Мұражайға барасыз ба?

0 324

 

Нағыз тарихтың, өнердiң орталығы – мұражай. Ол – мәңгiлiк құндылықтардың қайнар көзi. Шетелдiктер мұражайға халық баласын ертiп ағылып барып жатады. Себебi, сәбидiң санасына ұлтының тарихын солай сiңiредi. АҚШ-тың өзiнде Ақ үйдiң маңындағы тұтас бiр көшеде сол елдiң тарихынан сыр шертетiн мұражайлар көшесi орналасқан екен. Оған күнiне мыңдаған адам барады. Ал, бiзде қалай?

Әшiрбек СЫҒАЙ,
театр сыншысы:

– Терең тарихтың қойнауына сүңгiтiп, сол арқылы жан дүниеңдi байытатын орын – мұражай. Мұражай – кешегi күнмен байланыстыратын құрал. Ол – халықтың өткенi жайлы көптеген мәлiметтермен жастарымыздың бойына рухани азық бередi. Өзiме мұражайға барған қатты ұнайды, қиялға бөлейдi, санаңды сiлкiлейдi. Қазiр, мұражайдан саусақпен санарлық қана адамдарды, оның iшiнде егде тартқан кiсiлер, шетелдiк туристер, өнерге қатысы бар адамдардан басқа жандарды байқамаймыз. Студенттердiң өзi сабақтан арнайы тапсырма берiп, жiбергенiн айтады. Кейбiреулер көне дүниелерге қы-зықпаймыз деп жатады. Мұражайға бас сұғып, қызығушылық танытпай-тындарға, әрине, қынжыламыз. Баласын мұражайға жетектеп бара жатқан ата-ананы да кездестiрмейсiз. Бұлардан гөрi компьютер әперiп, соның алдына баласын байлап қойғанды артық көретiндер саны әлдеқайда көп. Мүмкiн, жастарымызға мұражайдың жолын сiлтеп, ұлттық тарихымызға деген қызығушылық тудыра алмаған идеологиялық бөлiмдерiмiздiң кемшiлiгi болар. Ұлттық құндылықтарымызды кейiнгi жастарға насихаттау, үлгi-өнеге етiп көрсету – баршаның мiндетi деп бiлемiн.

Раушан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
С. Сейфуллин атындағы мұражайдың ғылыми-зерттеу бөлiмiнiң меңгерушiсi:

– Сәкен Сейфуллин шығармалары мектеп, университет қабырғаларында оқытылатындықтан, бiзге оқушылар, студент жастар келедi. Мектептермен тығыз байланыстамыз. Олармен әртүрлi әдеби кештер, лекциялар, ашық сабақтар, оқушыларды қызықтыратын шаралар ұйымдастырамыз. Ақынның өмiрi мен шығармашылығымен жете танысу үшiн бiздiң мұражайда барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, жуырда екi француз әйел келдi. Қазақ мәдениетi жөнiнде бiлгiмiз келдi дейдi олар. Оған қоса, «Жұлдызды 20 күн» деген iс шара ұйымдастырдық. Онда 20 күн бойы мұражайға кiру тегiн болды. Бұл күндерi әдеттегiдей оқушыларын ұстаздары күштеп әкелген жоқ. Олар өз беттерiмен келiп, тамашалап, суретке түстi. Сондай-ақ, жуырда адамдарды өз қызығушылықтарымен келетiндей етiп, Башқұртстан, Өзбекстанға барып тың деректер алып келмекшiмiз. Осындай түрлi шараларды ұйымдастырудың нәтижесiнде, мұражайларға халықты көптеп тарта аламыз деп ойлаймын.

Елнар ҚАЖЫКӘРIМОВ,
студент:

– «Мың рет естiгеннен, бiр рет көргенiң артық» демекшi, өзгелердi бiлмеймiн, өзiм мұражайға барғанды жақсы көремiн. Мұражайға келген адамдар бәрiн қолмен ұстап, көзбен көру керек деп ойлаймын. Ал, бiзде «қолмен ұстауға болмайды» деп жазып қояды.
Мысалға Ресейде мұражайтану, театртану сынды бағдарламалар бар екен. Осы бағдарлама арқылы Эрмитажға барып, бiрегей туындыларды тамашалауға мүмкiндiк бар. Бiздiң елде де осындай бағдарламалар болса, оқушыларымызға ұстаздары бас болып, мұражайларға барып жатса, қандай жақсы болар едi?!

Еркежан КӨПТIЛЕУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + 2 =