«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мүмкіндігі мол мобильді қосымша

0 202

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын смартфон телефон арқылы бұл күнде күнделікті тұрмысқа қажетті қызметтерді де тиімді пайдаланып, алтын уақытты үнемдеуге мүмкіндік мол.

Ал осындай мүмкіндік беретін отандық мобильді қосымшаның пайда болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ол – indigo24. Екі жыл бұрын ғана қолданысқа енгізілген бұл мобильді қосымша арқылы хат жазысқан кезде қате кетсе, оны тез арада өшіруге немесе түзеп жіберуге болады. Мұның алдын ала хабарлама жазып қойып, белгіленген уақытта жеткізілетін функциясы да қарастырылыпты. Сонымен қатар, осы желінің әп-сәтте аударатын функциясының арқасында бір-бірінің тілін түсінбейтін екі ел азаматы да оп-оңай тілдесе алады. Мобильді қосымшаның ата-аналарға пайдалы GPS навигациялық жүйе функциясы тағы бар. Ал аталмыш қосымшаның ең басты ерекшелігі – интернет әмиянында. Яғни күнделікті қолданып жүрген банктік картаны мобильді қосымшамен байланыстырып қойып, ұялы телефон арқылы есепшотты игеруге болады. Есепшот қалдығы теңге, рубль, евро, доллар валюталарымен көрсетіліп тұрады. Бұл мобильді қосымша арқылы мейрамхана орындарын, кино мен театр билеттерін брондауға, әлемнің кез келген жеріндегі тауарға тапсырыс беру сияқты 1500 қызмет көрсетіледі. Смартфондарға арналған көп функционалды қосымшаны отандасымыз Дәурен Қазбекұлы 6 жыл бойы әзірлепті. Ол әлеуметтік төл жобаның қызметін әлі де жетілдіре түспек. Сол сияқты алдағы уақытта мобильдік қосымшадан бөлек, тұтынушыларға қызмет көрсететін indigo24-тің комиссиясыз терминалын да қолданысқа енгізбек.

 

– Indigo24-ті алдымен әр адам алтын уақытын тиімді пайдалануы үшін қолдануы қажет. Мұны барлық адамға барынша ыңғайлы етіп әзірлеуге тырыстым. Бастысы – осы жүйені алыс-жақындағы шетелдіктер қолданған кезде олардың есепшотынан алынатын қандай да бір түсім еліміздің бюджетіне пайда әкелсе деген арман-мақсатым болды, – дейді Дәурен Қазбекұлы. – Серверлік жүйенің барлығы Қазақстанда болады. Сонымен қатар, біздің ақпаратты да сыртқа жарияламай, тек жүйемізді ғана шетелдерге шығарып, керісінше, басқа мемлекеттердің дерегіне қанық болып отырсақ деген ойымыз бар.

Цифрлық Қазақстанға үлкен үлес қосуды мақсат тұтатын жоба авторы мобильді қосымшаны қазіргі уақытта 75 мың адамның пайдаланып жүргенін айтады.

– Жобамызға Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көршілес елдер, кәрі құрлық пен арап елдері де қызығушылық танытып отыр. Жалпы, жақын арада 28 мемлекетпен келісімшартқа отырмақпыз. Ал келешекте бүкіл әлем елдеріне айналысқа енгізбек ойымыз бар. Бірақ Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де заңды түрде тіркеліп, жұмыс істеуіміз үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Бұл тұрғыда жақында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрімен кездесуді жоспарлап жүрмін. Сонымен қатар, осы жөнінде Елбасымен де кездессем деген арманым бар, – дейді Дәурен Қазбекұлы.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды