Мұқағалиды бояу тілімен сөйлеткен

0 44

Нұр-Сұлтан қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына тоқсан жыл толуына орай суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабаевтың «Суреттер сыр шертеді» атты көрмесі өтті.

Талантты суретші қазақ поэзиясының мұзбалағы туған топырақта өмірге келіп, бала күнінен ақын өлеңдерін жаттап өскен. Оның бейнелеу өнеріне келуіне де ақын шығармашылығының ықпалы болғаны рас.
Алмас Сырғабаевтың қолынан шыққан туындылардың бояуы қанық, ұлттық нақышқа бай. Алдыңғы буын ағаларының жолын сәтті жалғап, өз қолтаңбасын даралай білген дарын иесі. Оның жұмыстарынан Хан Тәңірі секілді биік таудың асқақ рухы мен сайын даланың кеңдігін сезінесіз.
Көрмеге суретшінің Мұқағали Мақатаевтың қаламынан таңғы шықтай мөлдіреп тамған өлеңдерін бояу тілімен сөйлеткен картиналары қойылды. Әрбір туындыдан қарымды қылқалам шеберінің зерделі ізденісін көресіз. Поэзия мен бейнелеу өнерін суретші үздік үйлестіре білген. Мәселен, ақынның «Күт» деген өлеңінің мазмұны бояу сиқырымен өзгеше түрге енген.
Іс-шара барысында мектеп оқушылары Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ақын сөзіне жазылған әндерді орындады. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева арқалы ақынның мерейтойына арналған мәдени шаралар легі басталғандығын айтып, қылқалам шеберіне алғысын білдірді.
Көрме соңында суретші Алмас Сырғабаев ақынның туған жері туралы жылы естелік өрбітіп, шығармашылығы туралы баяндап, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + 16 =