«Музыка археологының» мұрасы

0 96

Этноорганолог ғалым, өнертану ғылымдарының кандидаты Болат Сарыбаевтың музыкатануға, соның ішінде аспаптану ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол өткен ғасырдың ортасынан осы ғылымға ден қойып, қазақтың ұмыт болған отыздан астам аспабын қайта жаңғыртты. Сол үшін ел оны «Музыка археологы» атандырған. Жақында оның еңбегі туралы жан-жақты баяндайтын «Болат Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары» атты кітап жарық көрді. Ұлттық музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты құрастырып шығарған бұл аса құнды кітаптың таныстырылымында белгілі музыкатанушылар осы жайында салмақты ойларын өрбітті.Сарыбаевқа дейін қазақтың ұлттық аспаптары қатарында тек домбыра, қобыз, сыбызғы аталатын. Ал Болат Шамғалиұлы аталған аспаптарға қоса жетіген, шертер, асатаяқ, дудыға, қоңырау, үскірік, сазсырнай, қоссырнай, тас­тауық, қурай-ысқырық, үшпілдек, ысқырауық, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней, даңғыра, сылдырмақты қамшы, т. б. осы сияқты қазақтың отыздан астам түрлі музыкалық аспаптары бар екенін дәлелдеп қана қоймай, олардың орындалу ерекшеліктеріне байланысты топқа бөліп жіктеп, музыкалық аспаптардың классификациялық жүйесін қалыптастырды. Ғалымның бұл еңбегі қазірге дейін «Сарыбаев кестесі» немесе «Сарыбаевтың музыкалық аспаптар картасы» деп аталады. Сонымен қатар зерттеуші әртүрлі ұлттың төрт жүзге жуық музыкалық аспаптарын да ел арасынан жинаған. Қазір Сарыбаевтың аспаптар коллекциясы Ұлттық музейде сақталып тұр.
– Ұлттық музей ашылғанда, қорымызға 307 музыкалық аспап келіп түсті. Бірақ бұл аспаптар туралы деректер еш жерде жоқ болып шықты. Болат Сарыбаевтың коллекциясынан алынғаны анық еді. Бізге барлық деректерді нақтылау үшін Болат Сарыбаевтың ағасы Шора Шамғалиұлымен кездесіп, аспаптанушының архивімен жұмыс істеуге тура келді. Негізі, «Болат Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабын үш жыл бұрын, ғалымның 90 жылдығына орай шығаруды жоспарлағанбыз. Бірақ бұл жұмыс әртүрлі жағдайлармен кейінге шегеріле беріп, оның сәті биылға түсті. Дайындық кезеңінде шәкірті Жарқын Шәкәрімге де жоспарымызды айт­қанбыз. Сонда ол кісі балаша қуанып, батасын берді, – дейді кітаптың жалпы редакциясын басқарып, ғылыми редакторы болған «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ақан Оңғарұлы.
Кезінде Болат Сарыбаев тұрған үйді зерттеушінің музей-үйіне айналдыру жоспары болған. Бірақ ол іске аспай қалды. Бұл туралы қынжыла айтқан белгілі күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған Сарыбаевтың аспаптарды зерттеу­дегі еңбегіне тоқталды.
– Құрманғазы атындағы консерваторияны ең алғаш алты адам бітірді. Бұл – Шамғон Қажығалиев, Фуат Мансұров, Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастанов және Болат Сарыбаев. Ахаң, Ахмет Жұ­банов­тың мықтылығы болуы керек, әрқайсысын музыканың әр саласына бағыттай білді. Мықты дирижерлер де, қобызшылар да, домбырашы-күйшілер де осы алты адамның арасынан шықты. Ал Болат Сарыбаев өнерге шын беріліп, бүкіл өмірін аспаптарды жинауға арнады. Сол арқылы қазақ өнеріне үлкен олжа салды, – деді А.Тоқтаған.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Болат Сарыбаевтың қазақ және орыс тілдерінде «Қазақтың ұлттық аспаптары» атты еңбегі жарық көрді. Жаңа еңбек соның негізінде дайындалды. Бұған аспаптанушының елу шақты мақаласы, әр музыкалық аспаптың сипаттамасы, фотосуреттер енгізілген. Бұл туралы айтқан кітаптың жауапты редакторы, Күйшілер одағының төрағасы
Рүстем Нүркенов кітапты дайындау барысымен таныстырды.
Қазақ ұлттық аспаптарын жинап, зерттеумен ең алғаш ХІХ ғасырда Альберт Эйхгорн дейтін неміс азаматы айналысқан екен. Әскери оркестрдің капельмейс­тері болған ол қазақ даласына келгенде ұлттық аспаптарымыз­дың үніне қайран қалған. Арнайы альбом шығарып, жинаған деректерді Санкт-Петербургке жөнелткен. Бұдан кейін көптеген ұлттық аспаптарды Болат Сарыбаев жаңғыртты. «Революцияға дейінгі Қазақстанның халықтық музыкалық аспаптары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған ол «Шертер», «Ғасыр­лар пернесі», «Отырар сазы» фольклорлық ансамбльдерінің құрылуына негіз қалады. Белгілі күйші, күй зерттеуші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай осындай деректерді келтіріп, Болат Сарыбаевтың аспаптанудағы ерен еңбегіне тоқталды.
«Болат Сарыбаев. Қазақтың музыкалық аспаптары» кітабының сарапшысы болған музыкатанушы Айгүл Байбек, Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының «Сарыарқа» ­фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Тоғжан Жахин ойларын өрбітті.
Болат Шамғалиұлы жаңғыртқан аспаптардың бірі – сазсырнай. Кейіннен бұл аспапқа арналған шығармалар да жазылды. Бұл қатарда Сейдолла Бәйтерековтің «Кішкентай» және Ермұрат Үсеновтің «Көңілді арбакеш» композицияларын айтуға болады. Осыған тоқталған музыкант Роман Бұрқаш жиналғандарға сазсырнайдың үнін тыңдатты.
Бұған қоса, таныстырылым кезінде шертер шертіліп, сыбызғы сызылды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды