МҮШӘЙРА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

0 223

Сәкен Сейфуллин мұражайы жыл сайын Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен республикалық жыр мүшәйрасын өткізеді. Биыл жетінші мәрте ұйымдастырылған ақындар сайысының жеңімпаздары анықталды. «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған биылғы мүшәйра «Қазақстаным-Ғажапстаным» аталды. Оған еліміздің әр аймағынан 50-ге тарта ақын қатысты. 

12052017-6

Белгілі жазушы, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлы бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені танымал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай «Қазақстан», «Рух жыры», «Қаратау» топтамалары үшін иеленді.

Бірінші орын Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданының тумасы Ықтияр Мырзақұловқа бұйырды. Қазақстанның негізгі 21 қаласын жырға қосып, еліміздің келбетін жарқырата аша білген, оқырманға көп таныла қоймаған жас ақын мүшәйраның жаңалығы болды.

Қызылордалық белгілі ақын Толыбай Абылаевқа «Жерұйық» толғауы, астаналық жас ақын Арман Шеризатқа «Астана» өлеңі үшін екінші орын берілді.Алматылық Ғалым Қалибекұлы «Қазақстан – мәңгілік махаббатым» топтамасымен, астаналық Олжас Қасым «Ебіней көрген ЭКСПО», аягөздік Ақаш Көксегенов «Менің алтын тірегім» толғауларымен үшінші орыннан көрінді.

Ал Достық Тілеубергенов (Қызылорда облысы) «Көк туды сүйем», астаналық ақындар – Ұларбек Дәлей «Есіл бойын жағалата үй тіктім», Балтабек Нұрғали «Ел бақыты – Елбасы», Қуат Рахатұлы «Арман қала – Астана», Мұқият Қойшыбай «Гүл көмкерген Сарыарқа» өлеңдері үшін ынталандыру сыйлықтарына ие болды.Бұл ақындарды марапаттау рәсімі «Жастар» театрында 3 шілде күні өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 1 =