Мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетті

0 27

Елордалық еріктілер Құрбан айтта мұқтаж жандарға құрбандық етін жеткізіп берді. Биыл құрбандық шалу qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асты.«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен мүфтияттың бірлескен күшімен qurban2021.kz сайты арқылы онлайн құрбандық шалу ұйымдастырылды. Құрбандық шалуға арналған арнайы орындардан әкелінген еттерді еріктілер мүшелеп, таратуға көмектесті, ал автоволонтерлер бұл пакеттерді өз машиналарымен көрсетілген мекенжай бойынша тасымалдады. Жұмыс таңертең ерте басталды» деді Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының басшысы Мәди Тайпин.
Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша qurban2021.kz сайтына көмекке мұқтаж көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан құрбандық етін алуға 3 мыңнан астам өтініш келіп түсті.

«Құрбандық еті әлеуметтік аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға таратылады. Биыл етті таратуға 100-ден астам ерікті мен автоволонтер жұмылдырылды» деп атап өтті «Астана жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.
«Алла Тағала сіздерге денсаулық берсін! Қазір бәріміз үшін ең бастысы – денсаулық, қалғанының бәрі ретімен болады. Бізді естен шығармайсыздар, осы жолы да көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысым шексіз» деп ағынан жарылды елордалық еріктілерге ризашылығын білдірген қала тұрғыны Қарлығаш Ақжігітова.

Ал Әлия Әмірғазина «Құрбан айт мерекесіне орай жасалып жатқан қайырымды іс көңілімізге қуаныш ұялатты. Осы игі жұмыс­ты ұйымдастырған қала әкімдігі мен еріктілерге үлкен алғысымды білдіремін. Баршаңызға амандық тілеймін! Құрбан айт мерекесі құтты болсын!» деп ақ тілегін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − 2 =