«Муз-ТВ»-ның АСТАНАДАҒЫ АЛАМАНЫ

0 158

muz

Орталық коммуникациялар қызметінде Ресей шоу-бизнесі өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Онда «Муз-ТВ» арнасының бас директоры Арман Дәулетияров дәстүрлі «Муз-ТВ» сыйлығының биыл Астанада сарапқа салынатынын мәлімдеді. Көрші елдің жыл сайын ең жоғарғы деңгейде ұйымдастырылатын шарасы «Астана-Арена» стадионында болады. Шоудың көрерменге ұсынар жаңалығы жетерлік. Ұйымдастырушылар журналистерге олардың бірнешеуін баяндап берді.

«Муз-ТВ»-ны әлемдік аренада атақты Грэммимен салыстырады. Мұнда әртістер жанды дауыста ән шырқайды. Сахнада тек ән айтылып қана қоймайды, әр нөмір шағын көрініс арқылы жеткізіледі. Әртістер түрлі трюктер жасап, көрерменді таңғалдырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды іс-шараның Астанада өтуі екі елдің музыкалық мәдениетін жақындата түседі екен. Музыкалық сайыс 5 маусымда өтеді. Одан бір күн бұрын әнсүйер қауым көптеген әншілердің қатысуымен тегін концерт тамашалайды. Онда қазақстандық және ресейлік әртістер бірге ән орындайды. Танымал жобаның авторы, «Муз-ТВ» арнасының бас директоры Арман Дәулетияровтың айтуынша, бұл шараға қазақтың ұлттық нақыштарын қосу басты мақсат екен. Соның бірі есебінде еліміздің мәдениетін насихаттау мақсатында «Қазақстанның үздік әртісі» номинациясы қосылады. Номинантты анықтау үшін өнер саласының мамандары бес үздік әртісті анықтап, бәйгеге қосады. Әрі қарай олардың ішінен бүкіл халықтық дауыс беру бойынша жеңімпаз анықталады. Дауыс беру «Қазақстан» арнасы арқылы жүзеге асады.  Жеңімпаз «Муз-ТВ» сыйлығымен марапатталады.

Сонымен қатар, бірегей шоуды 100 млн астам адам «Қазақстан», «МузТв», «Ю» және басқа да ресейлік телеарналар арқылы тамашалайды. Шоуға кіру құны 1000-5000 теңге аралығында. Ал Ресейлік төрт жүргізушінің арасында екі қазақ тізгінші болады. Олардың кімдер екені дәл сол кезде ашылатын құпиялардың бірі болмақ.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − ten =