Мүмкіндігі шектеулі емес…

0 57

Елордада К.Әзірбаев көшесі, 4/1 мекенжайындағы тұрғын үйдің жертөлесінде баспахана жұмыс істейді. Өзім де сол маңда тұрамын. Десе де баспахананың жарнамасын талай көрсем де, бір рет те ісім түспегендіктен бас сұққаным жоқ. Жақында тапсырма бойынша арнайы барып, таңғалғаным бар. Денсаулығының кемшілігіне қарамастан, өзгелермен иық тіресіп жұмыс істеп жүрген жігерлі жандарды сол жерден кездестірдім. Сырттай қараған адамға ішіне адам кірмейтіндей көрінетін кеңсе ішінде жұмыс қызу. Бір баспахана емес, тігін салоны сол жерден орын тепкен. Сұрастырсам, «Семей-ЯП» қоғамдық қорының, «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек ӘБДІКӘРІМ осы жерден кәсібін ашып, 30-дан аса ерекше қажеттілігі бар жанды жұмыспен қамтып отыр екен.

20 жылдай Семей полигоны аумағында тіршілік еткен Болатбек Әбдікәрім – үшінші топтағы мүгедек. Бірақ соған қарамастан, ол тігін, қолөнер цехы мен баспа ісі сынды кәсіптердің тізгінін ұстап, әлеуметтің осал топтарын жұмыспен қамтуда.

«Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл полиграфиядағы өнімдерді ерекше қажеттілігі бар жандар басып шығарады. Баспаханада оннан аса адам ғана еңбек етеді. Мемлекеттік кәсіпкерлік грантына қатысып, 3 миллион теңге ұтып алдым. 10 күннің ішінде жанталасып қажетті жабдықтарды алдым. Тұрғын үйдің жертөлесінен бұйырған кеңсе о баста тегін берілді. Дегенмен келесі жылдан бастап ақы төлеу қажет болады. Баспаханамызды 2019 жылы аштық. Нақты жұмыс істеп жатқанымызға 1 жылдан асты. Шығыны айына 100-120 мың теңге, интернет, жарық, энергия, жұмысшылардың ақысы бар. Түсетін пайда 70 мың теңгеден асса қуанамыз. Келесі жылдан бастап салық төлейміз. Қаншама мүгедекті жұмыспен қамтып отырғандықтан салықтан босату керек. Несиені төмен пайызбен берсе, сонда ғана бізде кәсіпкерлік дамиды» дейді Б.Әбдікәрім.

Әлиасқар Мейрамбековтің баспаханада жұмыс істеп жүргеніне 1 айдан асқан. Дизайнер қызметін атқарады. Мүгедектігі бар азаматтарға осы салада бар білетінін үйреткісі келетінін айтып, бұл жерде жалақы үшін емес, қайырымдылық үшін жүргенін жеткізді.

«Полиграфияда жыл басынан бері істеймін. Үшінші топтағы мүгедекпін, жүре алмаймын. Осы жерде бір орында отырып істейтін іс болғандықтан өзіме ұнайды. Үйде отырғанша, еңбектену керек. Алдағы уақытта Жұмыспен қамту орталығы арқылы кәсіпкерлік курсына қатысып, ойда жүрген бизнес-идеямды іске асырғым келеді» дейді Айша Медетова.

Болатбек Әбдікәрім ағамыз қазіргі кезде Семей полигоны, Арал теңізі және Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтардың мүддесін қорғап жүр. Әңгіме барысында баспана мәселесін сөз етіп, қоғамдық көліктерде Семей полигонынан, Арал теңізі және Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтарға жеңілдік көрсетілуін сұрады.

«Мүгедектерге кәсіпкерлік гранттарын берген кезде қағазбастылықты азайту керек. Мүгедектердің сараптамасын жеңілдету қажет. Себебі ондай азаматтардың көбі мүгедек екенін дәлелдеп жүретін мүмкіндікке ие емес. Ешқандай мүгедектігі болмаса да, мүгедек құжатын алып алғандар бар. Автобусқа мінгенде, жолда, ғимараттардың кіреберісінде мүгедектердің жүріп-тұруына жағдайы жасалса дейміз. Тігін цехы мен баспаханамызға көпбалалы аналар келсе, жұмыс тауып беремін» дейді Б.Әбдікәрім.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × four =