«МЫҢ БАЛАНЫҢ» МЕРЕЙІ

0 97

Биылғы жылы мәдениет саласы үшін табысты болды. Бірнеше отандық кино көрерменге жол тартып, театр қойылымдарының тұсаукесері өтіп, бірнеше орындаушының ән жинағы тыңдармандар қолына тиді. Десе де, осылардың ішінде қоғамдық пікір туғызып, құнды дүниеге айналған бірегей жобалар да бар. Қазақтың сондай сәтті жобаларының бірегейі – Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» кинокартинасы.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киносту­дия­сы­ның бұл өнімі бұған дейін түсірілген тари­хи фильмдердің ішіндегі шоқтығы биігіне айналды. Фильмді халықтың төбесіне көтеріп, өзге фильмдерден жоғары қоюының бірнеше себе­бі бар. Біріншіден, өн бойына ұлты­мыз­дың азат­тық жолын­дағы ұлы күрестері туралы қанмен жазылған тарихын сыйдырған. Әңгі­ме­нің ашығы, бұған дейін түсірілген тарихи фильм­дер­ден әлде­қайда сапалы әрі нанымды. Екінші­ден, рөл­дерді сомда­ған актерлер кәсіби мамандар болмағанымен, бас-басына жүктелген міндеттерін орындай білді. Басты кейіпкерлерді сомдаған жас актерлер Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Құралай Анарбековалар аға буын өкілдері Ерік Жолжақсынов, Төлеубек Аралбай, Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Нұрлан Әлімжан сынды актерлерден еш кем түскен жоқ. Үшіншіден, фильмді түсіру жұмысына жұмылдырылған мамандардың басым бөлігі, яғни, 99 пайызы – қазақстандық. Нағыз қазақтың төлтума туындысы.

Ақан Сатаевтың айтуынша, басты және қосалқы рөлдерге ие болу үшін кастингке 22 мыңнан астам үміткер қатысқан. Түсірілім алаңында бес жүзге тарта отандық БАҚ, сонымен қатар, «The Independent», «Hollywood Reporter», «Variety» секілді әлемдік ірі медиа өкілдері де болған. Түсірілімнің 90 пайызы далада жүргізілуіне байланысты ауа райы қолайсыздығының кедергі келтірген кездері болыпты. Соған қарамастан актерлер екі ай бойы шеберліктерін шыңдап, атпен шабуды, садақ тартуды меңгерді. Қазақтың «Мың баласын» түсіруге 15-тей мемлекет атсалысқан. Сондай-ақ, дыбыс монтажы Францияда жасалды. Фильмді барлық қазақ көрмес бұрын, Канн фестивалі аясындағы кинонарықта жаңа қазақстандық туынды алғашқы драфт нұсқа­ларымен-ақ көрсетілді. Әлемдік деңгейдегі кино мамандары фильмнің сапасына оң бағасын берді.

«Жаужүрек мың бала» кино әлемінің ең үлкен жүлдесі «Оскар» сыйлығына үміткер ретінде қатысып еді. Осыдан бір апта бұрын аталған сыйлықтың ақтық сынына өткен фильмдердің шорт-парағы жарияланған болатын. Бірақ, ол тізімде қазақ киносының аты аталып, түсі түстелмеген. Осыған орай, Ақан Сатаев әлеуметтік желілердегі парақшасына «Өкінішті… Бірақ, бұл біздің жігерімізді құм қылмай, шабытымызды шыңдап, алда бұдан да жақсы кино түсіруге талпындырады» деп жазған екен.

Дәл осы жазбаға оқырмандар көп пікір біл­діріпті. Оның түйіні мынау: «Жаужүрек мың бала» Оскар сыйлығынсыз-ақ мойындалған. Қазақ елінің ықыласы шетелдік байқаулардан да ыстық».

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =