«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Музыка әлеміндегі математик

0 457

Жас пианист, композитор, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының ең жас лауреаты, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы – Рахат-Би Әбдісағин.

Өтіп бара жатқан аптаның сейсенбісінде жас пианист, композитор, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының ең жас лауреаты, былтыр елімізде алғаш ұйымдастырылған «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Рахат-Би Әбдісағиннің «Зымыран заман» атты авторлық концертін «Астана-­Опера» театрында тамашалап отырып, есіме Ақан серінің әніндегі «Құлагер, шешең сұңқар, әкең тұлпар, соғып ең дөненіңде сегіз арқар» деген жолдар түсті.

Оның мәнісі мынада: Рахат-Бидің ата-анасы – өз салаларында биіктерге жеткен ха­лыққа белгілі адам­дар. Дарынды музыканттың елорда төрінде өткен алғашқы авторлық концертінде сегіз ірі масштабтағы симфониялық туындысы орындалды. Бір ғана мәселе бар, қазақ дөнен деп нағыз бабына келген төрт жасар жылқыны атайды. Бұл теңеу қырыққа жақындаған бізге келетін шығар, ал 19 жастағы Рахат-Би құлын кезінен өнер додасына түсіп, қазір тайдай тегеурінді байқатып тұр.
Әке арманы… Рахат-Бидің әкесі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Төлеген Қожамқұлов пианино мен баянды еркін тартады. Жыр атасы – Жамбыл туған өлкенің баласы домбыраны әу бастан меңгерген. Бірақ өнерді емес, ғылым жолын таңдады.
Сөйтсе де, осыдан отыз екі жыл бұрын Украина астанасы Киевте физиканың жаңа саласы «кванттық хромодинамика» бағытында Кеңес Одағындағы тұңғыш докторлық диссертация қорғағанда шаттанып, «Жан элегиясы» атты музыкалық шығарманы жазды. «Менің физикадан жасап жүргенім де музыка, үлкен симфония дер едім. Оны құлақпен естімейсің, көзбен көрмейсің, мимен көресің. Бүгінгі ғылыми жұмыстарым – мидың музыкасы» деп айтқаны да бар. Қазақ ұлттық музыка академиясының Құрметті профессоры атанғаны да тегін емес.
Әкенің өнердегі шықпаған биігіне баласы қол созды. Он жасында алғашқы шығармасын жазған Рахат-Биді қазір ел «Қазақтың Моцарты» деп атайды. Осы күндерге дейін симфониялық оркестрлерге және камералық ансамбльдерге арналған 100-ден астам классикалық музыка туындыларын жазды. Бұл туындылар Лондон, Вена, Париж, Берлин, Бейжің, Прага, т.б. әлемнің көптеген ірі қалаларында орындалды. Шығармаларының партитурасы «Verlag Neue Musik Berlin» (Германия) және «Композитор» (Ресей) сынды беделді баспа үйлерінде жарық көріп жатыр.
«Атадан ұл туса игі, ата жо­лын қуса игі» деп қазақ айт­қандай, Рахат-Би математиканы да ұмытқан жоқ. 14 жасында математика мен заманауи музыканың байланысын зерттеп, ғылыми еңбек жазды. Бұл жұмысын Мәскеуде өткен «Математика және жобалау» атты ғылыми жобалардың VІІ халықаралық конкурсында тамаша қорғап шығып, бірінші орын алды. Осы еңбегі кітап болып та шықты.
«Дыбыс дегеніміз – серпінді толқындар. Бұл толқындар математикалық формулалар арқылы анықталады. Сондықтан да математика мен музыканы ғаламды билейтін гармония деп есептеймін. Математикадағы «0» ұғымы мені ерекше толғандырады. «0» – тыныштық, яғни музыкадағы үзіліс, бос кеңістік. Бір қызығы, римдік есептеуде «0» деген сан жоқ. Математика мен музыканың өзара байланысын Пифагор, әл-Фараби сынды көптеген ұлы ғалымдар зерттеді. Өткен ғасырдың біраз композиторларының шығармашылығын музыкалық тұрғыдан емес, математикалық жағынан зерттеу керек. Мысал үшін спектральді музыка, стохастикалық музыка, наномузыка – осының бәрі математиканы қажет етеді» дейді Рахат-Би. 17 жасында магистрант атанып, 18 жасында диссертациясын қорғап, өнертану ғылымдарының магистрі атанғанда да осы тақырыпқа үңілген. Бір жыл бұрын Рим қаласындағы Санта-Чечилия академиясының докторантурасына қабылданды. Мұнымен қатар, Италияның Падуя қаласындағы консерваторияда оқып жатыр. «Падуя­ның бір кереметтілігі, осы шаһарда фортепиано атасы Бартоломео Кристофори дүниеге келді. Сондықтан бұл қаланы пианизм бесігі деп атасақ та болады» дейді жас музыкант.
Төлеген Қожамқұлов 16 жасында мектепті бітірді. Рахат-Би Алматыдағы ­Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның үздік аттестатын 15 жасында қолына алды. Оның себебі қосымша сабақтар, тапсырмалар алу арқылы екі сынып бағдарламасын бір жылда меңгерді. Осы оқу орнында оқи жүріп, М.Төлебаев атындағы №5 жетіжылдық музыка мектебін де үздік тәмамдады. Сонымен қатар, гимназиядағы соңғы екі жылда Италияның Бергамо қаласындағы музыкалық академияға қабылданып, екі курсын аяқтады және 13 жасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының сту­денті атанды. Осының бәрі №159 гимназияның сол кездегі директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова мен консерватория ректоры болған Қазақстанның халық әртісі Жәния Әубәкірованың қолдауының арқасында жүзеге асты.
Рахат-Бидің шығармаларының әлемдік премьерасы Қазақ ұлттық өнер университетінің симфониялық оркестрінің қатысуымен өтті. Аталмыш оқу орнының ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева да дарынды музыкантты үнемі қолдап келе жатыр.
«Мен өзімнің әр нәрсеге көзқарасымды музыка ар­қылы жеткіземін. Сонда жү­рек соғысы, тыныштық жә­не сағаттың тықылы сияқты үш құбылысқа сү­йенем. Яғни жүрек соғысы – өзім үшін өмір музыкасы, тыныштық – кеңістік му­зыкасы, ал сағаттың ты­қылы – уақыт музыкасы. Мәселен, фортепиано мен сим­фониялық оркестрге арналған «Өмірге құштарлық» атты шығармам бар. Бұл – өмір музыкасы. Мұн­да «өмірге құштарлық – қорқыныштан биік» деген философия жасырынып жатыр. Сол сияқты уақытты бейнелейтін «Зымыран заман» атты туынды жаздым» дейді Рахат-Би.
Әкесінің «Қазақтың рухы Бетховеннiң әуенiнен емес, бесiк жырынан басталады» дегені бар. Рахат-Би белгілі күйші Абдулхамит Райымбергеновтен домбыра тартуды үйренді. «Ұлттық музыкаға қызығушылықты, құрметті бойыма сіңіре білген ұстазыма шексіз ризамын. Домбырада ойнау арқылы басқа аспаптарға деген көзқарасым өзгерді. Соның әсерінен 2014 жылы «Қазақ рапсодиясы» атты фортепиано мен симфониялық оркестрде ойнайтын шығарма жаздым. Бұл туындыдан тәуелсіз Қазақстанның дамуын көруге болады. Батыстық му­зыкаға Шығыстың фи­­­лософиясын салуға ты­­рыстым. Батыстың үй­лесімділігінен қазақы рух­ты сезінуге болады» дей­ді бұл туралы өзі.
Осы «Қазақ рапсодия­сы» шығармасымен «Тә­уелсіздік толғауы» байқауында бас жүлдені, «Шабыт-2014» шығармашыл жастардың халық­аралық фестивалінің бас жүлдесі – Қазақстан Президенті кубогын иеленді. Аталмыш туынды Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде, Лондонда, Сеулде, Анкарада, басқа да көптеген қалаларда орындалды. Ал «Өмірге құштарлық» шығармасында Қазақ хандығының құрылу кезеңін бейнелейтін иірімдер бар.
Әрине, Рахат-Бидің 19 жасында осының бәріне үлгеріп, ел танитын азаматқа айналғанына, әлемге музыкалық шығармаларының таралғанына педагог анасы, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның да еңбегі зор. Ана ретінде ғана емес, ұстаз ретінде баласын тәрбиелеп келеді деп есептейміз.
Қазақ баласына қазір бірнеше тілді меңгеру керек. Жеке адамның ғана емес, мемлекеттің болашағы да осыған тікелей байланыс­ты болып келе жатыр. Ал Рахат-Би ана тілімен қатар, орыс, ағылшын, итальян, испан тілдерін меңгерген. Осыған да анасының көп көмегі тиген сияқты. Тек қана талайлардың түбіне жеткен «жұлдыз ауруынан», Батыраштың балтасынан, тіл-көзден аман болсын!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды