Мутация немесе жалғасқан індет

0 45

Қазанның соңғы күні әлемде тәжвирусты жұқтырудың жаңа антирекорды орнады.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерттің 535 928 жағдайы бір күнде тіркелгені туралы ақпарат таратты. Еуропада жаңа жағдайлардың 80 пайызға жуығы мутацияланған коронавируспен байланысты деген жаңалық жығылғанға жұдырық болды. Себебі індеттің бұл түрі осы көктемде бүкіл әлемді басып алған вирустан өзгеше, қауіптірек дейді. Әлемдегі пандемия жағдайы бізге де індеттің қауіптілігін ескертеді. Өйткені біз де әлеммен біргеміз.

Гендік мутацияның Испанияда маусым айында пайда болып, Еуропаға оралған туристермен бірге таралғаны туралы ақпаратты ҚР Үкіметі жанындағы коронавирус­тың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram каналы жариялады. Испан генетигі Иньаки Комас вирустың таралуы коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың бұқаралық іс-шараға қатысуынан басталды деп болжайды. Вирустың одан әрі тез таралу себебі Испанияда демалып жатқан азаматтардың қауіпсіздік шараларын сақтамауымен байланысты болып отыр. Сосын инфекция Еуропаны бойлай жылдам тараған. Енді жаңа түрі Швейцарияда ауру жұқтырғандардың 40%-да, Ирландиядағы науқастардың 60%-да және ұлыбританиялық жұқтырғандардың 80%-да кездеседі. Алайда ғалымдар вирустың жаңа штампы тек бұл ғана емес деп тағы қорқытып отыр. Фрэнсис Крик институты зерттеушілерінің мәліметінше, 1 қазаннан бастап олар коронавирус адам ағзасына кіру үшін 10 түрлі формаға мутациялана алатынын болжады. Қазір әлемде вирустың 22 тұрақты мутациясы бар екен, соның ішінде ең көп таралғаны – P314L және D614G түрлері. Бұлар батыс Еуропа елдері мен Ресейде таралған деген дерек бар. Мутацияланған вирустың тарау жылдамдығы және оның қаншалықты қауіпті екені әзірге белгісіз. Бұған дейін АҚШ-та осыдан да агрессивті D614G деп аталған вирус мутациясы анықталған еді.
Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде дерт жұқтырудың жалпы статистикасы 46,5 млн адамды құрады. Соның ең көбі – 9,4 млн адам АҚШ-та, одан кейінгі көрсеткіштері жоғары елдер қатарында Үндістан, Бразилия тұр. Пандемия бүгінге дейін жер бетіндегі 1,2 млн адамның өмірін жалмап әкетті.

Тойы тыйылмаған Қазақстан

Дерттің екінші толқыны басталатын кезеңге аяқ басқан сайын қазақстандықтардың той-думаны көбейіп бара жатқандай. Мұны әлеу­меттік желідегі той видеоларының көбеюінен аңғаруға болады. Соның есесіне елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтардың саны артып келеді деп мамандар дабыл қағуда. Олардың айтуынша, бұл сақтық шараларын елемей, той-жиындарға барғандардың есебінен де ұлғайып отыр. Қазір елімізде індет тарағалы вирус жұқтырғандар саны 112860 адамға жетті, оның 106514-і жазылып шықты, бірінші орында әдеттегідей елорда 14625 адам көрсеткішімен тұр. 1 тамыздан бері елімізде ауырғандар саны – 37746 адам, 401 өлім тіркелді, ал жазылып шыққандардың саны 28710 жетті.
«Қарапайым сақтық шараларын ескермейтіндер, тіпті сенбейтіндер әлі де кездеседі. Қазір COVID-19 бірінші толқынынан алған тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі ЖРВИ-дің маусымдық өршуіне қарсы және коронавирус инфекциясының ықтимал екінші толқынына дайындалуда. Дертпен күрес әлі аяқталған жоқ. Біз бірігіп өңірлердегі коронавирус инфекциясының таралуын тоқтата аламыз. Оның үстіне қауіпті індет өршіп тұрған шетелдерден келетіндерді де қатаң бақылауға алмаса, көктемдегі сценарий қайталануы мүмкін» деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Министрдің сөзінің жаны бар. Расында Қазақстанға қауіп шетелден келетін азаматтардан төнеді. Бірінші толқыннан алған сабағын ескеріп, еліміз шетелге шығып келетіндерді ел аумағына кірерде қатаң бақылауға алуда. Оларды оқшаулау мерзімі бас санитарлық дәрігердің қаулысына сай өзгертілді. Жалпы өткен тәулікте бас қалаға Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Беларусь мемлекеттерінен 799 қазақстандық келді. Басым бөлігінде коронавирус жұқтырмағаны жөнінде анықтама бар. Сондықтан тексерусіз үйлеріне қайтарылды. Кешегі күні елордаға халықаралық әуе рейстерімен келген 62 жолаушы карантинге жатқызылды. Олардың қолында ПТР-анықтама болмаған. Ондай адамдар бір апта бойы стационарда дәрігерлердің бақылауында болады. Қазір ПТР-анықтамасы жоқ шетел азаматтарының ұшаққа отыруына рұқсат жоқ. Онсыз тек қазақстандықтар ғана елге қайта алады. Сөйтіп, қалаға келген бойда карантинге жатқызылады.
Елордада коронавирус жұқтыр­ғандар арасында әйел адамдардың саны артып, 53%-ті құрады. Бұл туралы қала әкімдігінің өкілдері онлайн брифинг барысында хабарлады. Күн сайын ауру белгілері бар 30 шақты адам анықталып жатыр. Алайда халық арасында сырқаттанып қалғанын жасырып жүргендер де көбейді. Соның кесірінен дәрігерлер уақытылы жәрдем көрсете алмай жатыр. Ауырғандар қатарында мектеп оқушылары да аз емес. Эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қалада карантин режимі әзірге жеңілдемейді. Қазақстанда мемлекеттік шекарада санэпид бақылау күшейтілді, сырттан келгендерге мониторинг жолға қойылды, қазақстандық азаматтарды эвакуациялау бойынша шаралар жасалып, медициналық ұйымдар дайындық жүргізді. Жеке қорғаныс, профилактика және емдеу құралдарының қажетті қоры әзірленіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде.

Ресейдің шалғай ауылдарына тарады

Көрші елде бұған дейін негізінен орталық мегаполис қалаларында дерт қатты асқынған болса, бұл жолы шалғай ауылдарына жетіп, оларға «бірінші толқын» енді келуде. Қазан айында Covid-19 эпидемиясы жаңа күш алып келіп, федерацияның өңірлеріне жаппай тарады. Елдің барлық аумағындағы халық дәрі-дәрмек пен ауруханалардағы орын санының, ал дәрігерлер медперсонал мен жабдықтардың жетіспеушілігін айтып шағымдануда. 28 қазандағы деректер бойынша, Ресейде 1,5 млн адам ауру жұқтырды. 27 мың ресейлік дерттен көз жұмды. Мәселенің күрделі екендігі Кремльде де талқылануда. «Қазір расында елдегі жағдай ауыр, эпидемиологиялық соққының негізгі күші өңірлерге жетіп, Мәскеуден шығысқа қарай бет бұрды» деді апта басында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков. Елде Ресей тұтынушыларын қорғау қызметі ел көлемінде маска тағу режимін ресми түрде енгізді және билікке түнде барлар мен клубтарды жабуға ұсыныс айтты.

Еуропада жаппай локдаун

Германия. Елде пандемия басталғалы дерт жұқтырғандар саны 31 қазанда 518 753 адамға жетті, 10 452 науқас көз жұмып, 351 000-нан астам адам жазылып шықты. Германия билігі 2 қарашадан бастап жартылай локдаун енгізуге шешім қабылдады. Алайда елде мыңдаған адамнан құралған наразылық топтары коронавирусқа қатысты шектеулерге қарсы шықты. Олар қарсылықтарын білдіргенімен қоймай, шеру кезінде маска тақпады және әлеуметтік арақашықтықты да сақтамаған. Сондай наразылық шерулерінің бірі Дрезденде өтіп, Querdenken бастамасына қолдау білдіргендер саны мыңға жетті. Карлсруэде өткен сондай акцияға 900-ге жуық адам жиналды. Тәртіп сақшылары шеруге қатысушыларға маска тағу режимін қайталап еске салды. Бұған дейін ұйымдастырушылар шағымына сай сот міндетті маска тағу режимін алып тастаған болатын. Брауншвейгте де осындай акцияға 750 адам, Дармштадте де 300-дей, Дюссельдорфте 100 шақты адам қатысты. Неміс ауруханалары қоғамының төрағасы Геральд ­Гастың айтуынша, алдағы 2-3 аптада германдық аурухалардың интенсивті терапия бөлімшелеріндегі науқастар саны сәуір айындағы ең жоғары пациенттер көрсеткішін басып озбақ.
Ұлыбритания. Ел билігі 5 қарашадан бастап 2 желтоқсанға дейін карантин шараларын қатаңдатып, екінші локдаун енгізеді. Қазірден-ақ көптеген дүкендер жабылды. Бірақ оқу орындары жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы ел премьер-министрі Борис Джонсон мәлімдеді. Дегенмен тұрғындар азық-түлік алу, жұмысына бару үшін, дәрігерге қаралу және таза ауада спортпен шұғылдану, волонтерлік қызметпен айналысу үшін сыртқа шыға береді. Бөлшек сауда орындарының барлық нүктелері жабылады. Мейрамханалар мен барлар тамақты тек жеткізіп беру қызметіне көшеді. Елдегі бірінші локдаун наурыз айында болған еді. Маусым айынан бастап карантин шектеулері жұмсартыла бастаған. Біріккен корольдікте 31 қазанға дейін 1 млн-нан астам дерт жұқтырып, 46 мыңнан астамы көз жұмған.
Австрия. Елде коменданттық сағат енгізілді. Екінші локдаун 3 қарашада күшіне еніп, осы айдың аяғына дейін жалғасады. Ел канцлері Себастьян Курцтың айтуынша, карантин шараларына кешкі 20.00 мен таңғы 6.00-ге дейін созылатын коменданттық сағат жатады. Сондай-ақ кафе мен мейрамханалар тамақты жеткізіп беру қызметіне көшіріліп, жоғары сыныптар мен студенттер қашықтан оқытуға ауыстырылады. Ал дүкендер мен балабақшалар жұмысын жалғас­тыра береді.
Испания. Жалпы Испания пандемиядан ең көп зардап шеккен елдердің біріне жатады. Биыл наурыздан бастап мұнда 1,2 млн адам дерт жұқтырды. Алайда бұл елдің көптеген қалаларында жастар қатаң карантин шаралары мен жұмыссыз­дарға мемлекет тарапынан тиісті көмектің көрсетілмеуіне қарсы шығуда. Сондай қатты қақтығыстар, әсіресе, Барселонада белең алып тұр. Мұнда 31 қазан түнде жүздеген жас азаматтар көшелерді бөгеп, қоқыс контейнерлері мен автокөліктерді, әсіресе тәртіп сақшыларының көліктерін өртеген және дүкендерді бұзып, тонаған, полицияға тас пен бөтелке лақтырған. Жастар орталық және өңірлік үкіметтің отставкаға кетуін талап етуде.

АҚШ-та дерттің жаңа рекорды
Құрама штаттардағы жұқтырушылар саны 9 миллионнан асты. Жақын бір тәулікте 94125 адамнан дерт анықталған. Бұл – елде пандемия басталғалы болып отырған ең жоғары жаңа көрсеткіш. Оған қоса сол тәулікте 919 адам қайтыс болған. Биліктің пандемияға реакциясы президенттік сайлау алдындағы ортақ тақырыпқа айналды. Мәселен, демократиялық партия тарапынан үміткер Джозеф Байден Ақ үй басшысын инфекция таралуына бақылауды жоғалтып алды деп бірнеше рет кінәлаған болатын. Ал Президенттің өзі болса, Аризонада 20 қазанда өткен сайлауалды шарада өз жақтастарын пандемия жақында бітеді деп сендірген еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 3 =