«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мұқағалиды тани алдық па?

0 1  253

Өткен демалыстарда Qazaqstan ұлттық арнасы «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясын ұсынды. Ақиық ақынның туған күні қарсаңында телеэкранға жол тартқан төрт бөлімді туындының қоюшы режиссері – Дархан Сәркенов, сценарий авторы – Қанат Рамазан.

1638160717745

«Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да» деп жазды Мұқағали Мақатаев өзінің күнделігінде. Фильм авторлары туындының негізгі идеясы етіп ақынның осы сөзін алған сияқты.

Шынымен, қазір 9 ақпан – Мұқағалидың туған күні жалпыхалықтық мерекеге айналып кетті. Оқу орындары, мәдени ошақтар осы күні ақынға арнап, әртүрлі шаралар өткізіп жатады. Бұқаралық ақпарат құралдарында да материалдар жарияланып, телеарналар мен радиоларда арнайы бағдарламалар беріледі. Яғни, ХХІ ғасырда Мұқағалидың жұлдызы жоғары жанып тұр деп айтсақ болады.

Осы уақытқа дейін театр мен кинодан Мұқағалидың бейнесінде бірнеше әртісті көрдік. Ал жаңа телехикаяда ақынды сомдау белгілі актер Азамат Сатыбалдының еншісіне тиді.

Фильм желісіне келсек, өткен күзде көрермен «Қазақфильм» АҚ туындысы – «Мұқағали» көркем фильмін тамашалады. Осы екі фильмде де ұқсастықтар біраз бар. Сондықтан араларында параллель жүргізуге тура келеді.

Қос кинотуындыда да Мұқағалидың өмірінің соңғы жылдары суреттеледі. Алдыңғы фильмнің сценарийінің авторы, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек бір сөзінде Мұқағали «үш әріптің» бақылауында болды деген пайымын ұсынды. Телехикаяның авторлары қаламгердің осы сөзін басшылыққа алғандай, басынан аяғына дейін ақынның соңына Асулин деген (актер Ерлан Кәрібаев) «үш әріп» қызметкерін салып қойды.

Шыны керек, осы шешімімен Мұқағали бейнесін тым саясиландырып жіберді. Фильмде ақынның жандүниесін көрсетуден гөрі саясатқа бой ұру көп. Әрине, кеңестік заманда ақын-жазушылар социалистік реализмге сүйеніп, шығармаларын жазуға мәжбүр болды. Себебі тоталитарлық жүйе олардың адымын аштырмады. Сол кезеңде қаламгерлер ұлттық мәселелерді астарлап қана жеткізді. Осындай жағдай талай ақын-жазушының басында болды. Бұл қатардан Мұқағалиды да сызып тастай алмаймыз. Бірақ елдің сүйікті ақынын биіктету үшін бірыңғай саясатты пайдаланбай, «үш әріпті» қоспай, басқа да әдістерді қолдануға болар еді деп есептейміз.

Сол заманның бет-бейнесін көрсету арқылы ақынды да ашуға болады. Себебі кез келген қаламгерді өз заманынан бөліп тастау мүмкін емес. Мұқағали өмір сүрген кезеңде қазақ басынан қандай жағдайлар өтті. Мұқағали неге сүйініп, неге күйінді? Міне, осы көрсетілгенде ұтымды болар еді.

Телехикаяның басынан аяғына дейін Жазушылар одағынан шығарылған Мұқағалиға Бауыржан Момышұлы (Бақытжан Әлпейісов) болысып жүреді. Достары, ақын Тоқаш Бердияров (Рүстем Жаныаманов) пен жазушы Асқар Сүлейменов (Мақсат ­Сәбитов) қанатымен су сепкен қарлығаштай болады. Мұқағали мен Фариза Оңғарсынова (Ажарлым Мағзұм) арасындағы сыйластық қарым- қатынас та телехикаяға енгізілген. Ақиық ақынның жары Лашынның (Ақбота Қаймақбаева) мұңы да бар. Композитор Нұрғиса Тілендиевтің (Бақыт Беделхан) Мұқағалимен достығы мен шығармашылық байланысы да көрініс тапқан. Осындай кейіпкерлердің енгізілгені дұрыс. Бірақ біздіңше, фильмде Мұқағалидың жандүниесі ашылмаған.

Телехикаяда біздің пайымымызша, сол кездегі Жазушылар одағының басшыларының бірі Сайлау Саятов (Асан Мәжит) Мұқағалиға қарсы болып, жоғалған портфелін қолына түсіріп, өлеңдерін иемденіп алады. Бірақ біз мұндай ақынды білмейміз. Осы жағы бізге түсініксіз болды.

Әрине, кез келген көркем туындыдан шындық іздеудің қажеті жоқ. Себебі бұл тарих емес. Алайда тарихи тұлға туралы фильмді тамашалағанда көрермен әсерленуі керек. «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» телехикаясынан біз еш әсерлене алмадық. Біздіңше, ақиық ақын жайлы фильм түсірушілерге оны зерттей түсіп, асығыс-үсігіс туынды жасамай, көрермен әсерленетіндей беру қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды