МҰЗДАН САРАЙ САЛҒЫЗДЫ…

0 83

ERM_6915

Күннің күрт жылынып кетуіне байланысты «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының жанындағы мұз қалашық уақытша жабылып, қайта ашылған-ды.Тәуелсіздік күні мерекесінде осында ағылған елордалықтардың қатары көп болды. Үрлемелі баллонын сүйреген күйі ентелеген жұртшылық аязға қарамастан сырғанақ теуіп, мәз-мейрам.

Қалашыққа енген бойда ертегі әлеміне тап болғандай ерекше күйге бөленесің. Биіктігі бес-алты метрлік Аяз Ата мен Ақшақардың, ат үстіндегі батырлардың мүсіні еріксіз таңдай қақтырады. Қар пішіні секілді оюлап жасалған әдемі панноның да жанынан тамсанбай өту мүмкін емес. Ал қақпаның қапталында Миньон, Фиксик, Ниндзя, Маша секілді мультфильм кейіпкерлері «қоныс теуіпті». Бүлдіршіндер жағы көбіне сол инсталляцияларды айналшықтайды. Ал ес жия бастаған балалар қақ ортадағы төбешікке қарай ұмтылуда. Бақсам, қызықтың нағыз көкесі сонда екен. Жоғарыдан жүйткіп келіп, екпініңді баса алмастан әудем жерге дейін сырғанаудың өзі тіл жеткісіз тамаша сезім сыйлайтыны рас. Мұны біз жеткіншектердің бал-бұл жанған жүзінен аңғардық. «Былай қаш! Мен артыңдамын!» десіп, бір-біріне соқтығыса құлаған олар әп-сәтте ұмар-жұмар болды да қалды. Бетін суық қарыған кейбіреуі дүңгіршекке қарай асығып, ып-ыстық бәлішпен жүрек жалғауда.
– Екі ұлымды ертіп келдім. Бәрімізге ұнап жатыр. Балаларымның қуанышында шек жоқ. Бой жазып, шапқылап жүр. Бір әттеген-айы, сырғанақ жалғыз ғана. Кезек күтем дегенше, жарты сағаттай уақытымыз кетті. Мүсіннен гөрі осындай төбешіктерді көбірек салса ғой, – дейді астаналық тұрғын Арман Иманқұлов. Сөзінің жаны бар. Шынында да, әлгі төбешіктің маңы – құжынаған бала. Кезек бірнеше метрге дейін созылған. Мұндай нөпірдің бір қарасын баллондарды жалға беретін қойманың алдынан да байқадық. Тапжылмастан, бір орында кезек күту кімге ұнасын?! Оның үстіне, қозғалмаған кісі тез жаурайды. Осыны ескеріп, алдағы уақытта жаңағыдай нүктелерді қалашықтың бірнеше тұсынан ашса, еш қолайсыздық тумас еді.
Мұз қалашықтың құрылысына Қытайдың Харбин қаласынан шақыртылған 70 дизайнер мен мүсінші жұмылдырылыпты. Одан бөлек, бұл іске 140 отандық маман атсалысқан.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =