Мыңмен жалғыз алысқан…

0 58

Биыл барша ел болып қазақ ұлтының біртуар перзенті, данышпан, ағартушы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр­ғанымыз белгілі. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қойды және Мемлекет басшысының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшінарнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кеткенін, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айта келіп, былай деп атап көрсетеді: «Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек. Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебие­тінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды».
Иә, Абай данышпандығын халқымыз үнемі қастерлеумен келеді. ХХ ғасыр басында Алашорда көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Одан асқан қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ. Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» десе, қазіргі кезеңдегі белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов «Абайдың адамгершілік мұраттары» атты кітабында, ұлы ақынның «Адам болам десеңіз» деген тезисін талдай келіп, Абай өз заманының теңдесі жоқ ойшылы, оның адам болу туралы ойларының рухани өзекті желісін жетерліктей танып білу қастерлі міндеттеріміздің бірі екеніне баса мән бере келіп, ұлы ойшылдың 175 жылдығына арналған іс-шаралардың ұрпақ санасының көкжиегін кеңейтуге, қалың жұртшылық тəрбие-тағылым алатындай маңызды, мағыналы істер атқаруға зор серпін беретініне назар аударады.
Қай халықтың болмасын өсіп-өркендеуі, ақыл-ойы мен санасының, әдебиеті мен мәдениетінің, өнері мен білімінің, қысқасы, бүкіл рухани жан дүниесінің дамуы, жалпы адамзаттық өркениетке ұмтылысы сол халықтың өміріне, ұлт ретінде адами болмысы мен рухына іргелі бетбұрыс жасаушы ұлы дарындардың тарихи еңбегімен, қайталанбас қайраткерлік тұлғасымен тығыз байланысты болады.
Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, философ – Абай. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтей білген ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы болды.
Абай – қазақ халқының ар-ожданы, мақтанышы және намысы. Себебі дүниежүзілік ауқымға сай қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған адам – Абай. Абай – өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпенділер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға.
Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасыр­дағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отыр­мыз.
Абай халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады.
Қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол – оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы болып саналады. Абай – халықтың үлгі тұтар қайраткер тұлғасы, данышпандық пен парасаттылықтың қайнар көзі.
2020 жылы аталып өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы – күллі адамзат баласына ортақ мейрам. Атаулы күнді барынша кең ауқымда атап өту мақсатында көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр. Жас шамасына қарамай, әрбіріміз ұлы ақынның мерейтойлық жылын жоғары деңгейде өткізуге үлесімізді қосуымыз қажет.
Қазақта Абай – біреу, Абай – шың, Абай – дария, Абай – кәусар бұлақ. Абай болмысы бөлек, тот баспас алтын десек те жарасады. Себебі Абай мұрасының берер тәлім-тәрбиесі, тағылымы телегей-теңіз. Талай ұрпақ Абай туындыларымен сусындап, оның тұжырымынан нәр алып, пәлсапалық талғамына жүгіну арқылы өмірдегі бағыттарын, соқпақты жолдарының бедерін айқындап келеді. Абай – мына жарық дүниеде небәрі 59 жыл ғана қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешіп, адамзат баласы айтар ой-пікірдің, толғамның, ақылды насихаттаудың ғылыми тұжырымдамасын жасап, даналықтың шыңын бағындырып кеткен текті тұлға. Хакім Абай – жай ғана ақын емес, ақындардың пайғамбары. Жай ғана ойшыл емес, тереңнен толғақты ой тербеткен ақберен абызымыз.
Мың жылда дүниеге бір рет келіп, әлемде сирек кездесетін таланттың қазақ топырағында туып, қазаққа мұра болып қалуы мақтан тұтарлық жайт.
Абайдың ұлылығын танып, оның даналығын мойындаған әлем 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтті. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі ірі елдердің бас қалалары Дели, Каир, Берлиндегі белді көшелердің бірі Абайдың есімімен аталса, Лондонда Абай үйі ашылып, Стамбұл, Тегеран, Будапешт, Мәскеудегі оның тас мүсіні қала көркін ажарландырып тұр.
Киелі қазақ жерінде туған ұлы таланттың шығармашылығы қазақтың ұшқан құс қанаты талатын сайын даласын шарықтай өтіп әлемнің осындай ірі орталықтарында орын тебуі, сөз жоқ, Абайды жаңа дәуірдің де мойындағанының көрсеткіші.
Абай әлемі шексіз, әрі оның ой түйінін шешу де тереңде жатыр. Егер Абайдың гуманистік әлеміне тереңірек үңіліп зерделер болсақ, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сынды ойшылдардың адамгершілік идеяларының озық үлгілерімен байытылып, астасып жатқанын байқаймыз.
Бір қуантарлығы, жыл сайын Абай күндерін өткізген сайын оның аруағына тағзым ету, шығармашылығын, мұрасын насихаттап, оны кейінгі жеткіншек ұрпаққа жеткізу жақсы дәстүр болып жалғасып келеді. Солай болуы тиіс те. Өйткені әлем орбитасында қазақ – Абайды, Абай – қазақты танытты. Бұл – екеуі егіз ұғым. Оны бөліп-жарып қарау қарама-қайшылық тудыратыны әлімсақтан белгілі.
Егер Абай туралы сөз қозғала қалса, әңгіменің ауанын оның шыққан ортасына қарай бұру тектілікке сілтейді. Сонау тым әріден қаузамай-ақ, бергі аталары Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбайдан таратып, түп-тегіне үңілетін болсақ, тектіліктің қайнары қайда жатқанына көз жеткіземіз. Атам қазақ «Асыл – асылға, нәсіл – нәсілге» тартады демекші, Абайдың да осындай ғұламалық биікке көтеріліп, данышпандық өрелікке жетуі бірінші кезекте түпкі тамырының асылдығына, тектілігіне байланысты.
Сөз реті келгенде айтып өтейін, осыдан біраз бұрын мұқым алаш жұрты Ер Жәнібектің үш жүз жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өтті. Енді тарих шежіресін зерделесек, Ер Жәнібектің батыр серігі, ақылшысы, қаруласы Ырғызбай болған екен.
Осы Ырғызбайдың тас бүркіп, құм шайнаған ержүрек өжеттілігін, қайсарлығын байқап, толағай мінезіне тәнті болған Ер Жәнібек өзінің қарындасы Ермекті қалың мал сұрамастан оған жар етіп берген екен. Сондағысы, мұндай алыптардан мықты ұрпақ тарайды деп сенген. Ақыры үміті алдамай, Ырғызбайдан Өскенбай туады. Өскенбай да қара жаяу адам емес, заманының қара қылды қақ жарған, таразыны тең ұстап, тура сөзді бетке айт­қан атақты төбе билердің бірі болған. Кеңгірбайдан кейінгі билік айту, дау шешу қасиеті Өскенбайға дарыған. Сөзіміз тұшымды болуы үшін, ел аузында «Ісің адал болса, мақсатың ақ болса, Өскенбайға бар» деген ұстаным қалған.
Одан кейінгі Құнанбай бабамыз да үлкен тұлға, парасатты жан болды. Өкінішке қарай, Кеңестік дәуірдің қысымы оның бейнесін жеккөрінішті етіп көрсетуге тырысып бақты. Алайда кейінгі зерттеулер, түсірілген фильмдер шындықтың бетін ашып, әділеттілікті қалпына келтіріп, Құнанбайдың қазақ өміріндегі орасан зор рөлін айқындап берді.
Ал Абайдың әжесі Зере анамыздан жеткен тәлім-тәрбиені болашақ аналар, жастар зердесіне сәуле етіп алса, артық болмас деп ойлаймын. Зередей қасиетті анамыз Құнанбайдай арда ұлды емізіп, одан Абайдай ғұлама туған. Осыншама киелі ұрпақ жалғасқан текті тұқымдағы Зере ананың бір ерекшелігі – ол кісі дәрет алмай, омырауын жумай, тілін кәлимаға келтіріп «біссмиллә» демей, нәрестесін емізбеген.
Негізінен, Зере анамыз өте ақылды, терең ойлы кісі болған. Тағы да сөзім дәлелді болу үшін бір мысал келтіре кетейін. Бөжейдің асы берілетін болып, жан-жақтан меймандар шақырылады. Сонда Зере анамыз балаларын, келіндерін жинап алып: «Балаларым мен келіндерім, төбеңмен жүріп қыз­мет қыл! Қонағыңның отымен кіріп, күлімен шық. Ердің сыны шабуыл мен шаптығуда емес, кішіпейіл мейірде! Шалдықсаң да қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап күт! Дабырайып желігіп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын жүріп күтіңдер» деп тапсырған екен. Бұдан шығар қорытынды бұл әулетте үлгі аларлық, бүгінгі заманның жастарына тұтқа боларлық ескірмеген құндылықтар жетіп артылады. Қазіргі келіндер, жастар, осы үлгілерді мұрат етсе жаман болмасы анық.
Керек десеңіз, бүгінгі қазақ жастары өмірдің мәнін түсіну үшін Абайдың туындыларын парақтап, одан ғибратты үлгі алып жатқанының да куәсі болып жүрміз. Абайдың «Бес нәрседен қашық бол» дегені жақсылық пен жамандықты сараптауда маңызды рөл атқарып тұрған жоқ па? Жасыратыны жоқ, қазіргі қоғамымыздың дертіне айналған өсек, өтірік, екіжүзділік, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қасиеттерді сынау арқылы, жастарды осындай кеселден бойларын аулақ салуға үгіттейді. Еріншектік, надандықтан қашпақ керек дейді.
«Абай – дария, мен сол дария­дан шөмішпен қалқып қана алдым» деп Мұхтар Әуезов айт­қандай, Абай туындыларының мазмұны терең, айтар ойы биік, көзқарасы ерекше, тағылымы телегей теңіз болғандықтан, берер тәлім-тәрбиесі де ұлағатты деп есептеймін. Ол, әсіресе, жастардың психологиялық ой-өрісін қалыптастырып, оларды білімге, ағартушылыққа талаптандырып, осы жолда қызығушылығын тудырып, санасын оятуда көп еңбек сіңірді. Жастарды бойын жаман әдептен аулақ ұстауға, жақсылыққа жанасуға үгіттеді.
Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Міне, осы қасиетті бо­йына сіңірген адамның келешегі зор, болашағы айқын. Адам баласының мәдениетін, парасатын тұлғалайтын да осы қасиеттер деп ұғынамын. Бұл да бүгінгі жастарымызға керек-ақ.
«Адамның мінезі өзгермейді деген адамның тілін кесер едім» дейді Хакім Абай. Расында бойындағы керітартпалықтан арылып, көркем мінез қалыптастыру адамның тікелей өзіне байланысты екенін ескерткендей.
Енді бір сөзінде «Ата-­анадан туғанда бала есті болып тумайды» дейді. Демек, адамзаттың жинаған бай тарихи тәжірибесін өмір сүру арқылы қалыптастырып, бойына сіңіретінін ескертіп соған сілтейді.
Ал «Ары бар, ұяты бар үлкенге сен, Өзі зордың болады ығы да зор» деуі көргені көп, түйгені мәнді, үлкендерден тәлім алып, үлкендерді сыйлап, олардың айтқандарын ақыл тұтса, одан жастардың жамандық көрмейтінін де шегелеп жеткізіп, кімнен үлгі алу керек екенін айт­қызбай-ақ ұғындырып тұрғандай. «Адам бол – мал тап!», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деуі нәпақаңды тек адал еңбектен тауып, сол жолда ерінбеу керектігіне меңзеп, тек еңбек қана адамдық қасиетті қалыптастырудың құралы деп тұрғандай.
Жасыратыны жоқ, қазіргі жастарымыздың екі құлағы тығындаулы, көздері компьютермен тұмшалаулы, ойларының арнасы «айфон», «смартфон», «айпадтармен» бітеулі. Осындай қоғам дертіне шалдыққан жастардың санасын сауықтыру, ойын жарықтандыру, қиялын өрістету, ақылын асылдандыру үшін Абай шығармаларын оқуға, Абай туындыларын зерделеуге, Абайдан шыққан ақылға бұра аламыз ба? Міне, бұл – үлкен маңызды мәселе. Ұрпағымыз білімді, халқымыз парасатты, мәдениетті болу үшін жастар тәрбиесімен айналысып жүрген мамандар осы жағын терең ойластыруы керек.
Рас, Абай – суалмайтын, тартылмайтын дария. Оның жағасына талай ұрпақ келіп рухани шөлін қандырған. Талай ұрпақ әлі де келеді. Себебі ол – кемеңгерліктің асқар шыңы. Кезінде Абайды бір белгілі рудың, ауылдың дәріптеп жүрген ақыны болар деп ойлаған Ахмет Байтұрсыновтың қолына 1903 жылы Абай өлеңдері жазылған дәптер түседі. Абайдың шығармашылығымен етене танысып, ғибрат алған Ахмет «Абай дарынды тұлға екен» деп бұрынғы жаңсақ пікірін жоққа шығарған екен. Содан бастап Абайды оқуға бет бұрып тұрып «Абайға тереңдеп бара алмай жатқанымыз – оның тілінің қиындығы. Ол Абайдың кінәсі емес, Абайдың деңгейіне жете алмай жүрген оқырманның кінәсі» деп ой түйіндеген екен.
Астана қаласындағы Абай ескерткіші жанында соңғы жылдары дәстүрге айналған келелі жиындар болып тұратынынан жұртшылық хабардар шығар. Оған еліміздің марқасқа белді тұлғалары, жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысады. Міне, осындай басқосулардың бірінде қарт журналист Моисей Михайлович Гольдберг толғақты пікір айтып, ой тастады. Ол кісі соның алдында ғана Ресей Президенті В.Путиннің қолынан орыстың данышпан ақыны А.С.Пушкин құрметіне тағайындалған «Пушкин» медалін алыпты. Ендігі ойы осындай игі дәстүр Қазақстанда да жалғасып, «Абай» медалі дүниеге келсе екен деп тілейді. Несі бар, өте орынды пікір. Мемлекеттік мінберде «Абай» медалі табысталып жатса, ол біздің елдігіміз, Абай мұрасына деген зор құрметіміз болар еді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қазақ халқы көкнөсер ақындарынан, дарабоз жазушылары мен данышпандарынан, тектілерінен кенде болмаса да, Абай біреу екені ақиқат. Абай – әлі де жұмбақ әлем, биік шың. Абайдың мәңгі өлмейтін туындылары қазақ елін тербей түссін.
Абай айтқан «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» дегендей, мазмұнды, маңызды, қымбат әрі өмірден қанат алған даналық күллі қазақ халқының, қазақ қоғамының басында бола берсін.
Абай өмір сүрген заман мен қазіргі уақыттағы адамдардың сана-сезімі, ой-өрісі, өркениеттік даму деңгейі түрлі болғанмен, ұлы ойшыл насихаттаған, өз туындылары арқылы болашақ ұрпаққа жеткізбек болған ойлары, бүгінгі күні де өз құнын еш жоғалтқан емес. Керісінше, қазақтың дара ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің «Атақты ақын – сөзі алтын хәкім Абайға» атты өлеңінде:
Тыныш ұйықта қабіріңде,
уайым жеме,
«Қор болды қайран сөзім
босқа!» деме.
Артыңда қазақтың
жас балалары
Сөзіңді көсем қылып,
жүрер жөнге!
Ай, жыл өтер, дүние көшін
тартар,
Өлтіріп талай жанды,
жүгін артар.
Көз ашып, жұртың ояу
болған сайын,
Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар, – деп айтқанындай, дана Абайдың өмірі, мұрасы уақыт өткен сайын қазақ қоғамында ғана емес, күллі әлемде өз орнын тауып, мойындалып келе жатқаны – бүгінгі күннің ақиқаты.
Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңсеміз биік болып, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-­өнегесі ХХІ ғасыр­дағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 6 =