МЫҢ ТАҒЗЫМ САҒАН, МАЙДАНГЕР

0 310

ррр

«Неменеге жетістің бала батыр,
Қариялар азайып бара жатыр…» дейді ғой Мұқағали.
Қатарлары күн санап сиреген майдангерлердің салмағы күн санап арта түскенін де сеземіз. Отанымызды жау оғынан, дұшпан табанынан қорғаған қарт жауынгерлердің саны Астананың өзінде екі жүздің үстінде ғана.

Бас шаһар қарт жауынгерлерге құрметін аяп жатқан жоқ. Әрқайсысын жалғызындай мәпелеуде. Жеңіс күні тақағаннан қомақты жәрдемақысын береді, медицинасы қамсыз, басқа да көмектер ұшан-теңіз. Тек бір демалыс орны көңілдерін күпті етіп жүрген еді… Оның да көп ұзамай шешілетін түрі бар. Ең өкініштісі, жыл басталғаннан бері соғыстың өртін көрген он бес майдангер о дүниелік болыпты.

Күні кеше елордадағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Хамзеұлымен тілдесе қалғанымыз бар еді. «Астанада тұратын әр майдангер көңілден тыс емес һәм баспанасыз емес. Проблемалары түгелге жуық шешілген» деді. (Айтпақшы, ол жақында Қаматай деген қариямыздан айырылып қалғанымызды да өкінішпен жеткізді). Әлдебір ағайындарымыздың қайбір жылы ауылдағы «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» тұрған атасын Астанаға сүйрегенін көзіміз көрген. Сондағы пиғылы – пәтер алу ғой. Бұл – «байдың асын байғұс қызғаныптының» кері емес. Атаның маңдай терінің рахатын ұрпағы көргенге не жетсін?! Ол рахаттың өтеуі ұрпақтан қайтса, тіпті, игі!.. Иә, бас қала қарт жауынгеріне үйден қағажу көрсеткен жоқ.

Жуырда тағы бір жайсыз жаңалықты құлағымыз шалып қалған-ды. Жалғыз басты соғыс ардагері кеудесіндегі бүкіл орден-медалін қолды қылыпты. «Журналистпіз. Газетке шығарамыз» деп үйіне барған алаяқтар қарияны «суретке түсіреміз» деген сылтаумен марапаттарының бәрін кеудесіне ілгізіп, артынан қалталарына басып, зым-зия жоғалған ғой. «Періштені жолдан тайдырған алтын» мен платина Совет заманындағы орден-медальдің құнын тәуелсіз елде де жоғалтпаған екен… Біздің естуімізше, майдан даласындағы өр ерліктің өлшемі болған «темір-терсектің» бағасы бүгінде бір қымбат көлікпен пара-пар көрінеді.

«Сендерге ертегі ғой» деп күрсінетін еді апам зұлмат жылдардың алағай да бұлағай күндерінен естелік шерткенде. Иә, ертегі-сынды. Адамның қанын белуарынан кешіп, от пен оқтың бел ортасынан бүгінге аман-есен жеткен әлгі ақсақалдар соғыстағы солдат өмірінен сыр ақтарса, миығынан күлетіндеріміз бар. Тыныштық пен бейбітшілікте, баршылықта жетілген буынбыз ғой. Құдай дүрбелеңінен сақтасыншы дүниені, бізді, әйтеуір…

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =