МЫҢЖЫЛДЫҚТАР ТОҒЫСЫНАН БІР МЕЗЕТ

0 102

көшпенділер өркениетінің фестивалі

Кеше «Ханшатыр» сауда және ойын-сауық орталығының оң қапталынан тұрғызылған этноауылда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпенділер өркениетінің фестивалі шымылдығын түрді. Сонау бір ғасырдағы қазақ дала көрінісін бүгінге жеткізген мерекелік шара төрт күнге созылмақ.

Фестиваль еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушылардың шеруімен басталды. Жаяу Мұсаның әніне билеген көпшіліктің думаны тартымды концертке ұласты. Кеште «Ақ жарма» этно-фольклорлық, «Наз» мемлекеттік би ансамбльдері, «Сабо» атты өзбек бишілерінің тобы, қырғызстандық беларусь қызы Юля Руцская өнер көрсетті. Көпшілік Маңғыстау облысынан келген Қуыршақ театрының қойылымына дән риза болды.

Фестивальдің алғашқы күнінде тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен бәсеке басталып кетті. Кәнігі шеберлер киіз басудан шеберлік сыныбына әзірлік үстінде. «Ат жалында» атты шабандоздар думаны қонақтарға таңдай қақтырмай қоймады. Шара барысында қазақ батырлары най­заласып, қылыштасып, жекпе-жекке шықса, айдай арудың жолында жамбы көздеді. Содан кейін көкпар тартысып, қыз қуу ойынын көрсетті.

Жұртшылықты қызықтырғаны – қолөнер бұйымдарының жәр­меңкесі. Еліміздің аймақ­тарынан және түркі тілдес елдерден келген зергер, ұста, шеберлер өз қолдарынан шыққан бұйымдарын саудаға қойған. Олардың жаймаларында ер-тұрман секілді ат әбзелдері, қылыш, қанжар, айбалта, қалқан, теріден тігілген әмиянның түр-түрі, саздан жа­салған құмыра, ыдыс-аяқтар, сазсырнайлар, әшекей бұйымдары, қазақы тақия бар.

Жастарды маңына үйіріп, саз балшықты илеудің, кәдеге жара­тудың тәсілдерін үйретіп отырған түркістандық Абай Рысбаевты аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Астана тойына алғаш рет келуіңіз бе?

– Жоқ, жыл сайын келемін. Бас шаһарымыздың тойы күллі қазақтың мерекесі емес пе? Сон­дықтан, тойға өнерімізбен шашу шашқымыз келеді. Әр жылы мерекеден қалмауға тырысамын.

– Саз балшықты илеп, пайдалы бұ­йым­ға айналдыруды қайдан үйрендіңіз?

– Әкемнен қалған мирас дей алмаймын. Алматыдағы көркемсурет училищесінде оқыдым ғой. Қолыма дипломымды алғаннан бері кәсібім осы. Қазақстанның біраз жерінде еңбек еттім мамандығыммен. Егемендігімізді алғалы нарықтық заман басталды. Содан кейін қолымыздан кел­генін пұлдауға кірістік. Сұраныс көңіл қуантады. Бала-шағаның нәпақасын айыруға жетіп жатыр.

– Шәкірт тәрбиелейсіз де, мұнда ма­ңыңызға жастарды жинап алыпсыз?..

– Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Түркістан қаласынан қолөнершілер мектебін ашып берген. Сонда ұстаздық етемін. Өзіміздің шеберханамыз бар. Тәлім алушылардың қатары жыл санап көбею үстінде.

Алдағы уақытта еліміздегі қолөнердің ауқымы кеңейіп, дами түсетініне сенімдімін.

– Ұл-қыздарыңыздың арасында жолыңызды қуғандар бар ма?

– Төрт қыз, бір ұлым бар. Ұлым, міне, әрдайым қасымда. Екі қызым менің маман­дығымды игеріп, жұмыс істеп жүр.
Абай шебер әңгімесінің арасында саз балшықты дайындаудың жолдары, құмы­ралардың түрлері және бұл өнердің тарихы төңірегінде сөз қаузады.
Мерекелік көшпенділер фестивалі туралы келесі санымызда кеңінен жазатын боламыз.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − five =