір біріне сәулесін түсіреді» деген. Не деген тамаша сөз бұл. Қазақ тілі – түркітілдес елдер ішінде ең бай тіл. Сондықтан қазақ журналистикасында жазу үшін үлкен дайындық керек. Біз көркемдік, эстетикалық талғам, шеберлік дегенді басқаша бағалаймыз. Ал америкалықтар олай емес, олар бар, тұр, отыр деп жеткізе береді. Бастысы проблеманың мәнін ашса болды. Ал біз бір мәселені айтқанда сөздің майын тамызып, мақтамен бауыздап жеткіземіз. Осыған орай тілге байланысты Президенттің саясатын қолдаймын. Айтуы мен бағыты дұрыс. Енді біреулер тіл полициясын енгізсе деп айтып жатыр. Мүмкін ерте, мүмкін дәл уақыты шығар. Оны кесіп пішіп айта алмаймын. Бастысы мынау біз айтқандай бейғамдық сияқты жаман әдеттерден тыйылсақ, қазақ тілі өз тұғырына қонатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде қосарланған баптарды алып тастау керек деп жатыр, оның да жаны бар, кезі де келетін сияқты. Латын әліпбиіне көшудің өзі соның алғышарттары ғой.

Тіліміздің мәртебесі өзіміз түгілі өзге елдердің алдында қалай түскенін көрсететін мен көрген бір ғана мысал айтайын. Менің келінім Корея университетінде қазақ және түрік тілінен сабақ береді. Соның енді қазақ бөлімін жауып тастапты. Неге десе, кәрістердің жастары, студенттері Қазақстанға келгенде мұнда бәрі қазақша емес орысша сөйлейтінін көріп, оларға өз тілі керек емес екен, онда қазақ тілін несіне оқимыз, деп барлығы қазақ тілін оқудан бас тартыпты. Сөйтіп түрік тілі қалдырылып, қазақ тілі сабағы жабылған, кәріс жастары қазақ тілін бұрын оқығысы келетін, қазір оқығысы келмей қалды дейді. Міне, «Соқырға таяқ ұстатқандай» мысал.

Қазіргі мақсат – індет пен жұттан аман қалу

– Індет мың сан проблеманың үстіне тағы қиындықтар жамады. Пандемиямен қатар ылаң берген қандай мәселелердің шеті шыққанын байқадыңыз?

– Қазіргі ең үлкен проблема – пандемия кезінде ұлт денсаулығын ойлауымыз керек. Сонымен қатар жұттың белгілері бар, яғни әр-әр жерде қуаңшылық байқалып отыр. Сондай апаттардан абай болып, ұлтымызды азайтып алмаудың жайын ойлаған жөн. Өткенде Президенттің Жолдауда 11 мәселені қамтығаны айтылды. Қазіргі ең басты міндет – халықтың денсаулығы, екінші жемқорлықпен күрес. Халық қиын жағдайда отырғанда дәрі-дәрмекті тығып қою деген не масқара. Сондықтан бәрін қоя тұрып, өте актуалды, өте қажетті дүниелерді іріктеп алуымыз керек.
Жоғарыда айтқанымдай, қазақ тегінде мықты халық, ұпайымызды түгел ұстауға біздің халықтың ұлт ретіндегі ерекшеліктері, жер байлығы, ұйымшылдығы, өткен тарихы, дәстүрі, бәрі септік ете алады. Біз осынша байлықты, жерді, құндылықтарды аманаттап тастап кеткен ата-бабаларымыздың алдында борыштармыз. Олар ұлт ұпайын түгел жеткізді. Сондай керемет мүмкіндіктерді сақтап қалды, енді бізге соған лайықты болып, бар ұпайымыздан ажырап қалмау ғана қалды.

– Қазіргі таңда немен айналысып жатырсыз?

– Таңдамалы шығармаларымның 3 томдығын шығарып жатыр екен. «Профессордың парасат пайымдары» деп беріпті. Ол «Ана тіліне» шығыпты. Аннотациясын көріп қуанып отырмын. 70 жылдығым өтті білесіз. Соның аясындағы «Өнегелі өмір» деген серияның бір номері маған арналады деп ойламадым. Ғұмырыма, жүріп өткен жолыма байланысты кітап шықты. Сондай шаруалармен айналыстым. Жетпіс жылдығыма байланысты ЕҰУ мен ҚазҰУ-де халықаралық конференция ұйымдастырылды. Бүгінде Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директорымын. Бұл республикадағы бірден бір журналистика ғылымына бағытталған жалғыз орталық. Оның бітіргені де аз емес, 20-дан аса томдар шығарып, 7-8 ғылыми үш жылдық жобаларды сәтті аяқтадық. Журналистика ғылымын дамытуға барымызды салып жатырмыз. «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына байланысты 5 томдықтың 4 томын біз дайындап бердік. Қазақ радиосының 100 жылдығы өтеді, соған 1 қазан радиоқызметкерлері күні ретінде аталғаны жөн екенін Президент те айтты, енді солай болатын шығар деп отырмыз. Архивтік құжаттарды тізбелеп жүріп, деректердің негізінде Қазақ радиосына шын мәнінде қанша жыл екенін, биыл бір ғасыр болатынын дәлелдедім. Соның негізінде міне радионың 100 жылдығы аталып өткелі жатыр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 20 =