«МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНДАҒЫ АСТАНА»

0 149

«Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты бабалар өркениетінің фестивалі төрт күн бойы елорда тойының көркін асырып, салтанатын жарастырды. Шатыр астындағы шаттық, отау ішіндегі ойын-сауық, жәрмеңкедегі сауда-саттық, киіз үйлердегі тағылымды дәрістер, дулыға-сауытты дүлей батырлар, құсбегі, атбегілердің өнері… бәрі-бәрі осы ауылдың еншісінде.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана5

Алматылықтардың Астана тойына тартуы. Ағаш шебері Нұржан Ділманов шәкірттерімен шеберлік сыныбын өткізді. Ұлттық аспаптың 53 түрін жасайтын шебер жұмысты шеберханада жасаған бір бөлек, халықтың алдында жасаған бір бөлек екенін айтады.
Күй күмбірімен ортекені ойнақтатқан домбырашының өнері көпшілікті тәнті етті.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана6

«Ат жалында» атты шабандоздар думаны. Тұлпар тізгіндеген жігіттер шапқыншылық жылдарындағы қазақ батырларының ерлігін айшықтады. Найзаласудың, қылыштасудың, жамбы атудың ғажап үлгілерін көрсетті. Ауыздықпен алысқан сәйгүлік үстіндегі қынама белбеу байлап, бес қаруын түгел асынған айбоз ұлдардың айқасы делебемізді қоздырып, сонау бір ғасырды көз алдымызға әкелгені рас.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана4

Елорда мерекесіне ат шалдырып келген өзбек, тәжік ұлттары өкілдерінің өнері тойдың шаттығын әрледі. «Ұзын сирақтарына» қарамай секіре билеп, дабыл қағып думандатқан ала шапандыларды қызықтаған қонақтар да аз емес. Ән ырғағымен белдесіп, алысқан ағайындарымыздың өнерін көрермен фотосуретке түсіріп әлек.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана2

Оңтүстік Қазақстан өңірінің қолөнершілері киіз басудан шеберлік сыныбын өткізді. Олар түтілген қой жүнін ши бетіне орналастыра жүріп, киіздің пайдалы қасиеттері жайында әңгімеледі. Қызығушылық танытқан елордалықтар қазақ ауылындағы тіршілікке бір сәт еніп кеткендей күй кешті. Шебер Таңшолпан Ібіжанова бұл өнердің әжесінен дарығанын айтады.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана

Қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесінің саудасы қызу жүрді. «Қазақы тақияның өрнегі қандай әдемі!» деп тамсанады арулар.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана3

«Бұлғары садақ, бұқар жай,
Тарта алмасам маған серт!»
Бел күшіме шыдамай,
Беліңнен кетсең саған серт!
деген қазақ батыры адырнаны кере тартып, сұр жебені нысанаға дәлдей қадады.

Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана1

Мерекенің думанын асырған – бүлдіршіндер. Ұлттық нақышпен әрленген алаңқай балалардың күлкісімен, ойынымен думанға толды.

Әзірлеген: Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =