Мүмкіндіктер мекені

0 19

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға психологиялық көмек көрсету орталығы ашылды.Бұл – балаларының денсаулығында ақауы бар ата-­аналарға кеңес беретін екінші орталық. Өз қызметінде орталық ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылардың әрбір мүшесімен жұмыс істеуге басымдық береді. Ал мұндағы психолог-кеңесшілердің бәрі де тағдырдың жазуымен дүние есігін мүмкіндігі шектеулі болып ашқан балаларды тәрбиелеп отыр. Өз басынан өткен қиындықты еңсеруде өзгелерге көмек көрсетуге ниетті аналардың барлығы қала әкімдігінің қолдауымен «Келешек» психологиялық орталығының директоры Наталья Семененконың жетекшілік етуімен арнайы курсынан өтті.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатына қала әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов қатысты.
– Айрықша жауапкершілік жүктелген мұндай орталықтардың қажеттілігі ешқандай талас тудырмайды. Сондықтан қала әкімдігі «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы Ботагөз Сұлтанова ұсынған идеяны қуана қолдады. Орталықтың ашылуына дейін жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілді. Өздері мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп, енді сол тәжірибесін мұндай мәселемен бетпе-бет келген жас отбасылармен бөлісуге дайын аналардың кәсіби біліктілігін шыңдауға қала әкімдігі жанындағы әйелдер және демография жөніндегі комиссия мүшелері мен білікті психологтар тартылды. Сондықтан да бұл орталық жұмысының нәтижелі боларына сенемін, – деді басқарма басшысы.
Орталық ғимаратында ерекше бала мен оның отбасы мүшелеріне арналған бөлек кеңістіктер қарастырылған. Психолог-кеңесшілер ата-анамен жұмыс жүргізіп жатқан сәтте олардың ерекше күтімді қажет ететін балалары ойын бөлмесінде болады.
– Қазір қалада мұндай екі орталық қызмет көрсетеді. Жаңа орталықтың ашылуына да қала әкімдігі үлкен көмек көрсетті. Сол арқылы осында келушілермен тікелей жұмыс істейтін 15 ана психологиялық курстан өтті. Олардың кейбірі мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы мүшелеріне онлайн кеңестер де бере алады. Мұндағы аналардың кейбірі 16 жылдан бері ерекше балаларды тәрбиелеп келеді. Сондықтан да олардың тәжірибесі мен біліктілігіне сенім артуға болады, – деді қор төрайымы Ботагөз Сұлтанова.
Ашылу салтанаты барысында «Келешек» психологиялық орталығының директоры Наталья Семененко орталыққа мүмкіндігі шектеулі балалармен және олардың отбасы мүшелерімен жұмыс жүргізу бойынша әдістемелік оқу құралдарын табыстады.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

six + nineteen =