НАҒЫЗ ШЕБЕРЛЕР НЕКЕН-САЯҚ

0 303

Нұрлан АЙТБАЙ, «Шеберлер ауылының» жетекшісі:

«Ел іші – өнер кеніші». Соның ішінде қолөнер шебер­лерінің орны бір төбе. Өйткені, ұлттығымыздың нышаны, қазақылығымызға жақын, жан-жүрегіміз түйсінеді оны. Өнердің осы бірегей саласының иелері бүгінгідей жаһандану заманында да жансірілік танытып, ұлттың иісі аңқыған қолөнерімізді көздің қарашығындай сақтап, мейлінше дамытып жатқаны көңілге – медет, жанға – демеу. Осы саланың Астана тойында кең көрініс табатыны бәрімізге аян. Бұл біздің болмысымызды дүбірлі думанда алыс, жақын шет елдерден ат шалдырып келетін қонақтарға барынша танытады, қызықтырады. Тіпті, өзіміз де қолөнер бұйымдарын көргенде, көктен түскендей үйі­ріле қалатынымыз бар.

Осы тойға жер-жердегі қолөнершілерді бастап келетін елордадағы «Шеберлер ауылының» жетекшісі Нұрлан Айтбаймен әңгімеміз жоғарыдағы сөзіміздің жалғасындай-ақ.

– Астананың, өзіміздің бас шаһардың он бес жылдығын тойламақпыз. «Көппен көрген ұлы тойыңыз» осы шығар, сірә! Шеберлердің дайындығы қалай?
– Екі күннің бірінде болатын той емес қой бұл. Елорданың ме­рекесі. Және жылдағыдан ерек, салтанаты басқа болмақ. Ду­манның дүбірі жер жаратынын жүрек сезеді. Әйтеуір, жақсылықтың нышаны. Жақсы болмасақ, той қайдан табылсын?! Сондықтан, биылғы мерекеге
еліміздің түкпір-түкпірінен ағы­латын шеберлердің саны жүз елуді шамалайды. Әрине, жыл­дағыдан мол қарасы. Дайын­даған дүниелері де әрқилы.

– Мәселен?..
– Мәселен, ат әбзелдері, оның
ішінде ер-тұрман, үзенгі, тебін­гі, жүген… Зергерлік бұйым­дардан күмістен жасалған са­қина, сырға, бойтұмар, алқа… Ағаш шебер­лерінің қолы­нан шыққан дүниелер ше, шеті­нен көз сүріндіріп, таң­дай қақ­ты­ратындар. Домбыра, қоб­диша… Бір айта кетерлігі, біздің шеберлер кейінгі кездегі қолданыстағы дүниелерді жасап қана қоймайды, сонау ғасыр­ларда пайда болған, бүгінде ұмыт бола бастаған жә­дігерлерді де жаңғыртады. Егер бұларды көргісі, алғысы келген жұрт Астана тойында «Хан шатырдың жанындағы «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астанаға» келсін.

– «Мыңжылдықтар тоғы­сын­­дағы Астананы» ауызға ал­ған соң, әңгіме ауанын да соған бұрсақ… Биылғы тойға қан­дай жаңалықтармен келесіздер?
– Атап айтар жаңалығымыз мынау: ұсталар, зергерлер, басқа да қолөнершілер ниет таныт­қан­дарға шеберлік сыныптарын өт­­кізеді. Қанымыз қазақ емес пе? Ендеше, жанымыз да қазақ. Бұл шеберлік сыныптарына қаты­су­шылар көп болатынына сенімім мол. Десе де, осы орайда ойға келген бір мәселені ақтарғым келеді: бүгінгі шеберлердің, қолөнершілердің дені, иә, басым көпшілігі – егде кісілер. Жас­тары қырыққа таяған, елуді алқымдаған… Яғни, машақаты көп салаға машықтанған жастар сирек. Осыған қарап, «бүгінгі буын жалқауланып бара ма» де­ген ой ұялайды санаға.

– Сонда, әлгі жүз елудің ша­ма­сындағы шеберлердің шә­кірт­тері жоқ па?
– Шәкірт бар ғой. Әрқай­сы­сының тәрбиелеп жүрген бірді-екілі оқушысы бар. Солардың өзі бір-екі дүниенің жасалуын үйреніп алады да, «мен мықты қол­өнершімін» деп, кеуде қағып шығады. Көпке топырақ шашудан да аулақпын. Десе де, өнердің қиындығына төзер жігіттер аз, өте аз, нағыз шеберлер некен-саяқ.

– Біз ел арасында жүрген соң естіп жатамыз ғой елдің аузынан. Бүгінгі ұсталардың, зергерлердің жасаған дүние­лері өте қымбат тұрады екен. Онысымен қоймай сапасыз көрінеді…
– Оныңыз рас. Жаңа айттым ғой, нағыз шеберлер некен-саяқ деп. Міне, сол некен-саяқтың зат­тары қымбатына қымбат. Өйт­кені, сапасы бағасына жауап береді олардың. Ал, нашар шеберлер, қолөнершілер солардың бағасын көреді де, «өй, менің дәл сондай дүнием бар ғой. Неге оның бағасы ананыкінен кем болуы керек» деп, өздерінің сапасыз затына жоғары бағаны іледі. Содан кейін, жаңа айтылғандай, сөз ереді мықтылардың соңына. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» кері ғой.

– Ендеше, әлгі некен-саяқ мықты шеберлердің бір­не­ше­уінің есімдерін айта кеті­ңізші, жұрт біле жүрсін.
– Айтайын, зергерлерден Берік Әлібай, Амангелді Мұқажанов, Сержан Бәшіров бар. Ағаш ұста­ларының майталмандары деп Айдар­бек Молдахановты, Болат­бек Қалдаровты атаймын. Бұған тері бұйымдарымен ер-тоқым іспетті дүниелерді жасайтын Се­рік­қазы Нұрғалиевті, Ерлан Мәмбетқалиевті қосыңыз. Айт­пақшы, әулетімен қолөнерші Бейішбековтер отбасын ай­рық­ша атап айтсам, артықтық етпес. Берік деген ұлы, Венера деген қызы бар, «он саусақтарынан өнер тамғандар». Бұлардың қатарында есімдері аталма­ғандар да бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Асхат Райқұл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − eight =