Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ: АСТАНАДАН АБАЙ МЕКТЕБIН АШУ КЕРЕК

0 243

ERA_1043 1

Ірі тұлғалардың ой-толғаныстарын жазып алу қажет

– Көргені көп, есті әңгіме тыңдағымыз келгенде сіздерді төңіректеп отыратынымыз рас. Астанада ат төбеліндей ғана ақылшы ағаларымыз бар екенсіздер. Сіз сол зиялы қауымның алдыңғы легімен 2000 жылы елордаға қоныс тептіңіз. Ел тарихын былай қойғанда, қала тарихы көз алдыңызда өтіп жатыр. 
Осы қала сіздің өміріңізге қандай ықпалын тигізді?

– Расында, Астанаға көшіп келгеніме биыл, міне, он төрт жыл болыпты. Содан бері не бітірдім, не істедім?.. Өзім де оңашада осылай жиі ойланам. Әрине, қыруар жұмыс атқарылды… Оны Қайрат Жұмағалиевтің маған арнаған екі өлеңінен аңғаруға болады. Бірін 2001 жылы жазыпты:

Отырмын өзім жайланып,
Бекіндім осы ойға анық.
Бірте-бірте Астана
Барады «Мырзатайланып», –

депті… Айтса айтқандай, Астанаға келе сала Еуразия ұлттық университетінің де, Астананың да мәртебесіне айтарлықтай жұмыс атқардық. 2008 жылы туған күнімде Қайрат ақын тағы да:

Өзің деп жүрегімді жырлатайын,
Атыңды туған елмен бірге атайын.
Ұлтыңды ұлықтаған қайраткерсің
Дүние тұрғанша тұр, Мырзатайым, –

депті. Қайран Қайрат-ай! Әппақ, ақ көңіл, кіршіксіз, жаны таза адам еді ғой! Осы бір өлең жолдарында қазақтың атақты ақыны Қайрат Жұмағалиев менің Астанаға, туған еліме, ұлтымызға деген кіршіксіз көңілімді анық жеткізген тәрізді.

– Біз көп жағдайда жанымызда жүрген жақсы адамдарды бағалай алмай жатамыз. Өмірден өткен соң тұлғаның бойындағысы мен ойындағысын сарқып алмағанымызға, көбірек әңгімелесіп, тереңірек танып үлгермегенімізге өкінеміз. Осылай талай жақсыдан қол үзіп, алдыңғы ізден көз жазып қалып жатқанымыз рас. Сіз қалай ойлайсыз, рухани сабақтастықты жалғау үшін бүгінгі уақта не істеуге болады?

– Қазақтың тірісінің бәрі жаман, өлісінің бәрі жақсы. Біз жанымыздағы жақсыны тірісінде бағалай білгеніміз жөн. Өз басым тәлім берген ұстаздарымды ерекше бағалаймын әрі мақтан тұтамын. Менің университетте оқытушы болып қалғаныма себепкер болған бірден бір кісі – адамзаттың бағына туған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов. Сол кісі біздің курсқа үш жыл қатарынан лекция оқыды. Ондай курс ҚазҰУ-дың тарихында болған емес. Бірінші курста Мұхаң қазақ халқының ауыз әдебиетінен, екінші курста «Абайтану» мен қырғыздың Манасынан лекция оқыды. Үшінші курста КСРО халықтары әдебиетінен сабақ берді. Осы күні ойлаймын ғой, сол кезде қолымызда қазіргідей диктафон болса, ұлы ұстаздың лекцияларын жазып алсақ, келешекте тозбайтын, көнермейтін, таптырмайтын рухани азық болар еді. Әуезов лекция оқығанда аузымызды ашып тыңдайтынбыз, әттең, лекциясы жазылмай қалды. Жазушы кез келген жиында төрде отырып, сөйлеп жүрді. Олар да жазылмады, сақталмады. Өйткені, құрал болған жоқ. Өкінішті-ақ. Сол секілді кезінде Өзбекәлі Жәнібековпен бірталай жыл қызметтес болдық. Ол кісінің өзгелер біле бермейтін бір қасиеті – сөзге шешен еді. Әңгімешіл кісі еді. Алматының тарихын керемет білетін. Жырдай қылып айтқанда, аузыңды ашып тыңдайсың. Сол кісіге: «Өзеке, сықиып галстук тағып, қызметпен жүре береміз бе? Сіз білгенді өзгелер біле бермейді. Алматы, Алматының адамдары, зиялылар туралы әңгімелеріңізді цикл-цикл қылып студияға жаздырып қоя берсек қайтеді» дедім. Және талай айттым. Сонда Өзекең: «Сен қайдағыны айтады екенсің, оған уақыт қайда?» деп ренжитін. Міне, сол әңгіме Өзбекәлінің өзімен бірге кетті. Ол кезде телеарнаны марқұм Сағат Әшімбаев басқаратын. Бұл мәселені Сағатқа да тапсырған едім. Тележурналистер асай-мүсейін арқалап талай келді. Оларға да: «Менен басқа жұмыстарың жоқ па?» деп, жолатпапты… Осындай-осындай олқылықтың орнын толтырайын деп 2000 жылы Еуразия университетіне ректор болып келгеннен кейін бір жұмысты бастамақ болдым. «Патриоттық тәрбие керек, сендер патриот болуларың керек» деп айта бергеннен біз жастарға патриоттық тәрбие бере алмаймыз. Соны іспен көрсетсек дедім. Сөйтіп, құны екі жарым миллион доллар тұратын үлкен телестудия кешенін алып, жастардың студиясын ашқым келді. Университеттен хабар түсіріп, елге таратып, жастардың тәрбиесімен айналыссақ дедім. Телеарналардың бірімен ортақтасамыз деп жоспарладық. Бірақ ол көп уақыт, көп күш-жігер талап ететін жұмыс еді. Сондықтан, университеттің ішкі өз студиясына айналдырдық. Кейін Ақселеуді қасыма алған соң есебін тауып, елордаға келген көргені көп, зиялы, қайраткер азаматтарды студияға шақырып, әңгімесін жаза берейік деп шештік. Олардың өмір туралы, бүгінгі қоғам, ұлт, заман туралы тебіреніс, толғаныстарын түгел жазып алып отырсақ дедік. Сөйтіп жүргенде қалаға Әбдіжәміл ағамыз келіп қалды. Әбең өзі анау-мынауға көне бермейтін адам ғой. Одан бір тележурналистің жеті минөт сұхбат алдым дегенін естіген емеспін. Әбекеңе хабарласып халін сұрадым. «Қалада қанша күн боласыз?» дедім. Ол кісі емханада жататынын айтты. Артынан емханаға бардым. «Әбе, ешкім сайтан емес, кеше өзіңізге қамқорлық жасаған, еліміздің бағына туған Әуезов, Мүсірепов, Мұқанов, Әбділдә ағамыз – бәрі кетті. Артында кітаптары ғана қалды. Өз бейнелері, ойлары, кейінгі ұрпаққа айтар өсиеті, ақылы жазылмады. Мен бір студия аштым. Соны сізден бастайын деп отырмын. Сіз келісім беріңіз, мәшине жіберемін. Ақселеу қасыңызда отырады. Шаршасаңыз, қоя қоямыз. Сіз өз аузыңызбен тебіреніп отырып, өзіңіздің өмірбаяныңызды айтыңыз» дедім. Әбекең бірден көне қоя ма, алдында көнбеді. «Не керегі бар» деді. Денсаулығын сылтауратты. Бірақ қанша қырсығып бақса да қоймай отырып, ақыры көндіріп, бірнеше күн бойы Нұрпейісовті сөйлеттік. Ұмытпасам, бір апта бойы Әбдіжәміл Нұрпейісовті мәшинемен алып кетіп жүріп, жеті жарым сағаттық әңгімесін жаздық. Тұлғаның өз сөзінің желісімен өмірбаяндық әңгімелер жаздым. Оны кейін «Асылдарым» дейтін кітабыма енгіздім. «Егемен Қазақстан» газетінің де алты санына жарық көрді. Содан соң кітап болып шықты. Сол тұста Мұхтар Құл-Мұхаммед мәдениет министрі еді. Әңгімелерді түгел оқып болғаннан кейін маған телефон шалды: «Мырзаға, сіз біздің журналистика, руханият саласында төңкеріс жасадыңыз. Нұрпейісовтің жан-дүниесін аштыңыз. Біз білмеппіз, ол керемет кісі екен ғой. Осы жазба арқылы өзімен тұстас қазақ интеллигенциясының жай-күйі, біраз тұлғаның бейнесі ашылған» деді.

– Нұрпейісовтің бейнежазбасы қазір қайда?

– Өзімде.

– Бір құндылықты сақтап отыр екенсіз ғой?

– Иә, заманында одан да құнды нәрсеге айналады ғой деп ойлаймын.

– Ал содан кейін басқа тұлғаларды жаза алмадыңыз ба?

– Жаза алмадым, өйткені, ол қызметтен кетіп қалдым. Менен кейін оны жалғастырайын деген адам болған жоқ.

Біз – тарихы жазылмаған халықпыз

– Жалпы, ұрпақ тәрбиелеуде тұлғатану үлкен рөл ойнайды ғой.

– Иә.

– Осы тұлғаларға тоқталғанда біз олардың еткен еңбегіне, жеткен жетістігіне, өнеріне баға беруіміз керек пе, әлде тұлғалық болмыстың бір қыры ретінде күнделікті тіршілігін, пендешілігін – бәрін-бәрін жасырмай жазуымыз қажет пе?

– Мұндайды Бельгер көп жазып жүрді. Содан кейін, естеріңде шығар, Қадыр Мырзалиев те жаза бастады, кітап қылып шығарды. Мен оны қолдамаймын. Қолдамайтыным – адам баласының бәрі пенде. Пенде болған соң оның істеген ісінің, сөйлеген сөзінің бәрі бірдей адамзатқа үлгі бола беруі мүмкін емес. Елге танылған тұлғалардың уақ-түйек әңгімесін қазбалап жүруді мен дұрыс деп есептемеймін. Мәселен, Әуезов адам баласы ғой. Әуезовтің отбасы, туғандары төңірегінде әңгіме болмады дейсің бе? Болды ғой кезінде. Әуезов пен Мұқановтың қарым-қатынасы қандай болғанын біз де білетін едік қой. Ал енді осыны қазбалаудың қандай қажеті бар?.. 2001 жылы мен, Ақселеу, Қойшығара – үшеуміз бірігіп, «Елтұтқа» дейтін кітап жаздық. Неге жаздық ол кітапты? Оқулықтар бар еді. Бірақ олардың ең үлкен кемшілігі – қазақ халқының тарихын саясатқа айналдырып жүрді. Ол кеңес заманынан, империя заманынан сіңіп қалған біздің қателігіміз еді. Ал өркениетті елдердің бәрі сүйенетін тәжірибе бойынша, ұлттың тарихын, елдің тарихын жасайтын – тұлғалар. Ол кітаптың атын «Елтұтқа» болсын деп, Ақселеу тапты. Кешегі ғұндар заманынан бергі елімізге тұтқа болған, осы елді, байтақ ұлы даланы басқарған, мемлекет құрған, оның руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген, қол бастаған, сөз бастаған ірі-ірі қайраткерлердің көбін біз осы кітапта қамтуға тырыстық. Сол кітап 2002 жылы еліміздегі ең көп оқылатын кітап аталды. Жер-жерден ел сұрап қоймаған соң ол кітапты өткен жылы қайта шығардым.

Сондықтан, кез келген жерден сығалап, кемшілік іздеп, белгілі тұлғалар төңірегінен әңгіме шығарғысы келгендердікін мен дұрыс деп есептемеймін.

– Сіз Еуразия университетінде ректор болып отырған тұста Күлтегін ескерткішінің көшірмесі әкелінді. Сондағы көздеген мақсатқа жеттіңіздер ме? Күлтегін ескерткішін ұлттық идеологияның, тәрбиенің қайнарына айналдыра алдық па?

– Еліне, халқына адал қызмет етіп жүрген ініміз Иманғали Тасмағамбетов Президентпен келісіп, Моңғолия жақпен тіл табысып, 2001 жылы сонау шалғайдағы Күлтегін ескерткішінің көшірмесін алып келді. Ондағы мақсат не? Күлтегін кім бұл? Ол – кешегі әлемді аузына қаратқан, үш ғасыр дүниенің төрт бұрышын билеген Түрк қағанатының қолбасшысы. Ол – құлдырап, қаусап қалған Түрк қағанатын қайта көтеріп, қайтадан үлкен мемлекетке айналдырған атақты ел билеуші Құтлық (Елтеріс) қағанның баласы. Ал Түрк қағанаты – түрік халықтарының мемлекеті, соның ішінде біздің, қазақ халқының тікелей ата-бабаларының қағанаты еді. Демек, Күлтегін қазақ халқының байырғы замандағы ірі тұлғасы, қолбасшысы еді. Сондықтан, оның ескерткішін әкелудегі мақсат, біріншіден, жастарға патриоттық тәрбие беру болса, екіншіден, тарихымыздың түпкі басы қайда жатқанын дәлелдеу еді. Сол үшін Күлтегін ескерткішінің көшірме нұсқасын әкеліп, университетіміздің қақ төріне орналастырдық. Оның бағасын біліп, Елбасымыз өзі келіп, ескерткішті ашып берген болатын, оны өзің де білесің.

– Сол ескерткіш біздің идеологиямыздың тұтқасына айнала алды ма?

– Күлтегін ескерткіші келгеннен кейін «Түркі өркениеті» деген үлкен халықаралық конференция өткіздік. Сол ескерткіш тұрған залдың қабырғасын айнала Күлтегін жырынан үзінділер жазғызып, Түрк халықтары жазуының тарихы музейін ашқан жоқпыз ба?! Университеттің бірінші курсына қабылданған студенттердің сол музейден өтуі міндеттелді. Студенттерге Күлтегін, түркі тарихы туралы лекция тыңдатуды жолға қойдық. Оның бәрі қазір қаншалықты жүзеге асып жатқанын білмеймін. Бірақ өз заманында осы ескерткіш арқылы жастарға тарихын ұқтырып, рухын оятуға қыруар жұмыс жасалды. Мен жалпы бұл ескерткіш босқа тұр деп ойламаймын. Күлтегін ескерткіші бүгінде еліміздің айбарына, халқымыздың рухына айналды.

– Жуырда Президентіміздің патриоттық тәрбие беру үшін тарихи фильмдер түсіруді міндеттегенін білесіз. Осы жайында не айтасыз?

– Біз тұтас тарихы жазылмаған елміз. Ендігі жерде қазақ тарихы толық, тұтас жазыла қояды деп ойламаймын. Өйткені, қазіргі тарихшылардың көбі қазақ тарихының белгілі бір кезеңдерімен ғана айналысады. Ал тұтас қазақ тарихын анық білетін, соны тұтас жаза алатын адамды қазір мен көріп отырған жоқпын. Мұндай игілікті істі атқара алатындардың ең соңы – Бекмаханов еді. Бекмахановқа жаздырған жоқ. Саясат жаздырмады. Империя қазақтың байтақ тарихын көрсеткісі келмеді, өткені жоқ ел деп көрсеткісі келді. Сөйтті де Қазақстанның тарихын өзгелер жазды. Өзге ұлттың өкілдері айналысты онымен. Олар еуроцентристік бағытта жазды. Сондықтан, ол біздің шынайы тарихымыз бола алған жоқ.

Империялық саясат Қазақты құраған хандарымыз бен билерімізді, ел қорғаған батырларымыз бен ақын жырауларымызды, халықтың сөзін сөйлеген дана кемеңгерлерімізді өзімізге жау қып көрсетті. Біз соған амалсыз иландық. Сол шовинистік саясаттың кесірінен біз өз тарихымызға өзіміз ие бола алмай қалдық. Бұл, түптеп келгенде, нәрестені анасының уызынан айырғанмен бірдей еді. Басқаны айтпағанда, хандық заманынан да ұрпақты иландыратын ештеңенің қалмауы халықты тарихынан айыру, тұлдыр қылу саясатының салдары еді. Бұған ешбір қазақтың кінәсі жоқ.

Жириновский секілді сұрқиялардың сандырағынан, Путин секілділердің қазақтың мемлекеті болмаған дейтін сөзінен мен бүгін шошимын. Тегі бір, атасы бір Украинаны тас-талқан қылып жатқан елдің пиғылынан қорқамын. Қазақтың басына қайта бұлт төнбесін деп Аллаға мың қайтара жалбыранамын…

Отан үшін туған адам шығармын
– Сонымен, Мырзатай аға, сіз Астанаға келгелі он төрт жылдың жүзі болыпты. Ақселеу ағамыз «көз алдымызда орысқол Ақмола қазақи Астанаға айналып келеді» деп, жас­тарды жігерлендіріп отырушы еді… Сіздер де осы қаланың қазақтың ұлттық рухани ордасына айналуына көп еңбек сіңірдіңіздер ғой.
– Иә, рас, біз осында алғаш келгенде қызметті Еуразия университетінен бастаппыз. Ол тұста бұл оқу орны пединститут пен құрылыс институтының қосылуынан құрылған, әлі жоғары оқу орнының дәстүрі қалыптаспаған мекеме екен. Бір-екі жылдың ішінде мен осы университеттің деңгейін көтердім. Сол университеттің деңгейімен бірге Астананың ғылым, білім, интеллектуалдық деңгейі көтерілді. Мен осында жүзден астам Қазақстанның атақты ғалымдарын әкелдім. Екі жылдың ішінде 200-дей ұстазға пәтер бергіздім. Олар осында үлкен ғылымның әр саласындағы мектептерін қалыптастырды. Бұл – бір. Екіншіден, Президент осы университетті ұлттық университетке айналдыру керек деп еді, мен жер-жерден қазақ руханиятын көтеретін азаматтарды шақырдым. Олардың басы Ақселеу болды, оны білесіңдер. Көптеген мамандар келді. Астанада айтыстың деңгейін көтердім. 2001 жылы халықаралық айтыс өткіздім. Содан кейін университетте қазақтың руханиятын көтеретін бірқатар мамандықтар аштым. Мысалы, айтыс ақындарын даярлайтын бөлім аштым. Оны терең зерттейтін зертхана аштым. Оған жер-жерде айтысып жүрген жас талапкерлерді жинадым. Қазіргі айтысып жүрген жастардың көбі осы Еуразия университетінен шықты. Бірақ мен кеткеннен кейін айтыс мамандығы да, зертхана да жабылды… Еуразия университетінде Түркология кафедрасын аштық. Орхон ескерткішінің толық атласын, Батыс Түрк қағанатының атласын шығардық. Соның нәтижесінде Еуразия университеті Қазақстандағы түркология ғылымының орталығына айнала бастады.
– Ақселеу ағамыз айтқандай, «үш ғасыр толғатқандағы» атлас па?
– Иә, Ақселеу марқұм тұсаукесерде: «Осы атласқа түркология ілімі үш ғасыр толғатты» деп еді. Бұл екі атлас та түркітануға қосылған өте елеулі еңбек болып шықты.
Жалпы, Астана бүгінде ғайыптан пайда болған қиял қаласы секілді, аз уақыттың ішінде әлемді таң қалдырып отыр. Бұл – Назарбаевтың көрегендігінің, көзсіз батырлығының нәтижесі. Аз ғана жылдың ішінде осындай Астана салған елді әлемнің тарихы білмейді. Біз Астанамызбен мақтана білуіміз керек. Астанаға тік тұрып қызмет ету – кез келген астаналықтың, қазақстандықтың парызы. Көптің бірі ретінде мен де солай қызмет етіп келемін. Кезінде Еуразия университетіне мектепті «Алтын белгімен» бітіргендерді жинап алып келген едім. Қазір «Алтын белгімен» бітіргендердің тең жартысы осы оқу ордасына келіп түсіп жатыр. Жақсы дәстүр жалғасын табуда. Бұл үлкен бақыт деп ойлаймын.
Тағы бір айтқым келгені, «Бәйтерек» монументі ашыларда, Ақселеу екеуміз бәйтерек туралы аңызды жазып берген едік. Ал 97 метр биіктіктегі, яғни Бәйтеректің ең биігіндегі «аялы алақан» Ақселеу марқұмның идеясы болатын. 2005 жылы қазақ тарихындағы тұңғыш Ақорда ашылғанда Әбіш, Ақселеу үшеуміздің атымыздан сөз сөйлеп, бата берген едім.
Қайбір жылы Президентке: «Біздің тарихымыз жазылмады. Ең болмаса, тәуелсіздік алғаннан бергі тарихымызды жүйелеп, жаза берейік те» деп, ұсыныс айтқан болатынмын. Өйткені, қазірдің өзінде тәуелсіз елімізге қатысты көп нәрсе жойылып барады. Кітапханаларға барып, қарасаңыз, газет-журналдарымыздағы ең қажетті, сақталуға тиіс деген тұстар ойылып-ойылып алынған. Жастар өзіне керекті мақаланы газеттен жыртып алып, қоймай жатыр. Сондықтан, көп нәрсе жойылып кетпей тұрғанда Қазақстанның тәуелсіздік шежіресін жасауға кірісу керек деп едім. Елбасы қолдап, қазір сол кітаптың 40 томы шықты. «Нұр Отан» партиясы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында әдейі ырым қылып, сол шежірені облыстарға таратқызған болатын. Биыл, құдай қаласа, сол шежіренің тағы он томын шығарып, жалпы елу томдықтың тұсауын кескелі отырмыз.
Одан кейін тағы бір біткен іс, Астанадан үлкен қақпа ашамыз, оны қалай атаймыз деп бізді шақырғанда: «Мәңгі ел босағасы» болсын деген едім. Өйткені, Түрік қағанатын тұрғызған Бумын бабамыз бен Естеми бабамыздың арманы Мәңгі ел орнату болатын. Сол кездесуде Несіпбек пе, Төлен бе – біреуі «мәңгі» деген сөздің екінші мағынасы бар ғой, одан да «Мәңгілік ел» болсын деді. «Мәңгілік ел» ескерткішіне де солай үлесімізді қостық. Таяуда ашылған ұлттық тарих музейінің алдындағы субұрқақ жанындағы сақ көсемдері ескерткішінің де авторы менмін.
Құдайға шүкір, Астанаға қызмет істеп жүрміз, жиындарға қатысып тұрамын. Бала-шаға жанымда, үйіміз Есілдің жағасында. Астанада екі шөберелі болдық. Екеуінің атын Әлихан, Елхан деп өзім қойдым. Аға деп, әлі ел іздеп тұрады. Бұдан артық қандай бақыт керек адамға?! Осы қалаға келгелі біраз кітаптарым шығыпты. «Сөзді ұғатын кез келді», жаңағы «Елтұтқа», атлас­тар. Одан кейін «Асылдарым» деген кітабым шықты. Сегіз томдық жинағым басылып, жарық көрді. Екі күй, біраз әндер шығардым.
– «Ұлбике» пьесасын жаздыңыз.
– Иә, «Ұлбикені» жазып, сахналадық. Осының бәрі де – аяулы Астананың шапағаты.
– Бұл қала, расында, сіздің жемісті шығармашылық өміріңізге арқау болып отыр екен. Ендігі арманыңыз қандай? Нені аңсайсыз?
– Осы ұлы далада арғы-бергі заманда мектеп те, университет те, академия да болмаған. Бірақ әрқайсысы бір өзі мектеп, бір өзі университет, бір өзі академия бола алатындай даналар туған. Мәселен, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абай… Кешегі өткен Мұқағали… Қазақ табиғатынан шешен халық, көсем халық, айтқыш халық, тапқыш халық. Біз осы шешендігімізден айырыла бастадық қазір. Тіліміз шұбарлана бастады. Теледидардағы бағдарламаларды қарап отырсаң байқайсың, жаңа сөз жасаушылар көбейді. Бұнымен әсіресе журналис­тер әуестенуде. Тіл, сөз ғасырлар бойы қалыптасады. Абай болу керек.
Жалпы, мен жаңа заманның Абайы туса екен деп армандаймын. Туады деп ойлаймын. Қазақтың бұрынғы ұлы қасиеттерін, шешендігін, көсемдігін, даналығын, ақылдылығын сақтап, ары қарай дамыту үшін не керек? Төле бидің мектебі керек. Абай мектебі керек. Сондай екі мектеп Астанадан ашылса деймін. Егер осындай қазақтың игі қасиеттерін кейінгі ұрпақтың бойына дарытуға жұмыс істейтін даналық мектебі ашылар болса, мен бар, Әбіш бар, Төлен бар – бәріміз сонда жүрер ме едік. Балаларға білгенімізді айтып, үйретіп, даналыққа, көсемдікке, шешендікке баулысақ, қанеки. Қазіргі ең үлкен арманым – осы.
– Біз, жастар бойкүйездікке салынып, кейде уақытты дұрыс пайдалана алмай жатамыз. Ал сіздің толқын, сіздің қатарластарыңыздың көбі жанталасып жұмыс істеп, қыруар тірлікке шырмалып отырады. Сіз де қай кезде сұхбат алсақ та, жаңа идея, жаңа ой айтып отыратын қалпыңыздан жаңылған емессіз. Осының сыры неде?
– Қазақта сөз бар ғой, «көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген. Бұл өмірде көрген-білгенің артып, жасың ұлғайған сайын кейінгі ұрпаққа айтарың да артып, жаңа ойлар туа бере ме деп ойлаймын. Мен өз басым, мысалы, отбасым үшін көп шаруа істемейтін адаммын. Кейде осы мен Отан үшін туған адам шығармын деп ойлаймын. Өйткені, шынымен де күні-түні ойлатыным елдің жайы. Бәріміз де солай ойлауымыз керек. Өйткені, тәуелсіздік, елдің болашағы жалғыз Президентімізге ғана керек емес, бәрімізге керек. Ел болашағы – бәріміздің ұрпағымыздың болашағы. Алғаш тәуелсіздік алған аласапыран жылдары Президентіміздің жанында болдым. Ел деп, жер деп, ол кісінің ұйқысының шала болып жүргенін көрдім. Біз де өз мойнымызға міндет артып, азды-көпті елге еңбек сіңіруге, қол ұшын тигізуге тырыстық. Алдына үлкен мақсат қойып, ұлы мұраттар ұстанған елде ешқашан шаруа бітпейді. Қазақтың кез келгені ұлтының қамын ойлауы керек. Адам болған соң, артыңда белгі қалу керек. Жатсаң жата бересің, «жалқау жатып семіреді».
Президентіміздің кешегі Ұлытаудың төрінде, Әулиебұлақтың басында отырып толғанғаны бәріміздің де жүрегімізді қозғады, тебірентті. Бұл шын мәніндегі қазақтың тізгінін ұстап, көшін бастаған кісінің қазаққа арнайы айтылған сөзі болды. Тарихи сөз! Елбасының жанайқайы! Қалың қазақ осы бір сөздің байыбына барып, түп тереңін түсінсе деп тілеймін. Өйткені, кешегі Әз Төледен, Қазыбек, Әйтеке билерден, Бұқар жыраудан, Абайдан кейін қазақтың санасына сіңіріп, арғы-бергіні, келешекті қамтып осылай айтқан өзге кісі болған жоқ. Елбасының өзін де тебіренткен, қалың қазағын да тебіренткен асыл сөздің қадіріне жете білсек екен деймін.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 + thirteen =