Мұнайдан робот маңызды болады

0 139

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ғылым саласына айырықша көңіл бөлді. Осы орайда Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің оқытушысы, жас ғалым Азамат Ешмухаметовпен әңгімелестік.

– Бір жыл Англияда, үш ­жыл Жапонияда білім алдыңыз. Бүгінде робототехника саласы бойынша қазақ ғылымының дамуына қосып жүрген ­еңбегіңіз туралы жақсы білеміз. ­Қазір қандай жобамен айналысып жүрсіз?

– Шетелде жүріп алған білімім мен тәжірибемді еліміздің игілігіне жұмсау – басты мақсатым. Осы жолда Қазақстанның ғылымын дамыту алдында білім беру жағынан бастайын деп бел будым. Робототехникадан оқулық кітаптар өте аз. Ал бар кітаптарды студенттер оқып түсінбей жатады. Сондықтан осындай жағдайды ескере отырып, студенттерге түсінуге ыңғайлы болатындай етіп кітап жазып жатырмын.

Енді жасалып жатқан жобаларға келсек. Қазір Сәтбаев университетінің робототехника кафедрасының меңгерушісі ­Қасымбек Әділбекұлының бастамасымен ИВЛ аппаратын жасап жатырмыз. Қиын-қыстау уақытта пандемия бәрімізге үлкен сабақ болды. Жағдайды ескере отырып, медициналық аппарат жасауға бел будық. Сондай-ақ жеке жобам ретінде дәретхана еденін жуатын роботтық комплексті жобалап жатырмын. Аталған жоба аясында Жапонияның Токай университетімен бірігіп зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз.

– «Робототехника алдағы уақытта медицина, қызмет көрсету және қорғаныс саласында қатты дамиды» депсіз бір сұхбатыңызда. Қазіргі пандемия жағдайында роботтардың рөлі қандай?

– Жақсы сұрақ. Осы пандемия робототехникаға және әлемге жаңа үрдіс алып келді десек те болады. Қазіргі кезде вирусты тасымалдайтын адамдар болғандықтан, қызмет көрсету саласы қатты зардап шегуде. Тіпті дәрігерлердің өзі онлайн тексеріс жүргізді. Осындай оқиғаларды ескере отырып және дәрігерлерді де қорғау мақсатында, ауруханаларда алғашқы келген пациенттермен роботтар бірінші болып тілдесу керек. Осылайша ең бастапқы емдеу процедура мен диагнозды қою функциясын робот орындау қажет. Қазіргі таңда медициналық робототехника саласында диагнозды қою кезінде жасанды интеллектті кеңінен қолданып жатыр. Дәл солайда жасанды интеллекті қызмет саласында қолдануға болады.

– Сіз бірнеше мемлекетте болдыңыз. Соның ішінде ­Қазақстанның ғылым саласына көңіл бөлуі қаншалықты деңгейде?

– Негізі осы жылдан бастап мемлекетіміз ғылымға деген қолдауын көтерді. Қазақстан ғылымға өте аз қаржы бөледі. Мысалы, 2018-2020 жылдарға ғылыми жобаларға гранттық қаржыландыруда 5 млрд теңге (23 млн доллар) ғана бөлген 3 жылға. Салыстырмалы түрде Жапония жылына 150 млрд доллар бөледі , ал көрші Қытай елі 250 млрд доллар қаржы бөледі. Осы статистикадан Қазақстанның ғылымға деген көзқарасын біле аласыз.

Ғылым – ол қаржы мен уақытты көп талап ететін үрдіс. Сонымен қатар шығармашылық ой-өріс те керек. Ал енді біздің ғалымдардың ғылымға деген уақыттарын талқылайтын болсақ, көбісінде сабақ беруден уақыттары да артылмай жатады. Өйткені Қазақстанда ғылыми деңгейі бар адамдар өзін асырау үшін аптасына 20 сағаттан көп дәріс оқуы тиіс. Салыстырмалы түрде қарасақ, Жапонияда аптасына 6 сағат лекция жеткілікті. Осылардың бәрі жиналып келіп ғылымды дамытуда кері әсерін тигізеді.

Тағы да айта кететін жағдай, елімізде бір кәсіпқой футбол клубына жылына 3 млрд теңге қаржы бөлінеді. Осыдан ғылымға деген көзқарасты көруге болады.

– Мемлекет басшысы Жолдауында 500 ғалымды тағылымдамадан өткізу және 1000 грант бөлу туралы тапсырма берді. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Негізі жақсы бастама. Бірақ шетелде тағылымдамада қанша уақыт өтетіні маңызды. Егер де тағылымдама жарты жылдан аспаса, одан келетін пайда жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, докторантурадағы және магистратурадағы студенттерге де осындай гранттардың бөлінуі дұрыс болар еді деп ойлаймын. Біріншіден, ондай ұзақ уақытқа көп ғалымдар тұрмыс жағдайымен бара алмауы мүмкін. Ал студенттерде ондай қиындықтар аз. Сонымен қатар, қазіргі ғылым жолындағы жас ғалымдардың талабы үлкен. – Көпшілік жас ғалымдарды танымай жатады. Тіпті «біздің ғылым қашан жасарады?» деген пікірлер көп. Шынымен солай ма?

– Жақсы сұрақ. Ең бастысы, ғылымға жастардың дұрыс көзқарасы мен бетбұрысы керек. Балалар мен жастардан ғалым боламын деген құлшынысты көрмейсіз. Өйткені біздің телеарналарда және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында ғылымға деген қызығушылықты арттыратын идеологиялық бағдарламалар жоқ. Айталық, Жапонияда NHK арнасында ғылым туралы, ғалымдардың жасаған жұмыс­тары мен олардың өмірі жайлы күнделікті көрсетілетін хабарлар бар. Сондықтан жапон елінде «мен ғалыммын» деген атақ олимпиада чемпионымен тең дәрежеде қарастырылады.

– Сонда Қазақстанда ғылым саласын дамыту үшін не істемек керек?

– Ең бастысы, ғылымды насихаттауда болып тұр. Елімізде ғалым болсаң, үлкен беделге ие болмайсың. Оған қарағанда спортшылар ғалымдардан жоғары тұрады. Мен негізі спортшыларға қарсы емеспін. Бірақ спорт мемлекеттің ғылымы мен экономикасын дамытпайды және жаңа жұмыс орындарын ашпайды. Тіпті тұрмысымызды жеңілдету үшін жаңа технология­ны да ойлап таппайды.

Бізде ғылымның дамуы үшін ең басты фактор – қаржыландыру. Ғылым бизнес те емес. Кеше қаржы салдың, енді ертең содан пайда көресің деген сөз жоқ. Зерттеу жүргізу – өте күрделі үрдіс, ұзақ уақытты талап етеді. Кейбір зерттеулер оншақты жылдар бойы жүруі мүмкін. Сондықтан көп адамның ғалым бола алмайтыны да осыдан.

Екінші мәселе, бізге сапалы білім жүйесі қажет. Жақында ғана бір байқауда зияткерлік мектептерде қазылар алқасының мүшесі болдым. Сонда біздің балалардың техникалық жобаларымен таныстым. Әрине, арасында керемет жобалар болды. Бірақ көбісі зомби сияқты жаттап алған. Біздің мектептерде программаны құрастырғанда беретін білімнің қолданысы жайлы үйретілмейді. Сондықтан біреуі жаттап алады, екіншісі ұмытып жатады.

Соңғы мәселе – ол идеология мен үгіттеу. Қоғамда ғалым мен мұғалімнің дәрежесін көтеру керек.

– Шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазсыз. Студенттеріңіз ­роботпен тез тіл табыса алды ма?

– Ұстаздық жолымды бастағаныма аз ғана уақыт болды. Сондықтан шәкірттерім әлі де аз. Кезінде атақты ойшыл, дана Конфуцийдің 3000 шәкірті болыпты дейді. Менің арманым – 10 000 шәкірт тәрбиелеу. Осылай Қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді. ­Сабақ бергеніме аз уақыт болса да, студенттерімнен үйренгенім көп. Әр шәкірт өзінше ерекше болады екен. Мен үшін олардың бәрі қымбат. Мен шәкірттерімнің көзінен білім алуға деген құлшыныс пен көздерінде алаулап жанған отты көргенде қуанамын. Шынымды айтсам, университеттің көркі – сондағы студенттер.

«Роботтарды басқару жүйе­сіндегі микропроцессор» пәні бо­йынша студенттерге сабақ беремін. Бірінші сабақтан бастап студенттерге роботтарды көрсетемін. Олар бірден: «роботты осылай жасайды екен ғой» деп қызығады. Негізі студенттер тәжірибені көрсе, өздері сабақты ары қарай алып кетеді. «Ағай, мынаны қайдан алдыңыз?» дейді. Мен оларға кітаптардың, дереккөздердің тізімін беремін. Өздері оқып келеді. Студенттерді де роботтарды үйреткендей тәрбиелейміз. Әрине, адамдарға қарағанда, роботтармен жұмыс істеген жеңіл.

Шәкірттерімнен бір семестрдің ішінде бір дүние жасап шығаруын талап етемін. Сабаққа келгенде, алдымен кез келген техниканың көшірмесін жасатамын. Өзім көмектесемін. Нәтижесінде семестрдің аяғында барлығы түпнұсқа, жеке туындыларын ойлап табады. Бір семестрде шамамен 60 бала оқыттым, соның ішінде 40 студент өз технологиясын жасап шықты.

– Робот жасау оңай ма?

– Қиын сұрақ. Робот жасау үрдісі – ол тікелей шығармашылық пен фантазияның қосындысы. Жұмыс­тың ең көп уақытын жобалауға жібереміз, ал жасалуы тез. Мен үшін робот жасау – туған балаңды тәрбиелеу тәрізді жауапкершілігі ауыр іс. Қаншалықты балаңнан жақсы нәтижені көргің келсе, соншалықты роботты сапалы жасау керек. Роботқа өмір беру үшін, оған жеке код арнап жазасыз. Сосын роботты барынша әдемілеп, құрылысына оптимизация жасау­ға тырысасыз. Соңында роботты бітірген соң, оны әрі қарай қалай дамытуды ойлап отырасыз. Солай робот жасау деген бітпейтін үрдіс болып табылады.

Робототехникаға қызығатын жастарды Сәтбаев университетінің робототехника кафедрасына шақырамын. Біздің кафедрада робототехника мен мехатроника мамандығын игеру үшін ­лаборатория жеткілікті және ­оқу бағдарламасы нақты. Еліміз­де робототехника саласы жыл өткен сайын дамып келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =