МҰҚТАЖДАР ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

0 100

Күлбарам Қанафина, Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы

Бүгінгі таңда елімізде республикалық бюджеттен зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны шамамен 125 850 адамнан асып отыр. Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті Әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Күлбарам Қанафинамен байланысып мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын азаматтар санатын анықтап, әлеуметтік төлем түрлерінің мөлшері жайында білген едік.

– Қолданыстағы заңнама бойынша азаматтардың қандай санаты әлеуметтік жәрдемақы ала алады?

– Бұлар – ең алдымен, 1-2-3 топтағы мүгедектер мен 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар. Асыраушысынан айырылған отбасы мүшелерінің жасы 18-ге келгенге дейін жәрдемақы тағайындалады. Егер бала орта мектептен кейін білімін жалғастыратын болса, онда 23 жасқа толғанға дейін мемлекет қамқорлығында болады.
Жәрдемақыларға қосымша қосылатын қаражат міндетті сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер төленеді. Оған кем дегенде екі жыл бойына аударым салғандар ие бола алады.
Соғыс ардагерлері мен мүгедектері, тыл еңбегінің ардагерлері, Ауғанстан соғысына, Чернобыль апатына қатысқандар арнаулы жәрдемақы алады. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңірген зейнеткерлерге де төленеді. Олардың қатарында Кеңес Одағы Батырлары мен Еңбек Ерлері бар. Қызмет бабында опат болғандардың отбасылары да мемлекет көмегінен тыс қалмайды. Оларға да ай сайын белгіленген тәртіппен жәрдемақы беріледі. Мемлекет тарапынан жәрдем алушылардың ендігі бір бөлігіне 1-тізім және 2-тізім бойынша жәрдемақы тағайындалған азаматтар жатады. Яғни, 1998 жылға дейін денсаулыққа зиянды (ерекше зиянды) жұмыс орындарында еңбек еткендердің осындай жәрдемақы алуға құқығы бар. Бұлар зейнетке шыққанша төленеді, ал зейнет жасына келгенде нақты зейнетақысы тағайындалады.

– Мемлекет тарапынан жәрдем алатындардың айрықша тобы көп балалы аналар ғой. Олардың ай сайын алатын ақысының мөлшері қандай?
– «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» орденімен марапатталған көп балалы аналарға әлеуметтік жәрдемақы төленеді. Мысалы, бала туғаннан бір жасқа дейін, ай сайын бір балаға – 5,5 АЕК, отбасындағы екінші нәрестеге – 6,5 АЕК, үшінші сәбиге – 7,5 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді. Төрт және одан да көп бала тапқандарға 8,5 АЕК көлемінде жәрдемақы төленеді.
2013 жылдан бастап бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақының көлемі – 51930 теңге болды. Сол сияқты төртінші және одан да көп бала туғандарға – 86 550 теңге; төртінші және егіз тапқан аналарға әр баласына – 86 550 теңгеден берілетін болды.

– Әртүрлі себептермен тұрақты бір жерде жұмыс істемегендер немесе жазасын өтеу орындарынан шыққан азаматтарға және күнкөрісі өте төмендерге қатысты қандай жеңілдіктер бар?
– Егер бала туып, бала бағып жұмыс істемеген әйел болса, балаларының құжаттары негізінде, 58 жасқа келгенде толық емес еңбек өтіліне байланысты есептейді. Ер азаматтардың құжаттары жоғалып, немесе әртүрлі себептермен жұмыс өтілі болмаса, онда ең төменгі күнкөріс деңгейінің яғни, 18 066 теңгенің жартысы – 9330 теңге алады.

– Енді жәрдемақы алу үшін қандай құжаттарды қайда өткізу қажет, оның тәртібі қалай?
– Аталған санаттағы азаматтар «Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының» Астана қалалық филиалы бөлімшесіне барып, тиісті құжаттардың тізімін алуы керек, сонда ресми тіркелгеннен кейін жан-жақты есептеліп, жәрдемақы тағайындалады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − four =