Мұржа тазалаушыларға сұраныс көп

0 8

Заман қанша өзгерсе де, сұраныс жоғалмай келе жатқан көне кәсіптің бірі – мұржа тазалаушы. Бірақ бүгінде мұржа тазалаушылардың бейнесі өзгерген. Олар осыдан 40-50 жыл бұрынғыдай қолдарына сыпырғыш ұстап, белшесінен күйеге батып жүрмейді. Енді мұржа тазалаушылардың жұмысын жеңілдететін арнайы аппараттар бар.

Жалпы бұл мамандық иелері жыл – он екі ай жұмыссыз отырмайды десе де болады. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, жекеменшік жер үйлерде тұратын қауым пеш-мұржаларын жаз-күз айларында жөндетіп, тәртіптеп алады. Ал бейқам жүргендері алғашқы қар жауғаннан кейін пеш жағу керектігі естеріне түсіп, мұржамен алыса бастайды. Дегенмен түтін шығатын құбырды былтырдан бері баттасып қалған ыс-көңнен тазарту үшін де еп керек. Оның үстіне қаланың ақсаусақ тұрғындары мұржа тазалап, күйелеш болып жүргенді машақат көре ме, бұл істі кәсіби мамандарға тапсырады. Бірақ қыстың көзі қырауда олардың жұмысында нағыз қарбалас шақ туады. Сондықтан жылу беру маусымы басталғалы мұржа тазалаушылардың қызметіне деген сұраныс еселеп артып кетеді.
Он жылдан астам уақыт бойы мұржа тазалаушы болып істеп жүрген Бекбол Базарбай бір айда кем дегенде 30-35 үй иелерінен тапсырыс түсетінін айтады.
– Астанаға осыдан 15 жыл бұрын Қорғалжыннан көшіп келдім. Ауылда мал бақтық, механизатор болдым. Қалаға көшіп келген соң, «Көктал-2»-ден шағын жер үй сатып алдық. Басында әртүрлі жұмыс істеп, такси жүргізіп табыс тапқан болдық. Бірақ әр шаруаның басын бір шалып жүргеннен береке таппадым. Осында бір жерлесім тұрады, бір күні сонымен ілесіп мұржа тазалауға барып, содан бері осы кәсіпке біржолата көшіп кеттім, – дейді ол.
О баста, әлбетте, біраз қиындықтар кездесіпті. Оның үстіне кәсіпті жаңа бастаған адам үшін клиент табу да оңай емес. Әркімнің есігін жағалап «мұржаларыңды тазалап берейін» деп жүру тағы ыңғайсыз. Бірақ біртіндеп тапсырыс берушілер көбейе бастаған. Оған Бекболдың келіскен адамының үйінің алдында айтқан күні, айтқан сағатында барып тұратын ұқыптылығы, жұмысына мұқияттылығы да себеп болған сияқты.
– Қалада мұржа тазалаушылар көп. Мен өзім 20 шақтысын білемін, ал мен білмейтіндер қаншама, сондықтан біздің жұмыста да бәсекелестік жоғары. Сол себепті шаруаңды тыңғылықты істеп, келіскен уақытыңнан қалмай баруың керек. Қазіргі күні коронавирус індетіне байланысты көп адамдар екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыз қалды. Олардың кез келгені мұржа тазалауға бара салады, бұл кәсіптің арнайы оқуы жоқ, әркімнің-ақ қолынан келеді, – деп кейіпкеріміз өзінің нан тауып отырған кәсібіне аса ыждаһаттылықпен қарайтынын білдіртті.
Бүгінде бір мұржаны тазалау шамамен 4-5 мың теңге тұрады. Әр үйде неше мұржа бар, ақысы соған қарай келісіледі. Жапсарлас салынған үйлердің қожайындары бірлесіп тапсырыс жасаса, әр мұржаны тазалау құнын 4 мыңға да түсіруі мүмкін. Жұмыс арнайы аппаратпен жасалынады.
Бекболға осы жұмысы ұнайды. Отбасын асырарлық тұрақты табысы, тұрақты клиенттері бар. Жылда жаңадан тапсырыс берушілердің саны артып келеді. Кейде мұржа тазалаушыларды әлеуметтік осал топтағы азаматтарға көмектесу үшін жұмысқа әкімдік те шақыртады.
– Жыл басынан бері астанада пешті, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбағандықтан 300-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Жекеменшік үйлердің түтін шығатын құбырлары тазаланбауы салдарынан адамдардың иісті газға улану оқиғалары болды. Биыл 15 тамыз-15 қыркүйек аралығында өртке қарсы қауіпсіздік айлығын жүргізу барысында 18 мыңға тарта қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерін анықтадық. Жылу беру маусымы басталғанға дейін олардың 70 пайызы тәртіпке келтірілді, – деді Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов.
ТЖД дерегі бойынша былтырғы жылу беру маусымы ішінде қалада 29852 үйдің өрт қауіпсіздігі тексерілген. Сонымен қатар департамент мамандары қалалық әкімдік қызметкерлерімен бірлесе жүріп жекеменшік үйлерге 1264 иісті газдың датчиктерін орнатқан, олардың 980-і – әлеуметтік осал топ өкілдеріне тиесілі баспаналар.
Айта кетейік, тұрғын үйлердің өртке қарсы талаптарға сай екенін тексеру шаралары жылу беру маусымы кезінде үзбей жүргізіліп тұрады. 2020 жылы 1 қарашада ТЖД жариялаған мәліметке сүйенсек, 5 мыңға жуық өртке қарсы ереже талаптарын бұзушылық анықталып, жойылған.
Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, департамент мамандары айыпты жандарды ешқандай әкімшілік жазаға тарта алмайды. Тек тілсіз жаудың қауіптілігін ескертіп, ақыл-кеңес қана бере алады. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігін бұзушылар әлеуметтік осал топ өкілдері санатынан болатын болса, оларға көмектесу үшін әкімдік арқылы пешшілерді, мұржа тазалаушыларды жібере алады.
Бекбол Базарбай былтырғы қыста осындай бірнеше отбасылардың пештерін тазалап бергенін айтты. Бірақ оған биылдыққа әзірге мұндай тапсырыс түспеген екен. «Біз тек құбырды ғана тазаламаймыз, қажет болса иісті газдың датчиктерін орнатып, пешті де жөндеп береміз» дейді ол.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 − seven =