Музыка және өнер мектептері біріктіріле ме?

0 40

«Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төтенше жағдай мерзімінде 5 миллион дана медициналық маска сатып алды. Бұл қорғаныш құралдары елорданың дәріханалары арқылы халыққа жетті. Компания әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға коммуналдық төлемдерді төлеп беруге де атсалысты. Тиісті қаржыны «Астана-ЕРЦ» ЖШС тұтынушыларға бөлді. Сондай-ақ корпорация иелігіндегі тұрғын емес жайлар 20 наурыздан бастап шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдікпен жалға беріле бастады. Жеңілдіктер 19 маусымға дейін жүреді.Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында осыны «Astana» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Рүстем Қуанышбаев баяндады. Аталған жиында корпорация­ның жұмысы талқыланды. Соның ішінде компанияға сенімді басқаруға берілген кәсіпорындар жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселесі қаралды.
– Осы жылы корпорация әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 18 түрінің бағасын тұрақтандыруға 2,4 млрд теңге бөлді. Баға әдетте Жаңа жыл қарсаңында, нақтырақ айтсам, желтоқсан айында, қыс бойы және көктем айларында көтеріліп жатады. Біз «Шапағат», «Артем», «Рахмет», «Биг Шанхай» базарлары, «Магнум», «Кең март», «Астықжан», «Вкус март», «Ақ мол» сауда желілерімен жұмыс істеп, бағаны ұстап тұрамыз, – дейді Р.Қуанышбаев.
Оның айтуынша, «Астана Тазалық» ЖШС-ке арнайы техниканы сатып алуға 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмыс былтырғы күзде басталып, бірнеше кезеңмен жүретін болды. «Астана Зеленстрой» серіктестігінің жаңа техникасына 1,7 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ «Астана Орманы» компаниясына техника алуға да қаржы қарастырылды.
Қаланың Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы Ерсін Өтебаевтың мәлімдеуінше, шаһардың коммуналдық меншігінде 347 заңды тұлға бар. 2017 жылдан бастап осы жылдың бірінші тоқсанына дейін заңды тұлғалар 29-ға қысқарды. Яғни бұған дейін 376 заңды тұлға болған. 2019 жылдан бері квазисекторды оңтайландыру жүргізіліп жатқанын айтқан ол бұл бағыттағы жұмыстармен таныстырды.
Осыдан екі жылдай бұрын қаладағы №1, 2, 3 музыка мектептерін біріктіру, №1 және 2 өнер мектептерін балалар көркемсурет мектебіне қосу мәселесі көтеріліп, ата-аналар мен мектеп бас­шылары наразылық таныт­қан соң, ешнәрсе өзгерген жоқ. Биыл бұл мәселе қайтадан қолға алынды. Қалалық мәслихат депутаттары мен Білім басқармасы болса бұған қарсы.
– Қалада екі Оқушылар сарайы бар. Бірақ екеуі де оң жағалауда орналасқан. Сол жағалауда осындай нысан жоқ. Қосымша білім мәселесін ойлауымыз керек. Балаларды ақы-пұлсыз оқытатын музыка мектептері мен секцияларды көбейтуіміз керек. Біз болсақ оларды қысқартпақпыз. Мен оған қарсымын. Ата-­аналар да наразы. Балалар жүрген жерде үнемдеудің қажеті жоқ, – дейді мәслихат депутаты Рамзия Өмірбаева.
Ерсін Өтебаевтың пікірінше, музыка және өнер мектептерінің бірігуі саланың дамуы үшін керек. Оның ешқандай кері әсері жоқ. Мәселе заңды тұлғалар санын азайтуында болып отыр. «Жақсы бір менеджер біріккен мекемелердің жұмысын тамаша ұйымдас­тыра алады деп ойлаймыз» дейді ол.
Қалалық Білім басқармасы музыка және өнер мектептерінің бірігуіне қарсы. Бұл туралы хатты аталмыш басқарма Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасына жөнелтіп үлгерді.
– Дәл қазіргі жағдайда қалада білім саласын оңтайландыру орынсыз болады деп есептейміз. Өйт­кені балаларды қосымша біліммен қамту әлі де тиісті деңгейде емес. 11 қосымша білім ұйы­мының 150 филиалы бар. Олар қаланың әр жерінде орналасқан. Бір директор осыншама филиалды басқара алмайды. Білім және ғылым министрлігінің саясаты қосымша білім желісін қысқартуға емес, керісінше, кеңейтуге бағытталады, – дейді қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан ­Қадырова.
Рамзия Өмірбаеваның есебінше, музыка және өнер мектептерінің әкімшілігінде төрт адамнан артық жұмыс істемейді. Сондықтан оңтайландыру қаржы үнемдеуге айтарлықтай әсерін тигізбейді.
– Күні кеше ғана сол жағалаудағы «Инфинити» тұрғын үй кешені тұрғындары қосымша білімнің фи­лиалдарын көбейту мәселесін көтерді. Білім туралы заңға сәйкес мектеп басшылары әр оқушының өмірі мен денсаулығына жауапты. Сондықтан директорларды қысқартуға болмайды, – деді депутат.
Отырысты жүргізген қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мирас Шекенов елімізде білім саласына көп эксперимент жасалғанын айта келе, содан сала жақсармай, керісінше, кері кеткенін жеткізді.
– Сондықтан қосымша білімді оңтайландыруды асықпайық. Білім басқармасының позициясы түсінікті. Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасы тиісті анықтаманы дайындасын. Бұл мәселені жақсылап қарап, жан-жақты келу керек, – деді М.Шекенов.
Қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров денсаулық сақтау саласын оңтайландыру нәтиже бермегенін айтып, мысал ретінде біріктірілген онкология және инфекциялық аурухананы келтірді. Басқа депутаттар да оңтайландыруға қатысты, «Astana» ӘКК» АҚ жұмысы тиімділігіне бірқатар сын айтты. Соған сәйкес корпорация басшылығына ескертпелер бағытталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =