Мұнай бидайдан 7 есе қымбат еді. Енді керісінше

немесе Қазақстан әлемнің азық-түлік хабына қалай айналуы тиіс?

0 56

Әлемде коронавирус індетінің етек алуы, мұнайдың және металдардың бағасының төмендеуі, ғаламдық тауар тасымалдау тізбегінің үзілуі, сондай-ақ сауда мен инвес­тицияның азаюы салдары қазақ экономикасына соққы болып тиді. Бұл мемлекеттің бүгінге дейін ұстанып келген әлеуметтік-экономикалық стратегиясы ғаламдық сын-
тегеуріндер жауап бермейтінін және тығырықтан шығудың басқа жолдарын іздестіру керектігін көрсетті. Қазіргі дағдарыс бір нәрсенің анықтығына көз жеткізді: азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекет қауіпсіздігінің басты кепілі. Сол себепті ел билігінің Қазақстанды әлемдік азық-түлік хабына айналдыруға шындап ниеті ауды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің алдына қойған жаңа экономикалық бағыт және түбегейлі реформалар жөніндегі тапсырмасында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, өз алдына дербес сала ретінде қарастырылған. Осы тақырыпты талқылау үшін біз экономикалық шолушы Сәкен Жүнісовті әңгімеге тартқан едік.– Сіз ауыл шаруашылығы туралы кітап жазған, осы тақырыпқа көптен бері қалам тартып жүрген адамсыз. Сіз Қазақстанның экономикалық дамуын алға сүйреуші негізгі сала – ауыл шаруа­шылығы болуы тиіс деп көптен бері айтып келесіз. Ондай тұжырым жасауыңызға не себеп?
– Біріншіден, бұл халықтың менталдығымен байланысты. Халқымыз мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір салтын ұстанды, ал кейінгі жүз жылдарда оты­рықшылыққа ауысты және негізінен жер өңдеу және мал шаруашылығымен айналысты. Қазақстан Кеңестер Одағының құрамында аграрлық-индустриалдық республика болды.
Республика дамуы екі бағытта өрбіді: ішкі экономикалық, ол негізінен, аграрлық және соған үйлестірілген аграрлық машина жасау, өңдеу және тағам өнеркәсібі. Олардың қызметі Алматыдан реттеліп отырды. Екінші, сыртқы экономикалық, ауыр өнеркәсіп түрінде, бұл сала Мәскеуден реттелді, әрі ол республиканың негізгі даму бағытымен қатарласа жүргізілді және ел өміріне аса әсер ете қоймады. Еліміздің экономикалық даму тізбегінде ауыл шаруашылығы негізгі буын болу керектігінің бірінші себебі – осы.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы өндірісінің инерциясы бұрыннан сақталып қалған. Тәуелсіздік жылдарында көптеген ауылдар дағдарысқа ұшырағанына қарамастан, әлі де жанкештілікпен өмір сүріп келеді және жергілікті жерлердегі шаруашылықтардың кәсіби ұйытқысы тоқырағанмен, толық жойылған жоқ. Өңірлерде ауыл шаруашылығының жоғары кәсіби мамандары шоғырланған.
Үшіншіден, бұл қолайлы табиғи-­экономикалық шартпен, климатпен байланысты. Құдайдың өзі қазақтың жерін ата-бабамыздың мыңдаған жылдар негізгі кәсібі болған жылқы шаруашылығымен айналысуға, әлемдегі қамырлығы ең жоғары жұмсақ бидайды, дәнінің мөлдірлігі жоғары қатты бидайды, әлемдегі ең биязы жүнді қойды өсіруге жаратқандай.
Төртіншіден, еліміздің азық-­түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық мақсат үшін.
Бесіншіден, егер мұнай, пайдалы қазбалар алыс болашақта емес, тіпті жақын уақыттарда тау­сылатын болса, аграрлық сектор жаңартылатын өндіріске жатады. Қазақстанда қордың таусылуына байланысты енді отыз жылдан кейін мұнай өндірмейтін болады, ол баршаға мәлім.
Алтыншыдан, әлемдегі энергетикалық дағдарыстың, адамдар санының көбеюінің және климаттың жылынуының салдарынан азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланысты. Бүгінде әлемдік нарықта бидайдың тоннасы 400-450 АҚШ доллар тұрады, ал мұнайдың тоннасы 0,0-15 доллар көлемінде!!! (30 есе артық). Дағдарысқа дейін, 2014 жылы олардың арасалмағы 100-дің 700-ге қатынасындай болған. Яғни мұнай астықтан 7 есе қымбат еді! Таяу уақыттарда астықтың құны мұнай құнынан бұдан да әлдеқайда қымбат болатынына және оның арасалмағы уақыт өткен сайын алшақтай беретініне шүбә жоқ. Әлемдік нарықтағы жағдай соны айғақтап тұр. Қазақ «Алтын, күміс тас екен, арпа, бидай ас екен!» деп бекерден-бекер айтпаса керек.
Жетіншіден, барлық уақыттарда барлық халықтардың өзін-өзі ұлттық дербестендіру негізі ауылдар, селолар, қышлақтар, деревнялар болып саналады. Ауыл – қазақтың ұлттық өзегі.
Міне, осы жеті негізге сүйене отырып, ауыл шаруашылығы еліміздің экономикалық дамуының жүйелік тізбегінде жетекші сала болуы тиіс деп санаймын.
– Ел экономикасын дамыту үшін жетекші саланы таңдап алу қаншалықты маңызды? Мұндай пікірді қандай ғылыми негізге сүйеніп айттыңыз?
– Бұл – жүйе теориясының, басқару теориясының және менеджменттің жалпы талабы. Еш­қандай жүйе қандайда ішкі жүйеқұраушы өзек ретінде бөліп қарастырылмай, оң нәтиже бермейді. Одан бұрын, Адамзат тарихында барлық елдер өздерінің экономикалық дамуының бастау басында негізгі саланы анықтап алады.
Америкалықтар өз дамуын алға сүйреуші негізгі ұлттық кәсіп ретінде ауыл шаруашылығын таңдады, сондай-ақ оны тұғырлы екі схемаға негіздеді: юнкерлік-латифундистік және фермерлік.
Ағылшындар, австриялықтар және жаңазеландықтар өз экономикаларын дамытуды қой шаруашылығынан бастады. Қытайлар аграрлық мәселелердің шешімін 1978 жылғы ұлы реформалардан кейін қолға алды.
Экономикалық дамудың негізгі буыны дұрыс анықталған жағдайда ғана реформалар, олардың мәні және ғылыми негіздемесі қисынды жүзеге асырылады. Реформаларды жүргізген кезде ел экономикасын дамытудың басымдылықты саласын анықтау сол үшін керек.
– Барлық нәрсе салыстырулар арқылы өлшенеді. Әңгімемізді кеңестер заманындағы және қазіргі кездегі Қазақстанның ауыл шаруашылығы жағдайы­мен салыстыра отырып өрбітсек.
– 2019 жылы Қазақстанда «бункерлік салмағы» 19,1 млн тонна астық өндірілді. 2018 жылы тіпті одан да көп, 22,8 млн тонна жиналған болатын. Бірақ, қанша мол астық жиналса да, қара халыққа одан келіп-кетер пайда шамалы.
Өзіңіз ойлап қараңыз. Кеңестер Одағы құлаған алғашқы жылдары Қазақстанда 6 миллион тоннаға жетер-жетпес астық өндіретін, ол кездері бір бөлке нанның бағасы 20-25 теңге тұрды. Одан кейінгі жылдары 10 миллион тонна өндірдік, нанның бағасы 30-35 теңгеге жетті. Ал енді былтыр 19 миллион тонна астық жиналғанда, нанның бағасы 90-100 теңге, тіпті одан да қымбаттап кетті.
Егер естеріңізде болса, кеңес­тер заманында біздің бидайдың бір тоннасы 4 рубль тұрды, ол сол кездегі курс бойынша – 4 АҚШ доллары. Бір бөлке нанның бағасы 16 тиын немесе 16 цент болды! Ал АҚШ-та бір бөлке нанның құны 1 доллардан кем емес еді! Айырмашылығын көрдіңіз бе?!
Дінмұхаммед Қонаевтың заманында Қазақстанның ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің сапасы өте жоғары болатын. Мәселен, біздің нанның қамырлылығы 28-32%-ға жетті. Бұл – әлемде қамырлылық құрам бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. АҚШ-та бидайдың ең үздік сұрыптарының қамырлылығы 20-24%, Ресейдің оңтүстігінде де қамырлылықтың көрсеткіші осындай, Англия бидайының үздік сұрыптарының қамырлылығы 18-20%-ға әзер жетеді. Сондықтан қазақ бидайы Кеңестер Одағының Калининградтан бастап Петропавловск-Камчатскийге дейінгі аралығындағы барлық өңірлердің қамбаларына ондағы астықтың сапасын жақсарту үшін жөнелтілді.
Кеңестік Қазақстанның ауыл шаруашылығы қоғамдық меншік негізінде өндірістің қаржысына юнкерлік принцип бойынша ұйымдастырылды. Ол көп тауарлы, жоғары механикаландырылған, ірі машиналы өнеркәсіп болды. Өнімдердің кейбір түрлері бойынша тауарлық 70-80 %-ға жетті. Естеріңізге салайын, 1917 жылға дейін шаруа қожалықтарының тауарлығы – 10%-ға, ал помещиктердікі 26%-ға жетпейтін. Өндіріс қаржысына сүйенген қоғамдық меншік ауылдарда әлеуметтік қайшылықтардың туындауына жол бермейтін және өнімнің төмен өзіндік құнын қамтамасыз етті.
Ірі машиналы өнеркәсіп ауылдарда өнімділігі жоғары ауыл шаруа­шылық өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Мәселен, астық өндірісіне халықтың 4%-ы қатысты, ол шамамен 700-750 мың адам.
Кеңес заманында Қазақстанда 25-30 миллион тонна сұрыпталған астық дәнін өндірілді, оның 14-16 миллион тоннасы мемлекеттік қамбаға құйылды.
Салыстыру үшін, АҚШ-тың 350 миллион халқының 4%-ын фермерлер құрайды және олар да 30 миллион тонна астық өндіреді. Өздеріңіз байқап тұрғандарыңыздай, біздің ауыл шаруашылығының өнімділігі америкалықтан артық болмаса кем емес еді. Алайда ауыл шаруашылығында демократиялық деп аталған реформалар жасалғаннан кейін бәрі төңкеріліп түсті. Сөйтіп бір америкалық фермер біздікіне қарағанда 6 есе көп өнім өндіретін болды.
Кеңестер заманында Қазақстанның ауыл шаруашылық жүйесіне 1200 кеңшарлар (совхоз) мен 400 ұжымшарлар (колхоз) кірді. Бұл шын мәнінде біртұтас, ғылыми негізделген және жоспармен есептелген ауыл шаруашылық жүйесі болатын.
Қазақстанның ауыл шаруашы­лығында 37-40 миллион қой, 10 миллион ірі қара, «Құс өнеркәсібі» жоғары дәрежелі, автоматтандырылған жүйесінің 50 миллион тауығы бар еді. Ірілі-ұсақты қалалардың айналасы жеміс-көкөніс-сүт шаруашылықтары желісімен шырмалған азық-түлік белдеуімен қамтамасыз етілді.
– Кеңес заманында ауыл шаруа­шылығын ұйымдастыру ісінде қандай да бір кем­шілік-кетіктер, әттеген-айлар да болған шығар?
– Ондай мысалдар да аз емес. Кеңестік Қазақстанның ауыл шаруашылығын ұйымдастырудағы кемшіліктердің дені Н.С.Хрущев заманынан басталды. Барлық мәселелерді бір деммен шешіп тастамақ болған Хрущев кейін аграрлық саланы тұралатуға апарып соқтырған бірқатар теріс қадамдар жасады.
Оның бәрін санамалап жатпай-ақ, тек бір мысалды айтайын. Хрущев ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке арналған бейіндік көрсеткіштің орнына кіріске арналған өзіндік құнды енгізді. Барлық шаруашылықтар бағаны қымбаттату және шығаратын тауарлардың номенклатурасын қысқарту арқылы табыс табудың соңына түсті. Ал бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласында өндірістің тиімділігін төмендетіп, тауарлардың тап­шы­лығы мен еңбек өнімділігінің төмен­деуіне әкеліп соқтырды.
Егер ауыл шаруашылығын ел экономикасын алға сүйреуші сала ретінде қарастырсақ, онда отандық тағам және жеңіл өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау­ды, трактор жасауды, автомобиль жасауды, ұшақ жасауды, химиялық өнеркәсіпті қарқынды түрде дамытуымыз қажет.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + fifteen =