МҰНАЙ БАҒАСЫ ТӨМЕНДЕЙ МЕ?

0 191

434440949

Кейбір сарапшылар әлемнің мұнай нарығында қара алтынның құны күрт төмендеуі мүмкін дейді. Бұған дейін бағаның құлдырауы 1990 жылдардың соңында тіркелгенібелгілі. Егер, мұнай бағасы құнсызданса, шикізат табысына тәуелді елдерге ауыр тиетіні сөзсіз. Бұл туралы отандық мамандардың ойы қандай екен?

жанкелди

Жангелді ШЫМШЫҚОВ,

экономика ғылымдарының докторы:

– 1980 жылдары халықаралық  мұнай картелі (ОПЕК) мұнай бағасын барреліне бар болғаны 3 долларға түсіргені есімізде. Бағаны түсіру үшін  мұнай ағатын шүмектерді кеңірек ашып, көбірек өндіру жетіп жатыр еді. Соның салдарынан 1987 жылдан бастап Кеңес одағының мемлекеттік бюджетінде тапшылық пайда болды. Оның үстіне, Егор Лигачёвтың бастамасымен жүргізілген алкоголизмге қарсы науқан жағдайды тіптен қиындатып жіберді. Өйткені, салықтың басым бөлігі осы арақ-шараптан түсетін. Әрі Михаил Горбачевтың қайта құру, экономиканы модернизациялау деген  аяқасты бастап кеткен саясатына көп шығын қажет болды. Горбачевтың дүние  жүзінен алақан жайып ақша  іздеуі, Батыс елдерінің талаптарына амалсыз көніп, демократиялық жаңғырулар деген желеумен билікті әлсірететін қадамдарға жол бергеніне тарих куә. Ал, кешегі наурыз айының соңында АҚШ Президентінің Сауд Арабия корольдігіне аяқасты ресми сапары аясында оларды Ресейді қыспаққа алу үшін мұнай бағасын түсіруге үгіттеуі сол кездегі жағдайды еріксіз еске түсіреді. Егер қазіргі барреліне 107 доллар ұстаған бағасынан бар болғаны 12-15 доллар түсірсе, Ресей  40 миллиардтай бюджеттік түсімінен қағылады деген сыңайда түрлі болжамдар айтылып жатыр. Әзірше, мұнай бағасы қалыпты. Ал, ондай бола қалған жағдайда, Ресеймен нарығы ортақ Қазақстанға да зардабы тимей қоймайды. Бірақ біздің Ұлттық қорымыздағы қаржы «қауіпсіздік жастығы» рөлін атқарады деп ойлаймын. «Казахстанская правда»  газетінің №12 санында  2014 жылға 1 триллион 480 млрд теңге трансферт бөлінгені жарияланды.  Үкімет арғы-бергі жағдайды мұқият ескерді деп ойлаймын

  

серик макш

Серік МАҚЫШ,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің экономика факультетінің деканы, профессор:

Жалпы, әлемде мұнай бағасының құлдырауы мұнай экспорттаушы елдердің нарығына тікелей ықпал етеді. Оның ішінде біздің еліміз де бар.  Өйткені, экспорттың басым бөлігі – мұнай.  Егер, мұнай бағасы күрт төмендейтін болса, Ұлттық банк ақша-несие саясатының негізгі бағыттарын қайта қарастырады.  Бұл да теңгенің құнсыздануы секілді өзекті мәселе.  Біріншіден, бюджетке ауыртпалық әкеледі.  Егер, шынында мұнай бағасы арзандаса, Ұлттық қорды пайдалануға мәжбүр боламыз. Ұлттық қор тұрақтандыру және жинақтау қызметін атқаратыны белгілі. Бұл жағдайда тұрақтандыру қорын пайдалануға тура келеді. Өз кезегінде  Қаржы министрлігі тарапынан тиісті шаралар қабылданады.

 

ауез

Әуез ҚАРАБАЛАЕВ,

Халықаралық ішкі аудиторлар институтының мүшесі, экономист, Ұлттық аккредиттеу орталығының ревизоры:

Мұндай болжамның расталуы  қазіргі геосаяси жағдайға әбден байланысты. Өйткені, әлемдік деңгейдегі ірі мұнай тұтынушы алпауыт мемлекет – АҚШ Ресейге қарсы әрекет істеп, «қара алтынға» сұранысты әдейі төмендетуі мүмкін. Екіншіден, ОПЕК-ке мүше Сауд Арабиясы мен Иранның мұнай көлемін азайту бойынша созылмалы қақтығысын қосуға болады. Үшіншіден, «Morgan Stanley»  агенттігінің болжамына сәйкес әлемдік нарықтың жаңа кең көлемді тұтынушылары Бразилия, ОАР, Түркия, Мексика, Индонезия, Үндістан, Таиланд мемлекеттері сыртқы инвестиция салымдары мен ұзақ мерзімді несиелерге  қатты тәуелді. Бұл елдердің төлембалансы осы елдерге келетін қалыпты капитал ағымдарының өзгеру дәрежесіне тікелей тәуелді.  Жоғарыда айтылған факторлардың әсерінен тұтынушы мемлекеттердің төлем қабілеттілігі төмен болса, сәйкесінше сұраныс азайып, баға төмендеуіне алып келеді.  

 

макс

Мақсат СЕРАЛЫ,  тәуелсіз сарапшы:

Алғашқы екі жылда доллар өз бағамын күштеп ұстап тұрады. Айналыстағы доллар көлемі әлем бойынша көбейіп кетті, оның бірден-бір себебі, доллардың алтынға байланысты емес, ақша массасына байланысты шыққанында. Енді АҚШ долларды ұстап қалу үшін барлық амалын жасауда. Ал, доллар құнсызданса, бүкіл мемлекеттерге кері әсерін тигізеді. Доллардың құлдырауы әбден мүмкін. Сол себепті Қытай өз валютасын күшейтіп жатыр. Болашақта доллар мен еуродан бөлек әлемдік үшінші валюта пайда болады. Бұл – қытай юаны болуы әбден мүмкін.

Қазақстан ұлттық валютасы  – теңгені Ұлттық банктегі доллар көлеміне байланысты басып шығарып, нарыққа енгізіп отыр. Доллар әлсіресе, біздің мұнай саласына емес, тікелей қаржы жүйесіне қатты әсерін тигізеді. Егер мұнай бағасы төмендесе, біз мұнай өндіруді көбейте аламыз. Яғни, мұнайды көп көлемде сатып, бюджетті толтырып отыра аламыз. Ресей мен Қазақстанға қатты әсер етпейді, себебі, бұл екі елде мұнай қоры жеткілікті. Ал, басқа мемлекеттерде дағдарыс басталып кетуі мүмкін.

    

мерей

Мерей МЕЙІРБЕКОВ, экономист:

– Біз үшін ең басты фактор, әрине,  мұнай бағасы. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев жылдың басында елімізде  шекті баррель 90 долларды құрайтынын айтқан.  Оның айтуынша, егер мұнай бағасы шекті деңгейден ұзақ уақыт төмен болған жағдайда, жоспарды қайта қарастыру қажет болады. Оның ішінде инвестициялық бағдарламалар қайта қарастырылуы мүмкін.  Компания төрағасы елдегі ахуал нашарлаған жағдайда, оның ішінде экономикалық конъюнктурада қолайсыз өзгерістер болса, дағдарысқа қарсы жоспар әзірлейтіндіктерін алдын ала айтқаны есімізде. 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =