Мұржа тазалаушылар жетіспейді

0 41

Биыл елордада 300-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Оның жартысынан көбі жекеменшік тұрғын үйлерде болған. Мамандар алдағы қыс кезінде өрт қаупі мұнан арта түспесе, кемімейтінін айтады. Әсіресе, пеш жағатындар абай болған жөн.

Осы күні елордада мұржа тазалаушыларға деген сұраныс артып тұр. Жеке сектор тарапынан шақыртулар көп. Қысқа қазірден қамданған жұрт Ерлан Болат секілді мұржа тазалау­шыларды іздейді. Олардың да жұмысы қауырт қазір.
Ерлан Болат, мұржа тазалаушы:
– Біз бұрын ауылда тұрғанда осындай қазақы пеш болған. Әрдайым бықсиды. Әкем оны тазалайды. Сосын есейген соң мен де тазалайтын болдым. Қазір мұржа тазалайтын небір жақсы аппараттар бар ғой, содан бері жұмысымыз жеңілдеді. Алғашында оны игере алмай қорқақтайсың, кейін үйреніп кетесің, – дейді ол.
Пешті өздігінен тазалай алмайтын, оған ерінетін адамдар көп. Жеке үйлерде тұратын мұқтаж жандар болады, оларға да көмек керек. Пештің мұржасын өздігінен тазалауға көбінің шамасы келе бермейді. Осындайда мұржа тазалаушыларға деген сұраныс артады. Жылыту мерзіміне мұқият даярланбаса болмайды. Осыны ескерген қалалық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары үй-үйді аралап, өрттің және улану жағдайларының алдын алуға тырысады. Жылыту маусымы қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың пешін көріп, өрт дабылын да тегін орнатып береді.
Людмила Стрижак, қала тұрғыны:
– Пештің сиқы мынау. Біз көшіп келгенде осындай күйде болды. Жаздыгүні оған от жағып, үйді жылытып көрмедік. Қорықтық. Енді арнайы мамандар келіп, оны жөндеп берді. Үш балам бар. Солардың қауіпсіздігіне бұдан былай алаңдамайтын болдым, – деп мұңын шақты ол.
Жыл басталғалы елордада 300-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Оның тең жартысы тұрғын үйлерде болған. 12 адам тілсіз жау­дың құрбанына айналды.
Бауыржан Сыздықов, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
– Былтыр 12 адам өрттен қайтыс болды. Солардың 5-еуі өздері ішкілік ішіп, қайғылы жағдайға душар болып отыр. Көп жағдайда жылыту пештерін дұрыс қолданбаудан, масаң адамдардың қауіпсіздікті сақтамауынан, электр сымдарының дұрыс жалғанбауынан өрт шығады. Өрттің себептері жетерлік, мен солардың ең жиі кездесетін түрлерін айтып отырмын, – деді маман.
Былтырғы жылғы рейдтердің қорытындысы бойынша өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 18 мың дерегі тіркелген. Мамандар көбіне жеке секторда талап орындала бермейтінін айтады. Сондықтан тұрғындардың өрттің алдын алу шараларына бей-жай қарамауын ескертеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 4 =