МҰРАТЫ БИІК МҰСТАФА

0 96

A42338E2-7DFF-4D89-94E2-DDA3FDAF358B_w900_s

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада алаштың ардақты перзенті, көрнекті тұлға Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 жыл толуына орай «Мұстафа Шоқай – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби танымдық кеш өтті.

Біз Мұстафаны әлі де толық тани қойғанымыз жоқ. Әрине, ол туралы кино да түсірілді, роман да жазылды. Оның өмірі мен қайраткерлік қырын зерттеген еңбектер де жарық көрді. Алайда, асыл азаматқа деген кеңестік қоғамда қалыптасып қалған түсініктің әлі де болса көбесі сөгіле қоймағандығын байқаймыз. Тіпті, алашшыл тұлғаның өмірде ұстанып өткен идеясының түпкі мәнін терең түсінген санаулы ғана көкірегі ояу азаматтар болмаса, көпшілікке жете қойған жоқ. Осыдан-ақ, біздің елдегі «тұлғатану» ғылымының кемшіндігі бар екендігін көреміз.
Мұстафа Шоқай – елім деп атқа қонған алаш асылдарының барлығы түрмеге тоғытылып, одан қалды ату жазасына кесілгенде, жалғыз өзі шет ел асып, эмиграцияға кеткен тағдыры күрделі тұлға. Оның шет жерде өткізген ғұмырын өмірлік жары – Мария Яковқызынан артық бөліп қарай алмайсыз. Осы әжеміз жұбайы дүниеден озғаннан кейін де оның барлық мұраларын көзінің қарашығындай сақтап, мұрағатқа тапсырып кеткен. Бұл – екі адамның қолынан келе бермейтін ерлік!
Ел ішінде көрнекті тұлға жайында бір тәмсіл бар. Атамыз Санкт- Петербург университетінің заң факультетінде 1917 жылы билік басына келген Уақытша үкіметтің басшысы А.Керенскиймен бірге оқыған. Кейін ол билік басына келгенде Мұстафаны бірге қызмет істеуге шақырады. Сонда Мұстафа: «Сенің уақытша деген атағың бар ғой» деп үнсіз қалған екен. Осыдан-ақ, асыл ердің азаматтық болмысын анық байқайсыз.
Әдеби кеште даңқты тұлға жайында ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы әсерлі әңгіме өрбітті.
– Еліміз егемендік алғаннан кейін Мұстафаны алғаш зерттеген адам Әбу Текенов деген ағамыз еді. Осы кісінің есімі қазір көп айтылмайды. Мен айтулы тұлға туған өңірде дүниеге келдім. Сондықтан, оның есімі маған бала кезден таныс. 2010 жылы атамыздың 120 жылдығын тойлау қарсаңында Франция астанасы Парижге жолымыз түсті. Онда мен Қызылорда облысы әкімінің орынбасарымын. Делегация құрамында 5-6 адамбыз. Сонда Париждің іргесіндегі шағын қалада Мұстафа тұрған үйді барып көрдік. Қарапайым бес қабатты үй. Біз сол үйдің алдына көрнекті тұлғаның бюстін қойдық. Оған сол қаланың мэрі қолдау білдірді. Ескерткіш алдына Сырда ғана өсетін Тұт ағашын ектік. Одан кейін Мария апайдың бейітіне бардық. Құлпытасында туған жылы бар да, қайтқан жылы жоқ екен. Оны анықтап білсек, Мария Шоқай өлерінен бір жарым жыл бұрын арнайы тапсырыс беріп, құлпытасын жазғызған. Францияның жер заңы бойынша 50 жылдан кейін бейіттің ақшасын төлемесе, оған басқа адамды жерлейді. Әжеміз жатқан жердің мерзімі де бітіп қалыпты. Содан, соған жауапты маманнан анықтап білсем, жерді ұзартуға 970 еуро төлеу керек екен. Сол мезетте қалтамдағы қаржымнан төлеп кеттім, – дейді сенатор.
Одан кейін сөз алған Мұстафа Шоқай әулетінің ұрпағы – Пенсекүл Бәйішқызы кеңестік дәуірде даңқты тұлғаның барлық жақындарының көрген құқайлары туралы көзіне жас алып, тебірене сөйледі. Тіпті, жетпісінші жылдардың орта кезінде бір ағасының ұлы Германияда әскери борышын атқарып жүрген жерінен із-түссіз жоғалып кеткендігі жайында егіліп айтты. Ол бауырынан бүгінге дейін еш дерек жоқ екен.
Сондай-ақ, кеш барысында техника ғылымдарының докторы, профессор Мейірбек Молдабекұлы, тарих ғылымдарының кандидаты Құралай Сәрсембина, белгілі қаламгерлер Табыл Құлияс, Серік Тұрғынбек ардақты тұлғаның азаматтық келбеті мен қайраткерлік қырына жан-жақты тоқталып, толымды әңгіме өрбітті.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 14 =