Мұсылман әйелдерінің киімі: аққу көгіне, шортан көліне, шаян шөліне тартуда

0 623

Жуырда «Астана ақшамы» газетіне белгілі ғалым Асылбек Ізбайыровтың «Қазақ ешқашан қара жамылмаған»  деген сұхбаты жарияланған болатын. Өкінішке қарай,  әлеуметтік желіде отырған кейбір оқырмандар тек тақырыбына  ғана назар аударып, ішіндегі өзектілігіне зер салмады.  Айта кетейік, заң жобасы аясында хиджабқа тиым салынайын деп жатқан жоқ. Тыйым бет-аузын бүркіп, тұмшалап алғандарға қатысты болмақ.  Сондықтан заң мен заманның, хиджаб пен ниқабтың, адам құқы мен бетперденің астарына үңіліп көргенді жөн көрдік.

 Кезінде Леонардо до Винчи өзінің әйгілі «Жасырын жиын» картинасын салу барысында екі адамның бет әлпетін суреттеу үшін қатты қиналған көрінеді. Себебі, бірінде жақсылық, назиралық, көркемділік пен құдайылық хабарды көрсету керек болса, екіншісінде жамандық пен зұлымдықты кейіптеу керек болған. Біріншісі Ғайса пайғамбардың образы болса, екіншісі Иуданың әлпеті. Ғайсаның бейнесін жүзінен нұры төгіліп тұрған  шіркеу хорының жас әншісіне қарап салса, Иудаға прототип таппай біраз уақыт жүріпті.  Арада үш жыл өткеннен кейін көшеде  шашы өсіп кеткен, жанарынан нұры тайған бір мас жігітті көріп Иуданың образын  алған екен-мыс. Ал мастығы тараған жігіт есін жиса, үш жыл бұрын өзі келіп суретін салдырған жерде қайта отырғанын көріпті…

Байқасақ, кейде бір-бірінен алыс көрінген дүниелердің арасы  сондай жақын көрінеді. Мәселен, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, жастық пен қарттықтың, махаббат пен ғадауаттың. Көзге көрінбейтін шекаралардың көңілдегі арасы да сол секілді, сіз бен біз ойлағаннан жақын.

ЗАҢ МЕН ЗАМАН

Осындай нәзік діни тақырыптардың бірі – байламы болса да білімсіздік пен сауатсыздықтың салдарынан байбаламға айналған, бүгінгі қазақ қоғамындағы мұсылман әйелдерінің киім кию үлгісі. Әлімсақтан  бері қазақ дәл бүгінгідей әйелінің  немесе қызының кигенін талқылымаған болар. Дәл осылай тұжырымдауға себеп те, салдар да жеткілікті.

Біріншіден, «Діни ұйымдар мен діни қызмет туралы» заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі  дегеннен бері, әсіресе  осы заң жобасы аясында «Адамның түр сипатын қауіпсіздік мақсатында анықтау» үшін кейбір діни киімдерге, яғни азаматтардың бет-бейнесін анықтауға кедергі келтіретін  киім үлгілеріне қоғамдық орындарда тыйым мәселесі айтылғалы қоғамда қызу талқыға айналды. Сан алуан діни және саяси мүдделер мәселені басқаша түсінуде. Былайша айтқанда, аққу көгіне, шортан көліне, шаян шөліне тартып әлек. Әйтеуір тақырыпты бұрмалау өріп жүр. Бұл әліпті таяқ деп түсінген кей азаматтардың тірлігі ме, әлде дінді саяси құрал ретінде пайдалануды жөн көрген діни топтар ма, ақиқатын уақыт көрсете жатар.  Мәселен, мына бір кестедігі сауалнамаға қарасақ:

Бұл осы жылдың мамыр айында танымал ақпарат порталдарының бірінде жарияланған сауалнама. Жауап берген адамдардың жартысы «иә» деп жауап берген екен, ал 38 пайызы жоқ дейді. Жалпы «иә» деп жауап беріп отырған респонденттерде исламофобиялық райдың бар екенін байқауға болады. Алайда, сұрақ басынан дұрыс қойылмаған және де дұрыс саяси контекстіде болмағандықтан бұл сауалнаманы мардымды деп қарастыра алмаймыз. Себебі осы сауалнамаға арқау болып отырған заң жобасын түсіндірушілер мен ұсынушылар тарапынан анық және айқын айтылған болатын, яғни тек қана бет-әлпетті анықтауға кедергі келтіретін киім үлгілеріне ғана тиым салу қарастырылуда. Ал жалпылама, діни киімдерге тыйым салынғалы жатыр деу арзан  ұпай жинау немесе коммерциялық бағытта  ғана болуы мүмкін. Осы арада келесі бір заңды сұрақ туындайды, осындай сауалнамаларға ешқандай фактчекинг жасамайтын адамдар жалпы діни  сауатсыз емес пе?! Олар қайсысы хиджаб, қайсысы ниқаб немесе паранжы екенін ажырата алмайтын секілді.  Мәселен,  «хиджаб» ұсынылып жатқан  заңға ешқандай да қарсы келмейді, себебі «хижабтағы» әйелдің бет-әлпетін анықтауға болады. Чадрасы да сол секілді. Ал, «Паранжы» мен «Ниқаб» -тағы әйелдің кім екенін анықтау немесе тану мүмкін емес. Заңға сәйкес келмейді. Осы ретте мұсылман  әйелдерінің киім үлгілерінің бір-бірінен қандай айырмашылығы бар екенін атап өтейік.

  1. Хиджаб – «жамылғы» деген мағына береді, әйел адам балиғат жасына жеткен соң әурет жерлерін жабуға арналаған араб-мұсылмандарының киім үлгісі.
  2. Чадра – мұсылман әйелдерінің жеңіл көбіне қара, ақ және көк түсті болатын, денесі мен әурет жерлерін толық жасыруға арналған киім үлгісі.
  3. Ниқаб – кейбір мұсылман әйелдердің бетін бүркеп, тек көзін ғана көрсететін жамылғы. Ниқаб араб елдерінде, әсіресе Сауд Арабиясында, Йеменде, Бахрейнде, БАӘ кең таралған. Сонымен қатар Сирия, Сомали, Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан елдеріндегі әйелдер де киеді.
  4. Паранжы – жеңі жоқ жамылғы түріндегі, бүкіл денені бүркеп тұратын, көздерді арнайы торлар арқылы жасырған мұсылман әйелінің киім үлгісі. Парсы тіліндегі «фараджи» сөзінен шыққан. Фараджи деп алғашында жеңі ұзын ер адамдар киетін киімді атаған. XVI ғасырлардан бастап «Фараджиді» әйелдер де, еркектерде кие бастады.

ҚАЗАҚ ПЕН ХИДЖАБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  «Хиджаб – орамал, мұсылман әйелінің ар-намысын қорғайтын жаулығы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию – мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды» деп ремси түрде мәлімдеді.

Құран және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі мен мұсылман ғұламаларының бірегей пікірі бойынша, мұсылман әйеліне орамал тағу – парыз.   Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін…» («Ахзап» сүресі, 59-аят) деп бұйырған.

Аятта киімнің түсі немесе үлгісі анық айтылмаған. Сондықтан әр ұлт, әр мәдениет өкілдері Алланың әмірін өз ұстанымдары, тарихи таным-түсініктері бойынша орындайды. Хазіреті Мұхаммедтің хадисін қазақ мұсылмандары да орындаған, әрине асқан сұлулықпен, қазақы нақышымен, ұлттық даралағымен, далалық танымымен. Кимешегі,  көйлек-қамзолы, ақжаулығына дейін ары мен абыройын сақтаған қазақ әйелдері ешқашан құмнан қашқан арабтардай тұмшаланбаған, қара жамылмаған. Мәселен, мына бір суретке қараңыз..

Иә, бүгінде салт пен дәстүрді сақтап жүргенміз шамалы. Кей кездері ұлттық ерекшелектермізді  той –торқада ғана еске алып жатамыз. Әрине, біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз, ешкімнің сізге нені киіп немесе нені кимей жүруге айтар қақысы да, құқығы да жоқ. Алайда, бұл тек қана арабтың киімін киімін киіп жүр деген сөз де емес.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРБИЕ

Мичиган университетінің әлеуметтік зерттеулер институты жүргізген мына бір зерттеуде Түркия, Тунис елдерінің мұсылмандары «Әйел адамдар қоғамдық орындарда қалаған киімін киіп жүруге құқылы» деп жауап берсе, Сауд Арабия мен Пәкістандықтар «ниқаб киіп жүргені абзал» екенін білдірген.

Мұнан байқағанымыз,  әр мемлекет өзінің ұстанған саяи бағыт- бағдары мен ұлттық -діни ерекшеліктеріне сай заңы мен талабы бойынша осы мәселені реттеп отыр. Мысалы, Түркия елін алайық. Өзінің даму жолында осы тақырыпта ең көп эксперимент жасаған елдердің бірі. 2013 жылыға дейін қоғамдық орындарда хиджабқа салынған тыйымды, билікке келген «Әділет» партиясы алып тастады. Яғни, исламның қатаң қағидаларын ұстанатын әйел адамдардың құқықтары шектеліп жатыр деген үкімді алға тартты.   Дегенмен, қоғамдық орындарда бетті толықтай бүркемелеуге тыйым әлі де өз күшінде. Ал, Тунис болса 2011 жылы ғана хиджабқа қойылған тыйымды алып тастап отыр. Жалпы, бұл елде хиджабты діни фанатизм белгісі ретінде қарастырады.

Құқықтық сауаты мен танымы ғасырлармен үндескен батыс елдері де соңғы жылдары қоғамдық қауіпсіздік пен ұлттық болмыс- бітімін сақтау мақсатында арнайы әртүрлі шараларға баруда.  Айтайық, 2010 жылы Франция алғашқы болып қоғамдық орындарда әйелдерге де, еркектерге де қатысты бетті бүркемелеуге немесе жасыруға тыйым салатын заңын қабылдады. Яғни, қоғамдық орындарда ниқаб, паранжы, маскалар мен балаклваға тыйым салды. Франция елінде бес миллионнан астам мұсылман диаспорасы бар болатын болса, соның екі миллионнан астамы паранжымен жүрген еді. Осы заң бойынша азаматтарға айыппұл салып және бір жылға дейін бас бостандығынан айырады. 2014 жылы Еуропа сотының төрінде Францияға қарсы адам құқықтары бойынша бірнеше сот істері де қаралды, бірақ барлығы жеңіліспен аяқталды. Халықаралық әділет патшайымы саналатын, Еуропалық соттың  шешімі неге осылай болды деп ойлайсыз?!

Террористік қауіп пен қатерден мезі болған Еуропаның кей елдері де Франциядан кейін өз елдерінде бет әлпетті анықтауға кедергі жасайтын мұсылмандық киім үлгілеріне  қарсы шыға бастады. Бельгия 2012 жылдан қоғамдық орындарда паранжы мен ниқаб сынды киімдерге тыйым салса, Нидерланды елі қоғамдық орындарда толықтай бетті жабатын киімге тиым салатын заң қабылдады. Сондай-ақ, Барселона мен Италияның кей қалаларында және  Данияның соты мен герман жерінің Гессен аймақтарында паранжыға  толық тыйым салынған.

2015 жылдан бастап Африканың Сенегал елінде де қоғамдық орында паранжы мен ниқабқа толық тыйым салынды. Оған себеп болған жергілікті «Боко Харам» террористік ұйымының паранжы немесе ниқабқа жасырынған террористерінің ұйымдастырған лаңкестік актілері болған. Чад мемлекетінің астанасы Нджамен қаласында осындай паранжыға жасырынған террорист қоғамдық орында өзін- өзі жарып 33 адамның өмірін қиып кеткен. Осы оқиғалардан кейін Чад, Габон, Конго-Браззевиль  секілді елдерде де бет бүркіп, тұмшалануға тыйым қойылды.

 АДАМ ҚҰҚЫ немесе БЕТПЕРДЕ

Жалпы, халықаралық адам құқықтары жөніндегі сұрақтарға келсек. Еуропалық адам құқықтары жөніндегі конвенцияда құқықтық екі құрал көрсетілген. Бірі осы конвенцияның 8-бөлімінде  адамның жеке өміріне қол сұқпау жөнінде айтсылса,  9- бөлімінде  діни –сенім бостандығы қарастырылған. Бұл құқықтар қай кезде шектеледі немесе қандай жағдайда? Егер зайырлы демократиялық мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамдық қауіпсіздігіне, яғни оның азаматтарының өміріне қандай да болмасын бір қауіп төніп тұрған болса, бұл құқықтар сол елдің заңнамасы бойынша шектелуі мүмкін делінген. Халықаралық құқық тарихынан маңызды деген бір мысалға тоқтала кетсек. 2002 жылы Францияның Марракештегі елшілігіне виза алуға келген мароккалық Фатима Эль – Морсли елшілікте өзінің паранжысын  шешіп бет-әлпетін анықтауға қарсы болады. Халықаралық адам құқықтары жөніндегі сотқа жүгінген азаматша Франция елін сотқа береді.  2008 жылы жоғарыда аталған конвенцияның 8-9 бөлімдері бойынша ешқандай да адам құқықтары шектелмегендігі туралы, яғни азаматтықты анықтау мақсатында елшілік ережелеріне сай бет-әлпетін көрсету керектігі айтылады. Мұндай мысалдар өте көп. Құқықтың пәлсапаның  отаны болған кәрі құрлық үшін бұл тақырып бүгінгі күндері өте өзекті болып отыр. Себебі, террористік, лаңкестік әрекеттердің саяси құрал мен адамзатқа төнген қауіпке айналуына байланысты құқықтық институттар мен мемлекеттер осындай шешімдерге баруға тәуелді.

Бүгінгі таңда жер шарының әр жерінде террорлық актілерден күніне бейбіт халық жапа шегуде. Егерде азатығымыз бен азаматығымызды, сосын барып қазақтығымызды сақтап қаламыз десек кейбір құндылықтарымызды қайта өлшеп, кей құқықтармызды қайта бағамдау керек.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + 3 =