Мұрат ДАЛАБАЕВ, Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы: ШАРТТЫ БҰЗҒАН КӘСІПКЕРЛЕР ЖӘРМЕҢКЕГЕ ЖІБЕРІЛМЕЙДІ

0 117

– Сәлеметсіздер ме?! Дайын қалыпты нан Астананың негізгі сауда ұйымдарымен 50 теңгеден жоғары емес баға бойынша өткізілетін болады дегенді естіп едім. Дегенмен, біздің үйіміздің қасындағы дүкенде қалыпты бөлке нан 70 теңгеден сатылады. Осыған не дейсіз?

– 2012 жылдың 7 тамыз айында елорданың сауда объектілерімен және астықты қайта өңдейтін, наубайхана кәсіпорындарымен мемлекеттік қорлардан қаланың астықты қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізілетін азық-түліктік бидайдан өндірілетін ұнның 1-сұрыпына және қалыпты нанға шекті бағаны бекіту туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде наубайхана кәсіпорындары үшін 1-сұрыпты ұнды өткізу 1 кг үшін 45 теңгеден аспайтын баға бойынша және бөлшек желісінде бір бөлке үшін қалыпты нанды өткізу 50 теңгеден артық емес бағамен жүзеге асырылады. Ал, кейбір жерлерде нан бағасының 70 теңгеден сатылуы да кездеседі. Қазіргі уақытта барлығы нарықтық қатынастарға негізделеді ғой. Осыған орай, Астана қаласының әкімдігі елорданың ірі сауда объектілерімен меморандум жасасты, ол бойынша бағасы 50 теңгеден астам емес 1 бөлке нанды «Астықжан», «Бахус», «Октябрь», «Апрель», «Астана», «Қазақстан», «Рамстор» және т.б. сауда желілерінде сатып алуға болады. Алдағы уақытта жаңадан ашылып жатқан ірі сауда объектілерімен де сондай меморандум жасалып, тиісті жұмыстар жүргізіледі, мүмкіндігінше сіздің үйдің қасындағы дүкендерді де қамтуға тырысамыз.

– Мен – Айшолпан Жоламановамын. Астананың шет аймақтарында, әсіресе, жекеменшік үйлері көп аудандарда иесіз иттер қаптап жүреді. Осындай қараусыз жануарларды аулау бойынша қаламызда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Астана қаласы бойынша қараусыз жануарларды аулау жұмыстарын 2012 жылдың шілде айынан бастап Астана қаласы әкімдігінің ШЖҚ «Астана ветсервис» МКК жүргізуде. Ол Астана қаласы мәслихатының 2007 жылғы 9 ақпандағы №341/43-III шешiмiмен бекітілген Астана қаласында иттер мен мысықтарды ұстау Ережесіне сәйкес жүргізіледі. Бұған дейін қараусыз жануарларды аулау қала бойынша 3 бригадамен жүргізілсе, аталған кәсіпорын бұл бағыттағы жұмысты 6 бригадамен жүргізуде. Осыған орай бүгінгі таңда күнделікті аулау көрсеткіші орташа 40-тан бастап 80-ге дейін өсті. 2012 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін Астана қаласы бойынша 4952 қараусыз жануарлар ауланған.

– Қайырлы күн, Мұрат Қазбекұлы! Астаналықтар санының өсуі азық-түлік пен көкөніске деген тұрғындар қажеттілігін арттырып отырғаны белгілі. Осы ретте білгім келетіні: қазіргі уақытта қала аумағында қанша көкөніс қоймасы бар?

– Қала тұрғындарын көкөніс өнімдерімен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін, кемінде 60000 тоннаға жуық көкөніс сақтау қоймалары қажет. Қазіргі таңда Астана қаласының аумағында 4 көкөніс қоймасы бар, оның екеуі биылғы жылы пайдалануға берілді. Бұл қоймалардың жалпылай сақтау мөлшері 19 мың тоннаға тең. Жалпы қолданысқа тапсырылған және пайдалануға берілуі жоспарланған объектілер көкөніс сақтау қоймаларындағы қажеттілікті 46 пайызға қамтамасыз етіп отыр. 2013 жылы 43800 тонналық көкөніс сақтау қоймалары бойынша, 8 жобаны толық қолданысқа беру жоспарлануда. Қазіргі таңда Астана қаласының аумағында екі ірі жылыжай кешені бар, олар: жылдық қуаттылығы 600 тоннаға жуық «Олжабаева А.Е.» және жылдық қуаты 1800 тоннаға жететін «Наурзалина Г.О.» жеке кәсіпкері. Сонымен бірге үстіміздегі жылдың сәуір айында «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС жылыжай кешені бірінші өнімдерін алды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 4 наурыздағы №221 қаулысымен бекітілген Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруға жергілікті бюджеттерден субсидиялау қағидасына сәйкес субсидия нормасы бойынша жабық топырақтағы көкөністер 1 гектарына 1300,0 мың теңге беріледі. Ағымдағы жылы «АстанаЭкоСтандарт» ЖШС-не 3900,0 мың теңге субсидия бөлінді.

– Тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін апта сайын Астана қаласы аумағында елордада орналасқан және жақын облыстардан келетін азық-түлік өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Бұл, әрине, қарапайым халық үшін қуанышты жағдай. Дегенмен, жәрмеңкелердегі бағалар кейде көпшілік көңілінен шықпай жатады. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Бүгінгі таңда Астананың Есіл, Сарыарқа, Алматы аудандарында тұрақты негізде ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізу тәжірибесі жалғасуда. Жәрмеңкені ұйымдастыру кезеңінде әкімдік қызметкерлері мен облыстардың өкілдіктері қаланың сауда орындары мен базарлардағы бөлшек бағаларға сараптау жасап, орташа бағаны белгілеп, өнімдерін мүмкіндігінше орташа бөлшек бағадан 20 пайыз төмен бағамен сатады. Бағаны көтеру бойынша фактілер анықталған кезде жедел тиісті шаралар қолданылады. Соның негізінде шартты бұзған кәсіпкерлер болашақта жәрмеңкеге қатыстырылмайды. Қазіргі кезде облыстық жәрмеңкелерді ұйымдастыру жұмысы жалғасуда.

– Аты-жөнім – Болат Күмісбекұлы. Төмендетілген бағалар бойынша азық-түлік тауарлары өткізілетін әлеуметтік павильондардың жұмысы туралы білгім келеді. Жалпы, қаламызда әлеуметтік қорғалмаған тұрғындарға қандай жеңілдіктер қарастырылған.? 

– Елордада азық-түлік тауарлары төмен бағамен өткізілетін және әлеуметтік қорғалмаған тұрғындарға 10 пайыз жеңілдіктер берілетін 32 әлеуметтік павильон жұмыс істейді. Жыл басынан бері жалпы сомасы 212 533 593 теңгеге 1 524 177 келі өнім өткізілді. Бұл ретте әлеуметтік қорғалмаған тұрғындар санатындағы 52 731 адамға жалпы сомасы 54 742 238 теңгені құрайтын өнім сатылған.

– Сәлеметсіздер ме?! Азық-түлік өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде қаланың агроөнеркәсіптік кешенінің 11 бизнес-жобасына қаржылық көмек көрсетілген, сонымен қатар субсидия жағынан екінші дәрежелі банктер арқылы несие ставкасының пайызы бойынша «Emili сompany» ЖШС кәсіпорны (ірімшік өндірісі), ЖК «Алан» (қуырылған шемішке өндірісі), ЖК «Ботпанаева» («Баурсакофф» маркасымен нан және ұн өнімдерінің өндірісі, «Энергоснаб» ЖШС (сусындар өндірісі), «Классик-АР» ЖШС (нан өндірісі, жаңа пісірілген кондитерлік өнімдердің өндірісі), «Элит-продукт» ЖШС (азық-түлік өндірісі, «Ерке» Базарова С.Т. ЖШС (нан, жаңа пісірілген кондитерлік өнімдер өндірісі), «Татым» ЖШС (нан және ұн өнімдерінің өндірісі), «Мир круп» ЖШС (ұн тартатын өнеркәсіп азықтары, крахмал және крахмал өнімдерінің өндірісі), «Цесна-Пак» ЖШС-не (нан және ұн өнімдерінің өндірісі) көмек көрсетілді.

– Алло, Сіздерге хабарласып тұрған – Қайыржан Балтабайұлы. Айтыңызшы, елордада нан және нан-тоқаш пісіретін қанша кәсіпорын бар және оларға басқарма тарапынан қандай көмек көрсетіледі?

– Қазіргі уақытта Астана қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасының дерекқоры бойынша, елорда аумағында 58 наубайхана жұмыс істеуде, олардың негізгі қызметтері нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіру болып табылады. Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының статистикалық көрсеткіштері бойынша 2012 жылғы қаңтар-тамыз аралығында өндірілген жаңа піскен нан 2011 жылдағы сол кезеңмен салыстырғанда 103,5 пайызға, яғни 11 803 тоннаға өскен. Торттар және кондитерлік өнімдер, тәттілендіргіш заттар қосылған өзге де нан-тоқаш өнімдері 109 пайызға, яғни 943 тоннаға артық өндірілген. Наубайхана және нан-тоқаш өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың бірден-бір мәселелері – қаржы тапшылығының жеткіліксіз болуы. Астана қаласының Ауыл шаруашылығы басқармасы елорда аумағында орналасқан наубайхана кәсіпорындарының жұмыстарын қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы жұмыс барысында қаланың кәсіпорындарына өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жер телімдерін беру және тағы басқа қажетті көмектер көрсетіледі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − 9 =