Қалада қолайлы қоршаған орта қалыптасқан

0 143

– Алло, сәлеметсiздер ме? Қазiргi уақытта экологиялық мәселелерге үлкен мән берiлуде. Осыған байланысты, айтыңызшы, Астананың экологиялық жағдайы қандай деңгейде?
– Дұрыс айтасыз, қазiргi кезде эко­логиялық мәселелердi шешу негiзгi жоспарға қойылып отыр және өзектi болып табылады, өйткенi бұл адам денсаулығына, жалпы айтқанда жер­дегi тiршiлiктi сақтауға байланысты. Бұл ретте нақтырақ айтар болсақ, Астана қаласы ауасының ластану индексi өткен жылда 3,08 бiрлiктi құ­ра­ды, бұл 2010 жылғы көрсеткiш­тен 2,39 бiрлiкке жақсарған. Ал, жер­үстi суларының ластану индексi 2011 жылда 2,06 бiрлiктi құрады, бұл был­тырғы деңгейден 0,27 бiрлiкке жо­ғары. Жалпы, Астанада қолайлы қоршаған орта қалыптасқан.

 – Қала ауасы бассейнiн негiзгi ластаушылардың бiрi тұрақты көздер болып табылатындығы белгiлi, тұрақты және жылжымалы көздерден атмосфераға зиянды заттар эмиссиясын төмендетуге үлес қосу үшiн қандай жұмыстар жүргiзiлуде?
– Алға қойылған мiндеттердi орын­дау үшiн орта және кiшi қуат­ты­лықтағы автономды қазандықтар санын қысқарту бойынша кешендi iс-шаралар өткiзiлдi. Сондай-ақ, шы­ғарынды газдарында ластағыш заттар құрамы артқан автокөлiк құралдарын пайдаланғандар әкiмшiлiк жауапқа тартылды. Атмосфераға шығарынды­ларды төмендету мақсатында өткен жылы №1 ЖЭО қайта жаңарту шең­берiнде №3 қазандық агрегаты бата­реялық түрдегi және азот қышқылын басу жүйесiмен жаңа буынды эмуль­гаторлармен жабдықталған жаңа қазандық агрегатымен ауыстырылды. Сонымен бiрге, №2 ЖЭО қайта жа­ңар­ту шеңберiнде азот қышқылын басу мақсатында №6 қазандық агре­гатында жөндеу жүргiзiлдi. Бұл азот қышқылы бойынша меншiктi шыға­рындыларды 650 мг/н.м3 дейiн төмен­детуге мүмкiндiк бердi. Сондай-ақ, жа­нармайды №4 қазандық агрега­тын­да жағудың 2012 жылдағы ұқсас жүйесiн құрастыру үшiн құрылғылар сатып алынды. Қаладағы автокөлiк­тердiң 100 пайызын қамту мақса­тын­да жол полициясының техникалық диагностика станциясында техника­лық тексерiстен өткiзу кезiнде шыға­рынды газдарды бақылау бойынша тексеру бекеттерi ұйымдастырылды.
2010-2014 жылдарға арналған «Жа­сыл даму» салалық бағдарлама­сын орындау мақсатында Қазақстан Рес­публикасы Қоршаған ортаны қор­ғау министрлiгiнiң Есiл экологиялық де­пар­таментi мамандарымен өткен жылы «Таза ауа» экологиялық ак­ция­сы ұйымдастырылып, оның бары­сында қоғамдық көлiктер, сондай-ақ қала кәсiпорындары мен ұйымда­рының көлiктерi тексерiлдi. Осыған орай 285 автокөлiк тексерiлдi, оның iшiнде шығарынды газдарының жоғары улылық нормасымен 41 көлiк анықталды. Жеке және заңды тұлғаларға жалпы сомасы 200 мың теңгеден астам айыппұл санкциялары салынған болатын.

 – Тiкелей тiлдесу ме екен? Мұрат Спанқұлұлы, бүгiнгi таңда қоқыстарды сұрыптау және қайта өңдеудi дамыту Астана қаласында қалайша жүзеге асырылып жатыр?
– 2007 жылы «Имабе-Иберика» технологияларын қолданумен испан­дық жоба бойынша қаламызда қо­қыс­тарды қайта өңдеу кешенiнiң құ­рылысы басталды. Қайта өңдеудiң жобалық қуаттылығы жылына 250 мың тоннаны құрайды. Құрылыс «Алтын-ТЕТ» ЖШС-нiң инвести­ция­­лық қаржысы есебiнен жүзеге асырылуда, инвестициялық қаржы көлемi шамамен 33 млн еуроны құ­райды. Қазiргi уақытта техноло­гия­лық құрылғыларды орнатумен бiрге құрылыс-жинақтау жұмыстарының 90 пайызы орындалды. Технологияға сәйкес, зауытта қайта түскен қалалық қалдықтар сұрыпталатын болады. Iс шикiзаттары сұрыпталып, қайта өң­делгеннен кейiн өндiрiстiк немесе бас­қа да мақсаттарда пайдалану үшiн жолданатын болады. Қалған қоқысты испандық технология бойынша бри­кеттер түрiнде тығыздап, жаңа поли­гон аймағына көмемiз. Яғни, ендiгi жерде ыдыраулар, иiстер мен қауiптi газдардың жиналуы болмайды, содан соң әрине көмiлетiн қоқыстардың жал­пы көлемi азаятын болады, соны­мен бiрге көмуге арналған алаңдар азая­ды, полигонды кезектi қайта жаңарту технологиясы жеңiлдейдi. Ал, қоқыстарды қайта өңдеу бары­сында алдымен iрi габариттi қал­дық­тар, органика мен майда фракциялар бөлiнiп, ескi компоненттер, яғни қағаз, картон, ПЭТ-бөтелкелер және басқа да пластмасса, шыны, мата, қара және түстi металл түрлерi сұрып­талады. Содан соң қалған ескi қал­дықтар тығыздалып, жоғары ты­ғыздықтағы брикеттер сыммен ора­лып, қалдықтарды көмуге арналған жаңа полигонға жолданады. Жаңа полигон да испандық технология бойынша құрылған. Брикеттердi көму бұл жерде жаңа техноло­гия­ларды қолданумен жүзеге асыры­ла­тын болады. Бiр ескере кететiн жайт, полигон ұяшығының түбi қор­шаған ортаға зиянды әсердi азайту үшiн геомембранамен жабылған. Қайта өңдеудiң жобалық қуаттылығы жылына 250 мың тоннаны құрайды. Бастапқы кезеңде бұл жерде 4 түрлi өнiм: ПЭТ флекстерден тұратын жа­пырақ пластиналар, жылу оқшау­ла­ғыш материалдар (эковата), поли­этилен түйiршiктерi (ПВД, ПНД), ПЭТ бөтелкелерден флекстер өндiрi­летiн болады. Мәселен, эковата өндi­ру бойынша корпуста макулатуралар қайта өңделiп, финдiк құрылғыларды құрастыру бойынша жұмыстар аяқталды.

– Мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң бас бухгалтерi болып жұмыс iстеймiн, Сiздерден мынаны сұрайын деп едiм: қозғалмалы көздерден атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарындылары үшiн 2012 жылғы төлемақы ставкалары қандай?
– Қозғалмалы көздерден атмос­фералық ауаға ластағыш заттардың шығарындылары үшiн 2012 жылғы төлемақы ставкалары  Қазақстан Республикасы Салық кодексiнiң 495-бабының 9-тармағына сәйкес, Астана қаласының мәслихатының 2010 жылғы  30 наурыздағы № 322/45-IV шешiмi  бойынша  отын түрлерiне бай­­ланысты, яғни пайдаланған бен­зин отынының 1 тоннасы үшiн – 0,33 АЕК, дизель отыны үшiн – 0,63 АЕК, ал сұйылтылған, сығылған газ үшiн – 0,35 АЕК көлемiнде төленедi.

– Су қорғау аймақтары мен белдеулерi не үшiн қарастырылған? Жалпы, Астана қаласының санитарлық-қорғау аймағы туралы не айтасыз?
– Су қорғау аймақтары мен бел­деулерi Астана қаласы шекара­сын­дағы Есiл өзенi, Сарыбұлақ және Ақ­бұлақ жылғасы, Нұра-Есiл арна­сын­дағы экологиялық жағдайды жақ­сарту үшiн қарастырылған. Ал, Аста­на қаласының санитарлық-қорғау аймағы – бұл қорғау, санитарлық-гигиеналық, мәдени-сауықтыру, рек­реационды және туристiк қызмет ат­қаратын жасыл желектер отырғы­зылған арнайы бөлiнген аймақ. Бүгiн­гi күнi Астана қаласы санитарлық-қорғау аймағының жалпы ауданы 16 мың гектарды құрайды. Ағаштардың жалпы саны 9 миллионнан жоғары. Санитарлық-қорғау аймағындағы жасыл желектердi қорғау және күтiп ұстау шеңберiнде атқарылған агро­техникалық iс-шараларға тоқталар болсақ, жыл сайын Астана қала­сының жергiлiктi бюджетiнен бұл мақсатта қаржы бөлiнуде. Осыған орай, ағаш ұштары табиғи түрге келтi­рiлiп қысқартылады, кемiргiштерге, сондай-ақ басқа да зиянкестер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу жүргiзiлiп, көпжылдық шөптер мен ұзақ ғұмырлы нәсiлдi тұқымдарды отыр­ғызамыз, белдемшелер өртке қарсы айдалып, жыртылады. Бұл бағыттағы бiздiң негiзгi мақсатымыз жасыл желектермен қамтылған жер аудандарын сақтау болып табылады. Сондай-ақ, студент-жастардың көме­гiмен орман мәдениетiн дамытуға мейлiнше маңыз берiп келемiз.

 – Аты-жөнiм Арайлым Есенбекқызы. Елорда полигонында қанша қоқыс жиналуда және олар бойынша қандай да бiр нормативтер бар ма?
– Бүгiнгi күнде қала аймағынан қатты тұрмыстық қалдықтарды тасу­мен бiрнеше шағын және iрi ком­паниялар айналысуда. Олардың ара­сында «Астана-Тазарту» және «Тех­сервис Астана НС» ЖШС-рын атауға болады.
Қалалық полигонға, яғни «Астана Экополигон» ЖШС-на өткен жылы барлығы 350 497,10 тонна қалдықтар тасылды. Сондай-ақ, елордалық әкiмдiк қала үшiн қатты тұр­мыс­тық қалдықтарды жинаудың жаңа нормасын әзiрледi. Келесi қадам – қоғамдық тыңдаулар өткiзу, Қазақ­стан Республикасының Экологиялық кодексiне енгiзiлген түзетулерге сәйкес жиналудың бұл нормасын Астана қаласы мәслихатына бекiтiп алу болып отыр.

 – Мен – Марат Қайыржанұлымын. Бiлейiн дегенiм: қаладағы жерүстi сулары ластануының алдын алу үшiн не iстелiнуде?
– Су нысандарының мұнай қал­дықтарымен, тұрмыстық және өндi­рiстiк қалдықтармен ластануын болдырмау және алдын алу мақса­тын­да тұрақты бақылау жүзеге асырылуда. Жыл сайын бүкiл­қала­лық экологиялық сенбiлiк шеңбе­рiнде Есiл өзенi, Ақбұлақ және Сары­бұлақ жылғаларын санитарлық тазар­ту жүргiзiлуде.

 – Мұрат Спанқұлұлы, қоршаған ортамыздың таза болуына айналадағы ағаштардың әсерi мол екенiн екiнiң бiрi бiледi. Дегенмен, жасыл желектердi қорғауға әлi де болса тиiстi деңгейде көңiл бөлiнбей келе жатқаны өкiнiштi, әрине. Бұл ретте елордалық тұрғындарға қандай ұсынымдар берер едiңiз?
– Өте орынды мәселе көтерiп отыр­сыз. Жасыратыны жоқ, жасыл желектердiң бiр тұрғынға шаққан­дағы саны бойынша бiз батыс елде­рiмен салыстырғанда, анағұрлым артта келемiз. Батыс елдерiнде бiр тұрғынға 22-25 ағаштан келсе, Аста­нада ол 14-тен келiп отыр. Осыған байланысты, әрбiр тұрғын ағаштарға, бұталарға, гүлдер мен газондарға ұқып­тап қарап, айналамыздағы жасыл желектi сындырмауға, кес­пеуге дағдыланса деймiн. Керiсiнше, «бiр тал кессең, он тал ек!» деген қағиданы берiк ұстанып, қаламыздың көрiктенуiне баршамыз бiрлесiп атсалысуымыз керек деп есептеймiн.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − two =