«Нағыз қазақ – домбыра»

0 55

Осыдан екі жыл бұрын Елбасының Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Дәл осы күні ұлт рухының мерейі тасыған кезі болды деп ойлаймын. Қазақтың ұлттық саз аспаптарының ішінде домбыра мен қобыздың орны бөлек. Әсіресе, домбыраның күмбірлеген үнін естігенде селт етпейтін қазақ жоқ. Ғажап ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең жолы қасиетті аспаптың құндылығын асырып тұр.

Ұлтымыз жер бетінде қазақ болып жаралғалы бері домбыра сонымен бірге жасап келеді.
Халқымыздың ғажайып бір өнерінің түрі – күй. Бұл – бізге бабадан жалғасып келе жатқан асыл қазынамыз. Қос шекті домбыраның шанағынан төгілген күйді кез ­келген адам түсінбейді. Ол үшін жұмырбасты пенденің жаны қазақ болу керек. Күйдің тарихы көне дәуірден бастау алады. Әріге бармай-ақ, жұртымыз «Күй атасы – Құрманғазы» деп дәріптейтін дәулескер күйшінің өлмес шығармаларының өзі неге тұрады?! Дәл сондай Дәулеткерейдің, ­Қазанғаптың, ­Тәттімбет секілді саңлақ күйшілердің күйлерін тыңдағанда бойыңызды асқақ рух билеп, қазақ болып туғанына мақтанасыз. Осы ұлылардан қалған мұра бізге қасиетті қара домбыраның үнімен жетті. Олардың жолын кешегі Дина апамыздан бастап, Сүгір Әліұлы, Қали Жантілеуов, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Рысбай Ғабдиев секілді тарлан тұлғалар сәтті жалғас­тыра білді. Қазіргі жастардың арасында да домбыраның құлағында ойнайтын талантты өнерпаздар жетеді.
Қасиетті домбыра, қазіргі тілмен айтқанда, ұлттық брендіміз. Домбыра барда қазақтың рухы ешқашан өшпейді. Әр қазақтың шаңырағында домбыраның үні күмбірлеп тұрсын!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =