Мұстафа Шоқай көшесі

0 29

Ұлтымыздың ғана емес, түркі жұртының асыл тұлғаларының бірі, Түркістан автономиясының жетекшісі – Мұстафа Шоқай көшесі Промышленный тұрғын алабындағы Көкжелек көшесінен басталады, ұзындығы – 1108, 8 метр. Бұл көше бұрын «Перспективная» деп аталған.Ел ішіндегі аузы дуалы Торғай датқаның әулетінде туған Мұстафа жасынан зерек, оқуға ынталы болып өседі. Алдымен ауыл молдасынан хат танып, кейін Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданып, аз уақыт ішінде білімділігі мен қайсарлығының арқасында қатарластарынан қара үзіп, 1912 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. Мұнда ол Уақытша өкіметтің төрағасы Керенскиймен бірге оқыды. Бірнеше тілді еркін игерді.
Ақпан төңкерісінен соң Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхановпен бірге Ресей Мемлекеттік думасының мұсылман фракциясының хатшысы болды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы кезінде патша әскерінің қазақ жеріндегі бассыздық әрекеттерін сынға алып, Мемлекеттік думаға арнайы мәліметтер ұсынды. Осыған байланысты комиссия құруға себепші болды.
1917 жылы патша билігі құлап, абыр-сабыр болған уақытта Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясын құру идеясын ұсынып, Ташкенттен «Бірлік туы» газетін шығара бастайды. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен де араласып тұрды. Қазан төңкерісінен соң Ташкенттегі жұмысшы депуттарының кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартады. Сөйтіп, өлкедегі барлық билік Түркістан халық комиссарлары кеңесіне көшеді деген қау­лы қабылдады. Мұстафа мұны әділетсіздік деп бағалады.
Содан кейін М.Шоқай бас­таған мұсылмандар қозғалысының өкілдері шұғыл жиналып, төтенше съезд өткізді. Съез шешімімен Түркістан-Қоқан автономиясының 54 адамнан тұратын уақытша халық кеңесінің құрамына сайланып, оның Ұлттық кеңесінің төрағасы және Сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкімет төрағасы Мұхамеджан Тынышпаев қызметінен кеткенде, оның орнына Шоқай сайланды. Ардақты азамат Түркістан автономиясын сақтап қалу үшін жан салды, бірақ қызылдар автономияны қанды қырғынмен таратады. Мұстафаның өзі бұдан Ташкентке қашып, аман қалады.Шыны керек, кеңес өкіметі Мұстафа Шоқайдың ұстанымы мен саяси қызметін жақтыра қоймады, қалайда оның көзін жоюды ойластырды. Сөйтіп оны ұстау үшін басына бір миллион рубль тікті. Бірақ көрер жарығы бар Мұстафа қызылдардың жауыздығын біліп, амалы қалмай, елден кетуге мәжбүр болады. ­Әуелі ағайын ел Бакуге барып, кейін Тбилисиге жетеді. Бұл шаһар да кеңеске берілгеннен кейін Түркияға барып бас сауғалайды. Бұл жерде де көп тұрақтай алмайды, ақыры Парижге барып табан тірейді.
Еуропада 21 жылға жуық эмиграцияда жүрсе де, Мұстафа атамыз бір сәт туған елін жадынан шығармай, кеңестің қыспағында қалған түркі жұртының азапты өмірін әлем назарына жеткізуді парыз көрді. Шетелде жүріп «Жас Түркістан» журналын шығарып, ұлт, халық бостандығы туралы қанжардай өткір мақалаларын жариялады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті Францияны да шарпыды. Көптеген эмигранттар бас сау­ғалап АҚШ-қа кете бастады. Мұстафаға осындай ұсыныс түседі, бірақ одан бас тартып, Парижде қалды. Бірақ қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болды, сүйегі сондағы мұсылмандар зиратына жерленген.
Бір жылдары Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновқа елордадан елеусіз көше берілді. Сол кезде зиялылар дабыл қағып, Алаштың ардақты екі азаматына сол жағалаудағы көрнекі көшелерді беру керек деген мәселе көтерді. Ақыры, бұл іс сәтімен жүзеге асты. Ал Шоқай көшесі шаһар сыртындағы тұрғын алапта сол күйінде қалып қойды. Бүкіл түркі жұрты есімін айтса тік тұратын тұлғаға көше ғана емес, елордадан даңғыл берсе немесе еңселі ескерткіш қойылса да артық емес еді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 10 =