Мұқтаж отбасыға пәтер сыйлады

0 21

Соңғы жеті жылда Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Ғабит Сәтмағамбетов мұқтаж жандарға пәтер кілттерін сыйлады. Олардың қатарында көпбалалы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Депутаттың қайырымдылық қорының өкілдері мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін үнемі таратып, ерекше қажеттілігі бар астаналықтарға қажетті құрал-жабдықтар сатып алып отырады. Қарттар үйіне көмектесіп, мүгедектердің емдеу курстарын төлейді.Жақында депутат сал ауруына шалдыққан Елнар Айтняков отбасына пәтер алып берді. Елнар Павлодарда дүниеге келген. Оның егізі Елдар бар. Мүгедек­тігіне қарамастан, екеуі де
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түсті, оны іштей оқып қызыл дипломмен бітірді. Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген ағайындылар компьютер мен басқа да техниканы жөндеу және пайдалану жөніндегі сервис орталығын ашты. Ел тәуелсіздігінің құрдастары Елдар мен Елнар Айтняковтар елордада өмір сүрген бірнеше жыл ішінде өз ісін дамыта алды. Олардың апасы бар. Анасы үш баланы жалғыз тәрбиелеп, балаларына еңбекке деген сүйіспеншілікті оята білді. Елдар анасымен тұрады.
– Елнар үйленген. Қосағы Жанар – бірінші топтағы мүгедек. Олардың екі сау баласы бар. Елнар маған пәтер мәселесімен көмектесу туралы өтінішпен жүгінді. Мен оны түсіндім. Енді Елнар отбасымен бірге бір бөлмелі пәтерде тұрады. Олардың жаңа пәтері шуақты және жайлы болсын, – деді қалалық мәслихат депутаты, G-Park компаниясының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов.
«Мен бағдарламашы болып жұмыс істеймін. Ағам екеуміз шағын жертөлені жалға алып, бірге жұмыс істейміз, компьютерлік техниканы жөндейміз. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Менің тек оң жақ қолым жақсы жұмыс істейді. Сол қолым туған кезімнен сынық. Мойным да зақымданған. Өз аяғыммен жүре алмаймын. Оң қолыма сүйене отырып, қозғаламын. Алайда пәтерақысы бар, отбасымды асырау секілді мұқтаждықтарды өтеуге тура келеді. Бізге бар мейірімін төге, қайырымдылық көрсетіп, пәтер сыйлаған Ғабит Хакімұлына алғысым шексіз, – дейді Елнар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − one =