Мұстафа Шоқай және Түркістан Мұқтарияты

0 28

Ресей империясының отары болысымен Ұлы даладағы саяси ауа райы солтүстік көршімізге тікелей байланысты бола бастады. Салқын ауа соқса тоңды, жылы ауа жайылса еркінсіді. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясының рухани желі қазақ өлкесіндегі қоғамдық сананы арттыруға зор ықпал етті. Демократиялық екпін қазақ халқының көрнекті перзенттерін саяси сахнаға шығарды. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы қадамдары басталды. 1905 жылдың маусым айында Қоянды жәрмеңкесінен жолданған петицияда патша өкіметінің отарлау саясатына ашықтан-ашық қарсылық білдірілсе, Әлихан Бөкейхан 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде Жалпыресейлік жергілікті және қалалық қайраткерлер съезіне қатысып, 4 миллион қазақ халқының атынан сол кездегі туған халқының өткір мәселелерін көтерді.

Осы ғасыр басындағы қозғалыс ұласа түсіп, патшаны тақтан тайдырып еді. Ақпан төңкерісінің алдында Петербург университетіндегі оқуын бітірген, Батыстың соңғы ғасырлардағы демократиялық ойларымен және әртүрлі жаңа саяси қозғалыстар мен партиялардың бағдарламаларымен танысқан, Алаш көсемдерімен тығыз байланыста болып, Әлихан Бөкейханның ұсынуымен Мемлекеттік Думада қызмет атқарған Мұстафа Шоқай 1917 жылғы наурыздың соңғы күндері өзін Ташкентке шақыртқан жеделхат алды. Содан сәуірдің басында Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы –Николай Семенович Чхеидземен кездесуге барады. Ол кезде Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі бүкіл Ресей ауқымында маңызды рөл атқаратын, тіпті Уақытша үкімет саясаты да осы кеңес тарапынан белгіленетін. Араларындағы сұхбат Түркістан туралы болды. Н.С.Чхеидзе өздерінен бастаған жұмысының жайы туралы сұрағанда, Мұстафа былай деп жауап қайырды: «Біз Түркістанның автономия алғанын қалаймыз. Сондықтан автономияға әзірлік жасап жатырмыз». Чхеидзе бұл жауаптан шошып кетіп: «Құдай сақтасын, Шоқайұлы жолдас, еліңіздегі жерлестеріңіз арасында автономияны ауызға алмаңыз. Біріншіден, қазір бұл туралы сөз қозғау ерте. Екіншіден, сіздің Түркістан сияқты елде автономия дереу дербестік алып, бөліну деген мағынаны аңғартады» дейді. Бұл пікірге Мұстафа бірден автономия жариялау немесе елді осылай басқаруды талап етуді Бүкілресейлік құрылтай жиналысынан күтіп жүргенін, болашақта мемлекет пен халықты осы автономияға әзірлеу жұмысымен айналысып жатқандарын түсіндіреді. Ал оны шошытқан бөліну жайында «орыс революцияшыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ» екенін айтады. Осы кездесуден екі мәселенің басы ашылады. Бірінші, бұл кезде Алаш көсемдерінің автономия алуға берік бекінгендерін, осы бағытта жұмыс жасап жатқандарын байқатса, екінші, сол кезде орыс революциясының бас өкіліндей дәрежедегі лауызымды кісімен осылай сөйлесе алу Мұстафаның да саяси өресін танытқан болатын.
Мұстафа Шоқай сәуірдің басында Петербургтен Ташкентке бет алады. Жолда Орынборда өткен Торғай қазақтарының құрылтайына қатысады. Содан өзін Түркістан өлкелік атқару комитетінің бірінші құрылтайына өкіл етіп сайлаған Ақмешітте бір-екі күн аялдайды да, сәуірдің 10-ы күні Ташкент қаласына жетеді. Бірден бұрынғы генерал губернатордың сарайында өтіп жатқан Түркістан өлкелік жұмысшы солдат депутаттары атқару комитеттерінің съезіне үлгіреді. Залға кіргенде ақ мінбеде сөйлеп тұрған кісінің: «Революцияны орыс революционерлері, орыс жұмысшылары, орыс солдаттары жасады. Сондықтан Түркістанды басқару, билік біздің, орыстардың, қолымызда. Жергілікті халық біздің бергенімізге қанағаттануы керек» деген сөзінен сол кездегі Түркістандағы саяси жағдайды айқын аңғарады. Сөйлеп тұрғанның кейін Қоқан сауда мектебі мұғалімдерінің халықшыл социалистер тобының мүшесі, Қоқан мұғалімдері одағының төрағасы Л.С.Некора екенін біледі. Мұндай шовинистік пиғылдағы сөзге Түркістан ұлт азаттық қозғалысының көрнекті өкілі Махмуд Қожа Бехбуди қарсылық көрсетіп, ежелгі тарихи және мәдени жетістіктері бүкіл адамзат қазынасына қосылған, әлемге атақты ғалымдар, құқықтанушылар, сәулет өнерінің жоғары үлгілерін берген өлке халықтарының қорғаны бола, ал қазіргі жағдайдағы қараңғылық пен надандық үшін кінәні патшалық режимге арта сөйлейді. Бехбуди сөзін Мұстафа Шоқай, т. б. қолдайды.
Саяси жағдайды байқаған өлке қайраткерлері жиналған өкілдерді пайдаланып қалуды ойластырып, 1917 жылғы 16-22 сәуір күндері Ташкентте Түркістан мұсылмандарының бірінші құрылтайын өткізеді. Өлке халқының саяси белсенділігі жағдайында Түркістан мұсылмандарының орталық кеңесі құрылады, оның төрағалығына Мүстафа Шоқай сайланады. «1917 жыл естеліктерінен үзінділерінде» автор осы туралы былай деп жазды: «Өз басым Түркістан ұлттық қозғалысының құрылысына ең соңғы қарапайым қара жұмысшы мердігер болып қатыссам да, өзімді асқан бақыттымын деп есептер едім. Бірақ тағдыр мені ұлттық қозғалысымыздың, ұлттық құрылысымыздың аса күрделі де жауапты кезеңінде өлкелік ұлттық ұйымның басына әкеліп қойды».


Құрылтайда Түркістанның саяси болашағы, жергілікті тұрғындардың автономия алуға, өз әдет ғұрпын, салт дәстүрін сақтау­ға ұмтылысы, жер су, білім, т. б. мәселелер талқыланады. Ресейдегі басқару формасы мен Түркістан мұсылмандарының бірыңғай ұйымға бірігу мәселесі де назарда болады. Содан автономия мәселесі жөнінде бірден ашық мәлімдеме жасаудан тартынған Орталық кеңес пен оның төрағасы Мұстафа Шоқай Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті, өлкелік жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесі мекемелерімен қатынас жасау, Құрылтай жиналысына әзірлік, революцияның алғашқы күндері құрылған араларында байланысы жоқ, бола қойғанда кейде қайшылықты қарым қатынасты екінші қатарға қойып, түрлі мұсылман қоғамдарын, комитеттер мен одақтарды бір орталыққа біріктіруге ұмтылады. Бұл үлкен қажыр қайрат, шебер ұйымдастырушылық жұмысты қажет еткені белгілі. Сол кезде бір Ташкенттің өзінде не жарғысы, не бағдарламалары жоқ екі жүзге тарта әртүрлі ұйымдардың болғандығының өзі жұмыс ауқымын танытатын еді. Революцияның қиын жағдайда өтуі, жергілікті халықтың техникалық күшінің әлсіздігі Кеңесті келісімпаздық тактика ұстануға мәжбүр етті. Жағдайдың аса күрделі екеніне 1917 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Жалпы Сібір съезі» деген мақаласында Әлихан Бөкейхан: «Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан он есе артық» деп жазуы да дәлел бола алады.
1917 жылғы 2 наурыз­да Төртінші Мемлекеттік Думаның мүшелерінен тұратын уақытша комитет пен Петроград жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің келісімі бойынша құрылған Уақытша үкімет қағидатты еш мәселені шеше алмағаны белгілі. Содан 1917 жылдың күзінен Түркістанның саяси қағамдық дамуында екі бағыт айқындала бастады. Оның бірі – ұлттық күштердің Түркістан автономиясын жариялауға дайындалуы. Екінші бағыт – большевиктердің өкімет билігін басып алуға тырысушылығы. Ақырында 1917 жылдың 13 қыркүйегінде Ташкент анархо большевиктер билігіне көшеді. Бұған қарсы күресуге жұмысшы және солдат депуттарының өлкелік кеңесі де дәрменсіздік танытады. Уақытша үкімет те бұған тыйым сала алмады. Көтерілісшілердің өздері әзір кеңес өкіметінің көрінісін жасау ерте екенін сезініп, тыныштала қойды. Ал 1917 жылдың 25 қазанында Ташкентте төңкеріс кеңес өкіметін орнатты. Ал осы жылдың 15-19 қарашасында өткен Түркістан кеңестерінің III съезі Түркістан жұмысшы, солдат және шаруа депутаттарының Өлкелік ең жоғары органы – Халық Комиссарлар кеңесінің (өлке өкіметінің) құрамына жергілікті халықтардың бірде-бір өкілін сайламады.
Өлкеде қалыптасқан осындай жағдай жоспарланған IV Төтенше Өлкелік мұсылмандар съезін дайындауға алып келді. Алайда алда Түркістанның тәуелсіздігі ме, әлде автономиясы ма деген сұрақ тұрды. Алдын ала өткен мәжілістерде барлық облыстық ұлттық орталықтардың басшылары мен кейбір ықпалды кісілер Түркістанның Ресейден бөлінуін жариялау қажеттігі туралы мәселе көтерді. Ал Өлкелік мұсылмандар кеңесінің басшылары Ресей Федерациясы құрамындағы Түркістан автономиясы принципін ұстанып, осыған съезд делегаттарын көндіріп, әзірше автономия жариялауды ұсынады.
Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясы идеясын аса сақтықпен, ұстамдылықпен, өлкедегі саяси күштердің арасалмағын талдай отырып тұжырымдады. Өйткені объективті және субъективті факторларды мұқият зерттеусіз азаттық үшін күресті тиімді жүргізу мүмкін емес еді. Сондықтан ең алдымен жергілікті тұрғындардың өздерінің ауызбіршілігін қамтамасыз етуге, олардың автономия идеясы төңірегіне топтасуын нығайтуға бар күш жігер жұмсалды. Ол кездері автономия Мұстафа Шоқайша былай түсіндірілген болатын: «Түркістанның дербес ел басқаратын мекемелері мен атқару органдары, яғни заң шығаратын парламенті және іс жүргізетін үкіметі болуға тиіс деп ойлайтынбыз. Сыртқы саясат, қаражат, жол, әскери істер Бүкілресей Федерациясы үкіметінің ісі деп есептейтінбіз. Оқу-ағарту жұмыстары, жергілікті жолдар мәселесі, жергілікті мекемелер, заң және жер мәселелерінің бәрі жергілікті автономиялы үкіметтің ісі деп қарайтынбыз. Біз, әсіресе, жер мәселесіне ерекше мән беретінбіз. Әскери құрылыс мәселесіне де едәуір елеулі өзгерістер енгізбекші едік». Бұл тұжырым Алаш партиясының мемлекеттік құрылым жөніндегі ұстанымына идеялық, мазмұндық тұрғыдан үндес келетін.
1917 жылдың 25 қарашасында, кешкі сағат 7-де облыстық және уездік ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Қоқандағы Шуара и исламия штаб пәтерінде Өлкелік мұсылман кеңесінің алдағы күрес тәсілдері мен жолдарын белгілеген мәжіліс өтеді. Онда Құрылтайды ұйымдастыру бюросының төрағасы Мұстафа Шоқай Қоқанға келген делегаттармен алдағы жиынның күн тәртібі, съездің мандат комиссиясы мен төралқа құрамы, т. б. мәселелер бойынша пікір алысады. Ал 26 қарашада өткен аймақ мұсылмандарының IV Төтенше құрылтайында Түркістан мемлекеттік статусы туралы мәселе қаралып, 27 қарашада – Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың саяси тәуелсіздігін қамтамасыз етуді мұрат тұтқан, жұрт өзін-өзі басқаруға, Түркістан аймағын Ресей демократиялық республикасымен бірлікте, бөлек жасауға да ерікті территориялық автономияны жария етіп, оның формасын шешуді Түркістан Құрылтай жиналысына қалдырады. Бұлай, жасау, шын мәнісінде, Түркістан республикасы болу, 1917 жылғы 21 қарашада «Қазақ» газетінде басылған «Алаш» партиясы программасының жобасында «Қазақ жүрген облыстардың бәрі бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия республикасының федерациялық бір ағзасы болуы» деп жазылған талапқа да сәйкес еді. Ал 28 қарашада Түркістан халық өкіметінің ұйымдастыру мәселелері қаралғанда билік Түркістан Уақытша Кеңесі мен Түркістан халық басқармасы (үкіметі) құзырына тапсырылады. Үкімет басшылығына алғашында Мұхамеджан Тынышбаев сайланып, екі аптадан соң оны Мұстафа Шоқай ауыстырады. Қоқан (Түркістан) автономиясының өмірге келуі Түркістан халықтарының саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының нақты көрінісі болатын. Мұны Мұстафа Шоқай былайша жазған-ды: «Бұл құрылтай шын мағынасында Түркістанның ұлттық бірлігін айқын көрсетті. Большевиктердің түркістандықтарды бөлшектеп, құрылтай жиынына қарсы қойған әрекетінен түк шықпады». Бірақ шешен съезде сөйлеген сөзінде автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктерді жан-жақты көтерген еді. Содан Түркістан Уақытша үкіметі ең алдымен қарулы күштердің құрылуы, қаржы және салық жүйелерін тәртіпке келтіру, мемлекеттік мекемелерді қалыптастыру сияқты жаңа мемлекеттің өткір мәселелерін жүзеге асыруды айқындайтын бағдарлама жасаумен шектелмей, нақты істерге де кірісті. Мысалы, қаржы саласын бір жүйеге келтіру үшін, жаңа салық заңдарын айқындау үшін салық инспекторлар жиналысы өтті. Жер мәселесіне байланысты заңдар дайындалды.
«Қоқан автономиясы» жарияланғаннан соң, Мұстафа Шоқай Орынбор қаласында өтетін Екінші бүкілқазақ съезіне қатысуға аттанады. Ол Түркістан өңіріндегі жаңалықты съезд делегаттарына жеткізіп, Қоқан автономиясының, жаңадан құрылған Алашорда өкіметінің мақсат-мүддесі ұлттық бірлік екенін айта отырып, Екінші жалпықазақ құрылтайы делегаттарын Түркістанмен бірге болуды алға тартады. Осы арада 1935 жылғы «Түркістан» атты мақаласында Мұстафа Шоқай сол кездегі Түркістанды: «1. Қазақ өлкесі (Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстары), 2. Түркістан өлкесі (Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарқанд және Закаспий облыстары), 3. Бұхара хандығы және 4. Хиуа хандығы» сияқты төрт бөліктен тұрады деп жазғанын еске түсіре кетейік.
Алашорданың Қоқан автономиясымен бірге болу мәселесі құрылтайдан кейін өткен алғашқы жиналыста арнайы қаралады. Осы арада бір мәселеге арнайы назар аудару қажет. Кейбір зерттеушілер Алашорда және Түркістан автономияларының қосылулары мәселесі туралы Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай көзқарастарынан алшақтық іздейді, Алаш қозғалысы екіге бөлінді дейтін де жоқ емес. Меніңше, бұл мәселеде стратегиялық мақсат бір еді, ал тактикалық жақтан пікір алуандығы болды. Оған Әлихан Бөкейханның жоғарыдағы ойын ескерген жөн. Алайда өзі барынша сыйлайтын Әлихан Бөкейханның жан жақты түсіндіріп, мәселені Сырдария қазақтарының өздері шешкенін байыптап айтқаннан соң, Мұстафа Шоқай ұстазының аталы сөзіне тоқтайды. Осы идеяны жеткізу үшін Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай тез арада Сырдария қазақтарының съезін шақыру туралы жеделхат жолдайды. Ондай съезд шақырылып, делегаттарға Сырдария қазақтарының Алаш автономиясына міндетті түрде қосылуы қажеттігін, қалыптасқан жағдай осыны талап ететіндігі түсіндірілді. Бұл, шынына келгенде, қазақ халқының біртұтастығын сақтау жөніндегі Алаш зиялыларының ұстанымы болатын. Алайда сол кезде Азамат соғысының басталуына байланысты Орта Азия мен Қазақстанда қалыптасқан жағдай мен Сырдария облысының Түркістан автономиясы құрамынан бөлініп кетуі Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына соққы болып тиеді деген пікір негізге алынып, екі автономияның қосылу мәселесі өз шешімін таппай қалады. Мәселенің соңғы шешімі Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы өткенше қазақ даласы да, Түркістан да өз алдарына автономия болып қала беруге келісіледі.
Мұстафа Шоқай бастаған топтың алдында Түркістан Мұқтариятын одан әрі нығайта түсу мәселесі тұрды. Бұл бағытта бұқара халықтың, демократиялық партиялар мен козғалыстардың белсенді қолдауын, алда тұрған мемлекеттік құрылымға халықтың мандатын алуды ойлады. Олар мұны алда жоспарланып отырған жұмысшы солдаттардың және диқан депутат мұсылмандарының төтенше съезінен күтті. 28 желтоқсанда Қоқанда ашылған съезд қарарында Түркістан Мұқтариятының бүкіл өлке халқының атынан сөйлеуіне заңды негіз жасап, қарашада өткен Түркістанның Төтенше жиналысы жарияланған автономиялық үкімет құрамына өз өкілдерін енгізді. Съезд терең шынайылылықты, халықтардың өзін өзі басқару туралы ұрандарға адалдығын танытатын Түркістан автономиясын нығайтуға Орталық Халық комиссарлары кеңесі тарапынан барынша көмек болады деп сенді. Содан телеграф арқылы Петербургтегі кеңес үкіметіне жеделхат жіберіліп, Түркістанның автономиялық үкіметін жалғыз заңды үкімет ретінде мойындауды, Түркістанға жат Ресей ішкі губерниясынан келген орыс солдаттарының күшімен орнаған, Түркістан тұрғындары көпшілігінің еркін таныта алмайтын Ташкент кеңес үкіметін таратуға өтініш жасалды. «Түркістан территориясында жалғыз заңды билік Түркістан автономиясының уақытша Үкіметі» дегеннен кейін патша үкіметінің мұсылман жұртшылықты қанау мен жаншу үшін енгізген әскері Түркістанда бұрынғы гегемония және зорлық зомбылық саясатын жүргізуде деп жазылды. Бұған қайтарған сол кездегі Халық комиссары Сталиннің жауабы мынандай мазмұнда болды: «Кеңестер өз ішкі істерінде автономды және өздерінің реалды күштеріне қарай әрекет етеді. Сондықтан өздерінің пікірлерінше, Түркістанның жергілікті пролетарларына Түркістан Кеңхалкомына қарайтын әскери бөлімі бар Ташкент Кеңхалкомын тарату туралы Петербургке айтудың қажеті жоқ, оған түркістандық жергілікті пролетариат пен шаруалардың күштері жетсе күшпен таратыңыздар». Сталиннің бұл жауабы мұсылман бұқараны Қазан революциясының азаттық ұрандарының шынайылығына күдіктендіріп, Түркістанда отаршылдықты, бетімен кеткен солдаттардың
жыртқыштық әрекеттерін күшейте түсті.
1918 жылғы 19 қаңтарда Ташкентте өткен Түркістан Кеңестерінің IV съезі «Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялап, оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату» жөнінде қаулы қабылдады. Мұның аяғын большевиктер Қоқан автономиясын қанды қырғынға ұластырды. Қала үйіндіге айналды. Сөйтіп Түркістан мұқтариаты барлығы 64 күн ғана өмір сүрді.
Автономияның құлауының себептері көп болды. Кеңес үкіметі оны алғашқы күндерден бастап-ақ мойындамады. Большевиктер жергілікті халық арасында кең көлемде қарсы үгіт жүргізді. Соның салдарынан автономияның негізгі мақсаты мен мұратын жете түсінбеген бұқара халық тарапынан да оған тиісті қолдау көрсетілмеді. Ең бастысы Петербургтен бастау алып, Ташкентте өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі оны Түркістан өңірінде қауіпті құрылым деп санады. Сонымен 1917 жылғы сәуірден кейінгі большевиктер Ресей мен Шығыстың мұсылман еңбекшілеріне жолдаған үндеуінде: «Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңдер! Тұрмыс тіршіліктеріңізді Сіздер өздеріңіздің салт дәстүрлеріңізге сай, өз қалауларыңызға орай құруға тиіссіздер!…» деген де, 1918 жылы қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезі Ленин дайындаған «Еңбекшілер мен қаналушы халықтар құқықтарының декларациясында» атап көрсетілген өзге ұлттардың өзін-өзі билеу құқы да жоққа шығарылды.
М.Шоқай он жылдан кейін ұлттық саяси құрылымның тәжірибесін талдай келе, Қоқан автономиясы өзінің екі айлық өмірінде не істей алды деп сұрақ қоя отырып, оған былай деп жауап берген болатын: «Көп және аз. Тарихи кезең талабына сәйкес – аз, егер тарихи кезең талабына сәйкес – еш техникалық дайындықтың жоқтығын ескерсек – көп». Большевиктердің Қоқан үкіметінің белгілі бір идеясы мен бағдарламасын мойындамағанын, сол үшін күрескенін де ескерген жөн.
Түркістан автономиясынан бері ғасырдан астам уақыт өтсе де бұл тақырып әлі зерттеушілер назарынан түскен жоқ. Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, бұл Түркістан халықтарының азаттық үшін әлі әлсіз болса да, тарихта бедерлі із қалдырған алғашқы күресі еді. Екіншіден, Түркістан Мұқтарияты әлі толық зерттеліп болған жоқ. Оған әлі біраз дүниелердің жабықтығы да әсер етіп отыр.
Сонымен қатар Түркістан Мұқтариятына басшылықты Мұстафа Шоқайға қимайтындар да жоқ емес. Осы жөнінде бірер сөз айта кетейік. 1917-1919 жылдардағы Башқұртстан автономиясының төрағасы болған Ахмет Зәки Валидов 1994 жылы Уфада шыққан «Естеліктер: Түркістан халқының және шығыс мұсылман түріктердің ұлттық тұрмыс пен мәдениетті сақтау үшін күресі» (Воспоминания: Борьба народов Туркестана и восточныхмусульман-тюрков за национальное бытие и сохранение культуры) атты кітабының бірінші томында Қоқан автономиясын немесе Түркістан Мұқтариятын құру туралы бастама да, түпкілікті шешім де Қоқан қаласындағы IV Жалпытүркістандық мұсылмандардың құрылтайында емес, Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің Торғай облысы бойынша комиссары Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесі – резиденциясында қабылданды» деп жазды.
Бұл мәліметте бір ғана шындық бар. Ол Мұстафа Шоқайдың Қазан төңкерісінен кейін Түркістанның ұлттық күштерінің жайын талқылау мақсатында Орынборға іссапармен барып, ондағы қазақ зиялыларымен кеңеседі. Кездесуде тәуелсіздік үшін күресті жалғастыру, большевиктерді мойындамау туралы шешім қабылданады. Түркістан Мұқтариятын құру туралы шешім осында қабылданды дегенмен келісу қиын. Рас, өзі өсиетін 1939 жылы сонау Францияда жүріп есіне түсіріп, ал ол туралы Түркістандағы кеңес басшы қызметкерлері әртүрлі жала жапқанда қызғыштай қорғаған Әлихан Бөкейханның автономия туралы негізгі идеяның авторы екеніне күмән жоқ. Бірақ мұндай тікелей тапсырма берді деу логикаға келе қоймайды. Сонан соң Түркістан Мұқтарияты мәселесін ел арасындағы белсенділігі мен беделі жоғары болғанымен жалғыз Мұстафа Шоқай шеше алмайды. Бұл – Түркістан қайраткерлерінің ұжымдық жұмысының нәтижесі. Әрине, ұжым басшысыз болмайды. Ол кезде отызға да толмаған жастың қайта өрлеген Түркістанның нағыз көсемі болғаны шындық.
Олай болмаса 1942 жылы 8 ақпанда Парижде Шоқай ұлын еске түсіруге арналған мәжілісте мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, Украина Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Александр Яковлевич Шульгин: «Егер Түркістан тәуелсіздік алып, М.Шоқай тірі болса, ол Джавахарлал Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болар еді» демес еді ғой.

Әбдіжәлел БӘКІР, саяси ғылымдарының докторы, профессор

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × one =