МЫҢЖЫЛДЫҚ МЕГАПОЛИСI

0 93

Көкпен таласқан тауэрлерге, зәулiм үймереттерге, заңғар ғимараттарға, Астана, құдды, сәулет өнерiнiң подиумында сұлулық сынатып қойғандай. Алғашқы алған әсерiмiзден түйгенiмiз де осы болды. Сол жақ жағалаудың әйбаттығын одан ары бағамдау үшiн, жазған құлдарыңыз, әсiре эстеттiк қарым қажет екенiн түсiндi және провинциалдық таптаурын талғамның оған жетпейтiнiне және көз жеткiздi. Әйтпесе, таңданыс пен толғаныстан туған әсер әркiмде-ақ болар…
…Еуразияның кiндiгi деп аталып жүр ғой Астана. Бұл оның жағыра­пиялық жағдайынан ғана емес, бүкiл болмысынан да байқалатындай. Кисе Курокаваның идеялары азиялық ажар­ды айшықтаса, Норман Фостердiң туындылары еуропалық реңк беретiн­дей бас шаһарға. Бiзге солай көрiндi, әйтеуiр.
Ал, көрiп көңiл марқайтатын дүниелер де көп. Тым көп. Шығыстан Батысқа бағыт алған Мыңжылдық аллеясындағы «Ханшатыр», «Бәйте­рек», «Пирамида», «Қазақ елiнiң» өзi «өзiң тойсаң да, көзiң тоймайтын» күй кештiредi екен. Көңiлдегi күйдi еселей түсетiн және бiр жайт – бұл аллеяның әлi де сәулет өнерiнiң небiр жақұт­тарымен толыға түсуi мүмкiн екендiгi. Кейбiрiнiң сұлба-сипаты бүгiнде белгiлi. Мәселенки, 2017 жылғы Дүниежүзiлiк көрме өтетiн алапат павильон.113 гектараумаққа тұрғы­зыл­мақ бұл нысан, алдымен Құдай, кейiн жыл соңында Брюссельдегi арнайы комиссия құп көрсе. Тым әрiден қаузағандай көрiне ме? Бұл қаланың басты ерекшелiгi де болашақ­қа батыл болжам жасауға бейiлдi қылады екен.
Одан былайғы әр нысан өзiнше еректiгiмен екшелгiсi келетiндей. Тiптi, ортанқол мейрамханалар мен дүкен­дер­дiң өзi. Бұл да болса, бас қаладағы бақ емес бап шабатын бәсекелестiк барын бiлдiретiн секiлдi…
Әйдiк шаһардағы алғашқы әсерiмiз, кейбiр тұста, тiптi, пафосты көрiнуi кәдiк жоғары ноталы назымдарға жетеледi. Масайрауға ұласқан мақта­ныш, толғанысқа ұласқан таңданыс биледi бойымызды.
Алайда, Есiлдiң iлгерiде айтқан жағалауынан да қаттырақ әсер еткенi – бас шаһардың бұрынғы орталығы болды. Өйткенi, мың шақырымнан астам қашықтықта қалған туған қала­мызды еске түсiрдi. Мұнда да, кеңес кезiндегi үйлер қаншалықты абатталса да, көнелiгi көрiнiп тұр. Онда да, қала­да қанша сенбiлiк өтсе де, қоқыс көп­теу. Бастысы, ол қала да, оң жақ жа­ғалау секiлдi – сол жақ жағалаудағы Астанаға қарап бет түзеп келедi.
Астана – өжет жоба. Өжеттiгi өзгелердiң бойында өзiне теңесуге құштарлық туғызуында.

Нұрберген МАҚЫМ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − six =