Мүсінге «жан» бітірген

0 93

Гиперреалист мүсінші Айдос Есмағамбетов шынайы кейіпке жақын жасалған мүсіндерімен танымал. Хирургиялық нақтылықты талап ететін бұл өнер екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол – талап пен таланттан сырт, көп ізденуді қажет ететін нәзік өнердің бірі.

«Анам – музыкант, домбыра тартады. Қолөнермен де айналысады, кесте тіккенді жақсы көреді. Ал әкем гипс­тен мүсін жасайды. Менің өнерге деген талпынысым соларға еліктеуден басталды» дейді Айдос өзінің өнері жайында сөз еткенде.

Айдос Есмағамбетов Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика институтының көркемсурет-графика факультетінде білім алған. Сол білім ошағында жүріп қылқаламмен көп жұмыс жасаған ол әртүрлі портреттер, пейзаждар, натюрморттар салыпты. Міне, осы уақыттан бастап шығармашылық бағытын портреттер жасауға бұрған ол мүсін өнеріне кездейсоқ келіпті. «Бір күні теледидардан Мадам Туссо мұражайы туралы репортажды көрдім. Сол жылы Барак Обаманың балауыз фигурасы пайда болды. Осы репортажды қарап отырып, Қазақстанда осындай керемет туындыларды неге жасамасқа деген ой келді. Өйткені бізде де көптеген талантты адамдар бар ғой деген оймен іске кірісітім. Бірақ басында мен үшін бұл өте қиын болды. Қазақстанда бұл технология еш жерде оқытылмайды. Сондықтан күндіз-түні интернеттен мақалалар оқып, YouTube-те бейнежазбаларды қарадым. Сонымен 2010 жылы
Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінін жасауды қолға алдым. Оны жасап шығуға тұп-тура 1 жыл уақыт кетті» дейді Айдос Есмағамбетов.
Осылайша тылсым өнердегі тұсауын кескен Айдос 2013 жылы Абылай ханның, 2016 жылы Барак Обаманың, 2019 жылы Нұрсұлтан
Назарбаевпен бірге Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың мүсіндерін жасаса, 2020 жылы Түркістандағы жаңа музейге арнап, Елбасының үшінші мүсінін әзірлепті. Шашы, қасы, мұртына дейін бар бұл мүсіндер қимылсыз, жансыз дегеніңіз болмаса, бір көрген адамға тірі адамдай әсер етеді. Сонымен қатар, Айдос биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнап, Ұлы Абайдың мүсінін жасап, өз талантымен дүйім жұртты таңдай қақтырды.
Сәулетшілердің көбі мүсіндерді балауыздан қатырады. Алайда оның кемшілігі жоғары температурада оңай жырылып, тез еріп кетеді. Жасаған мүсіндерінің «ғұмырлы» болуына ерекше ден қоятын Айдос силикон пайдаланады екен. Балауызға қарағанда, силиконның артықшылығы көп. Ең бастысы, ол кез келген температураға шыдайды. Дегенмен Қазақстанда мүсіншіге қажетті барлық материалдар табыла бермейтіндіктен, Айдосқа қажетті бұйымдардың көбі АҚШ-тан тапсырыспен келеді екен. «Бағасы өте қымбат. Бір фигураға жалпы 600 мыңнан миллион теңгеге дейін ақша кетеді» дейді ол.
Айдос қазір «Astana Musical» театрында гример болып жұмыс істейді, сол арада реквизиттер, декорация­лар, киноға арналған арнайы гримдер жасайтын оның ең үлкен арманы – Мадам Туссо мұражайы сияқты мүсін мұражайын ашу. «Қазақстанда да аты аңызға айналған тарихи тұлғаларымыздың мүсіні қойылатын орын болуы керек. Мен туристерге біздің ұлы адамдарымыздың, атақты адамдардың мүсіндерін көрнекі түрде көрсете алатынымызға сенімдімін» дейді Айдос Есмағамбетов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =