Мың тұяқтың дүбірі – бір Тұяқтың саусағы

0 26

«Астана» концерт залында көрнекті күйші, композитор, Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің туғанына 70 жыл толуына орай «Сыр тұнған сырбаз жүрегің» атты еске алу кеші өтті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі ұйымдастырған кеште өнерпаздың репертуарындағы күйлер мен төл туындылары орындалды.

Тұяқберді Шәмелов – Қали Жантілеуов секілді дәулескер күйшінің дәстүрін жалғастырған дарынды күйші болды. Құрманғазы оркестрінде қырық жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп, қатардағы домбырашыдан бас концертмейс­тер, көркемдік жетекші дәрежесіне дейін көтерілді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Абыл, Сейтек, Мәмен сынды күйшілердің мұрасын кеңінен насихаттады. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің дуалы ауызымен «Мың тұяқтың дүбірі – бір Тұяқтың саусағы» атанған күйші оркестр құрамында да, жеке орындаушы ретінде де Франция, Италия, Корея, Ауғанстан, Португалия, Пәкістан, Қытай, Германия сынды шет елдерде болып, қазақ халқының музыка өнерін әлем жұртшылығына таныс­тыра білді. Құрманғазы атындағы І республикалық орындаушылар байқауының лауреаты атанды. Кеште сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов осыны атап өтті.
Тұяқберді Қажыгерейұлы – Мәмен мектебінің өкілі. Ізденісінің арқасында Мөңке би Тілеуұлының төрт күйін тауып, оның табиғаты мен тарихын хаттап, нотаға түсірді. Алғашқы болып орындады.
Композитор ретінде жазған әндері белгілі әншілердің репертуарына енді. Мәселен, ақын Әбдірахман Асылбековпен бірлестікте туындатқан «Ауылымды сағындым» әнін халыққа Нұрлан Өнербаев танытты. Еске алу кешінде бұл туындыны Әкімхан Мәженов шырқады. Басқа әндері мен күйлерді халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары – Естай Айтқұлов, Диана Май, Роза Исаева, Мұратбек Хайролда, Сәкен Бекжанов, Айдын Жұмабай, Алтынбек Әбілда, Әйгерім Нартүйе, Нұрбол Балапанов, Ботагөз Тәшімова, Талғат Аллабиринов, Анар Мұздаханова, Алтынбек Арыстанбек, Жексембек Нұржауов, Бибігүл Тыныштық орындады.
Әншілер мен домбырашыларды астаналық филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекші – бас дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, дирижер – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) сүйемелдеп, кештің әрін кіргізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + seven =