Музыкаға махаббаты Мәскеуге жеткізді

0 116

Жуырда Мәскеудің ұлттар үйінде Гүлзар Ғабдрахманның «Музыкаға деген махаббатпен» атты жеке концерті өтті. Талантты да, талапты қазақ әншісі – Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі. Қазір Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтының магистратурасында оқып жатыр. Ұстазы – белгілі әнші, Ресей халық әртісі Лариса Долина.Өнер Гүлзардың бойына ата қанымен дарыған. Атасы Игілік Омаров қазаққа аты мәлім әнші еді. Бірақ түбегейлі өнер жолын қумай, туған ауылында талай жыл мұғалім болды. Гүлзар да бастапқыда әнші боламын деп ойламады. Ақпараттандыру және журналист мамандықтарын меңгерді. Алайда өнерге құштарлығы жеңіп, осы жолға түсті. Табыссыз емес. Осы күнге дейін көптеген республикалық және халықаралық байқауларға қатысты. Екі жыл бұрын Лондонда өткен «Альбион жұлдыздары-2019» халықаралық байқауында халық әні «Япурайды» орындап, бас жүлдені иеленді. Бұл байқауға 26 мемлекеттен 40 әнші қатысқан еді. Гүлзар солардың бәрінен өнерімен озды.
Ресей астанасының жұртшылығы да оның өнеріне алғаш рет «Мәскеу әлем халықтары ырғақтарында» атты халықаралық фестивалінде қол соққан. Осы жолы да қазақ әншісін орындарынан тік тұрып қарсы алды. Жеке концертін бір сағаттан аса тапжылмай отырып тамашалады.
Гүлзар кешін «Мен қазақтың қызымын» әнімен бастап, Кәкімбек Салықовтың атасына арнаған «Әншілердің әншісі» туындысымен жалғастырды. Тұманды Альбион еліңде жұлдызын жандырған «Япурайды» шырқады. Қазақ киносының классикасына айналған «Тақиялы періште» фильміндегі Александр Зацепиннің «Мама» әнін айтып, осы кинотуындыны еске түсірді.
Әншінің репертуарында «Түнгі Астана», «Астана таңы» атты әндер де бар. Кезінде Роза Рымбаеваның орындауында таралған Раймонд Паульстың «Махаббат келді», орыс және ағылшын тілдеріндегі басқа да белгілі әндерді шырқады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =