МҰРАЖАЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МЕРЕЙІ

0 237

IMG_6538

Халықаралық мұражайлар күнінің қарсаңында Бейбітшілік және келісім сарайында еліміздің әр аймағынан елордаға келген мұражай мамандарының қатысуымен «Мәңгілік елге саяхат» атты дөңгелек үстел өтті. Шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан туындайтын мұражай ісін дамыту, тарих пен мәдениеттің біртұтастығы мәселелері талқыланып, Мәдениет министрлігі атынан сала үздіктері марапатталды. Сондай-ақ, «ИКОМ Қазақстан белсендісі» дипломдары мен 50 мың теңгелік атаулы гранттар тапсырылды.

Мұражай ісі елімізде жанданып келеді. Былтырғы ақпан айында «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің негізінде «ИКОМ Қазақстан» халықаралық ұйымы құрылған болатын. Оның құрамына еліміздегі 235 мұражайдың 70-і кірді. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен этно-мемориалдық кешен жанынан «ИКОМ Қазақстан. Қазақстан мұражайларының мұрасы» және «Астана қаласының мәдени мұрасы» республикалық ғылыми-танымдық журналдары шыға бастады. Биыл Астана күні мерекесі кезінде ҚР Ұлттық мұражайының да есігі айқара ашылмақ.

Дөңгелек үстел барысында болашақ Бозоқ қаласының маңында ашық аспан астындағы мұражай салу идеясы ортаға тасталды. Мұндай ой иесі – К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллина: «Бозоқ қалашығы Астана тарихын мыңжылдықтарға жылжытады. Астананың атасы – осы қала. Сондықтан, Астана туралы айтқанда да Бозоқты естен шығармауымыз керек. Ежелгі қаладан сыр шертетін мұражай салынса, ұтылмаймыз» деді.

Осы қаланы ашқан қазақ археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевтың 90 жылдығы екені, ғалымның мерейтойы атаусыз қалмауы қаперге салынды.

Аймақтардан келген мұражай мамандары өздері атқарып жатқан жұмыс жайында әңгімеледі. Әсіресе, Алматы облысындағы жұмыс қомақты екен. Мәселен, облыстық М. Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану мұражайы «Алтын адам керуені» жылжымалы көрмесін биылғы көктемде киелі Түркістан қаласынан бастап, Атырауда жалғастырды. Күз айларында аталмыш көрме Өскемен, Павлодар, Қарағандыға баруы тиіс.

Әрине, Астана мұражайлары да өзгелерден олқы соғып тұрған жоқ. Оған дәлел – дөңгелек үстел барысында «ИКОМ Қазақстан» атынан Қазіргі заман өнер мұражайының директоры Нелли Шивринаның және ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары Ботакөз Қайыпованың, белгілі реставратор Қырым Алтынбековтің марапатталуы.

Марапатталғандардың арасында Алматы қаласындағы С.Мұқанов және Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков те болды. Одан мұражайдың тыныс-тіршілігі және жаңалықтары жайында сұрағанымызда, ол: «Әдеби-мемориал­дық мұражайлардың ерекшелігі – жазушының ғұмыр кешкен дәуірінің тынысын сезіндіреді. Жазушылардың сол кездегі кітаптары, қолжазбалары, жұмыс кабинеттері, кітапханалары сақталған.

Сәбит Мұқанов көзі тірісінде «Жұмбақ жалауды», кейін «Ботакөз», «Адасқандарды» біраздан соң «Мөлдір махаббат» қылып шығарды. Сол сияқты біраз шығармалар бірнеше нұсқада жарық көрді. Соның қолжазбалары бар бізде. Қандай өзгерістер болды, салыстыра зерттедік. Кейбірі таптық көзқарасқа байланысты өзгерген екен. Мысалы, «Адасқандарды» жұрт қатты іздейтін. Бұл Сәбит Мұқановтың алғашқы романы ғой, онда идеологияның бояуы онша жоқ еді. «Шіркін-ай, сол «Адасқандарды» қайта басып шығарса, дұрыс болар еді. Кейінгі басылымдарда цензураға ұрынды» деген елдің пікірін естіп жүріп, оқырмандардың сұранымына орай Астанадан «Адасқандардың» алғашқы нұсқасын басып шығардық» деп жауап берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 2 =