©2020 Астана Ақшамы
Мың түлек тәжірибеден өтеді
Елордада мың түлек жастар тәжірибесінен өтеді. Бұл тәсіл жас мамандарға бастапқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.
«Жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектеріне арналған осы жоба бойынша былтыр 836 жас тәжірибеден өтсе, биыл 1 мың адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталығында 220 жұмыс берушімен жастар тәжірибесін ұйымдастыру жөнінде келісімшарт жасалды. Қаңтар айынан бастап жастар тәжірибесіне 189 түлек жіберілді» дейді Орталықтың бөлім басшысы Наталья Борисова.
Жарты жылға созылатын жұмыстың әр айы үшін жобаға қатысушыға 81 345 теңге көлемінде жалақы төленеді. Әдетте, осы кезеңде өздерін жақсы көрсетіп,
тиянақты жұмыс істеген жас мамандар штатқа қабылданады. Мәселен, былтыр осы жоба бойынша тәжірибеден өткен жас мамандардың 50 пайызы тұрақты жұмысқа орналасыпты.
Жобаға қатысушы оқуын артық дегенде үш жыл бұрын тәмамдап, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ жасы 29 жастан аспауы керек.
Жастар тәжірибесіне қатысушылардың еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Жұмыс уақытша болғандықтан, тәжірибеден өту кезінде тұрақты және бос жұмыс орындары пайдаланылмайды.