Мұсылманның ұлық мейрамы

0 157

Ораза айттан соң жетпіс күннен кейін келетін мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі – Құрбан айт биыл 15 қазанда басталып, үш күнге созылады. Меккеге қажылық аяқталады. Осындай айтулы күндер қарсаңында біз қызметке жақында келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің  Бас имамы  Наурызбай қажы Өтпеновті әңгімеге  тарттық.

– Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Құрбан айттың ерекшелігі туралы әңгімелесеңіз.
– Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын! Ассалаумағалейкүм, құрметті мұсылман қауым! Жаратқан бір Аллаға сансыз мадақ пен мақтаулар болсын! Екі дүние сұлтаны Мұхаммед пайғамбарымызға (с.а.с.) сансыз салауаттар болсын! Әуелі барша мұсылман қауымды сіздер арқылы Ислам әлемі аңсай күткен айтулы ұлық мереке – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын!
Дінімізде бұл мерекенің алар орны ерекше. Өйткені, қасиетті Құрбан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Айт Ислам дінінен бұрын ежелгі араб елінде дүниеге келген. Асыл дініміз мұны діни дәстүр, мұсылмандардың ең ұлық мерекесіне айналдырып, айрықша нұрландырды. Мінекей, содан бері Құрбан айт мұсылман ай күнтізбесіндегі зүлхижжа айының оныншы жұлдызында басталып, 3-4 күнге жалғасады. Бұл мерекенің алғашқы күні биыл 15 қазанға сәйкес келіп отыр.
Қасиетті Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Алла тағала Құранда: «Намаз оқы және құрбан шал» десе, ардақты Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерлерімізге жақындамасын!» деген.
Құрбандық шалу мұсылман, ақылды, балиғат жастағы және Құрбан айт уақытында жолаушы емес кісіге міндет. Сонымен қатар, негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшерінде қаржысы бар болуы тиіс.
Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін қаражат. Зекет ғибадаты секілді құрбандық шалу міндет болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны секілді, тек қана еті үшін де союға болады.
Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал, ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.
– Сойылған құрбандықтың еті кімдерге таратылады?
– Құрбан айтта шалған құрбандықтың етін бай болсын, кедей болсын, өзі жеуіне болады. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер». Ал, әз пайғамбарымыз құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын болған. Сондықтан құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап (ұнамды іс). Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ, шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің шаңырағына қалдыра алады.
– Құрбандық барысындағы тазалық пен ысырапқа да тоқталсаңыз…
– Алдымен мынаны айта кетсем, малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпыруға болмайды. Малдың қаны толық ағып біткенше күткен жөн. Ал, құрбан шалғаннан кейін сол маңайдың тазалығына да көңіл бөлу керек. Малдың қан-жынын ашық-шашық далаға қалдырмау керек. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.
Сонымен қатар, құрбан шалушылардың қаперіне ысырапқа жол бермеу керектігін сала кеткіміз келеді. Малды бауыздап, тек оның етін ғана алып, қалған ағзаларын тастап кету дұрыс емес. Өзіңіздің шалған құрбандығыңыздың ішек-қарын, бас-сирағын және басқа ағзаларын тазалап алу керек. Оның бір түйір еті де ысырап болмағаны игі. Ысырап етуді Алла тағала жақтырмайды.
Жалпы, құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, бас-сирағын және сүтін сату – дұрыс емес. Құрбан малының аталмыш бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен елордамызда Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өтілуде. Құрбан шалушыларға қала сыртынан арнаулы мал соятын орындар даярланып, онда мешіт қызметкерлері, қасапшылар, тазалықшылар, тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері және сол секілді тиісті мекемелер қызмет етеді. Бұл – еліміздің бас шаһарында тазалықты сақтап, мереке кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылып отырған ұтымды шара. Алла разы болсын!
Нақтырақ айтқанда, құрбандық малдарын сатып алу және сою «Алтын таға» мал базарында (Астана-Қосшы тас жолы бойындағы); сондай-ақ, «Пищекомбинат-Астаналық плюс» ЖШС (М.Дулатұлы көшесі, 191); «Нұрбереке 555» ЖШС (Көк базары, Алаш тас жолы, 30); «Шаумен» шаруа қожалығы (Алаш тас жолы, 9-шақырым); «Темеш» шаруа қожалығы (Алаш тас жолы, 7-шақырым); «Мақсат 2007» ЖШС-інде, («Теміржолшылар» тұрғын алабында, Ақжар көшесі, 20) ғана жүргізіледі. Ислам – тазалықты ту еткен дін. Сондықтан ұлық мереке қарсаңында қаладағы көп қабатты тұрғын үй аулалары мен көше бойларында құрбан шалуға тыйым салынады.
Ал мешіттерде Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиеті мен құрбандық шалу ісінің шарттары мен талаптары түсіндірілуде. «Құрбан айт мүбәрак болсын!» атты кітапшалар 10 мың данамен астаналық жамағатқа тегін таратылуда.
Сондай-ақ, биылғы Құрбан айт мерекесінің құрметіне Астана мешіттері мен ҚМДБ «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Құрбан шал!» сауапты акциясы өтеді. Шара барысында ірі қара малдар құрбандыққа шалынып, құрбандық еттері Астана қаласы мен Ақмола облысындағы мұқтаж жандарға таратылады. Яғни, шараға қатысушылар 1 кісіден 7 кісіге дейін бірігіп, бір сиырды құрбандыққа шалады. Құрбан шалушыға еттің үштен бір бөлігі беріліп, қалған бөліктері таратылмақ.
Құрбан шалуға жағдайы жететін барша мұсылман бауырларымызды сауапты акцияға атсалысуға шақырамыз!
Алла тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – исламға күш-қуат бергей! Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалған құрбандықтарыңыз қабыл болғай! Әумин!

Сұхбаттасқан
Қайырбек ОТЫЗБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 + ten =