Мүмкін емес нәрсе жоқ

0 84

Төтенше жағдайға байланысты жабылған «Green Tal» дәмханасы жұ­мысын қайта жандандырды. Бір айтарлығы, бұл жерде сізге қызмет көрсететін ­қыз-жігіттердің ешқайсысы сөйлемейді. Бірі – туғаннан, енді бірі – сәби шағынан құлағының мүкістігі бар жандар.

Түскі астың кезі. Ерекше дәмханаға күлімсіреген күйі кірдім. Іште қонақтар көп емес, кірген бетте көрмеге келгендей күй кештім. Мұнда «Green Tal» әлеуметтік шеберханасынан шыққан киізден тігілген сөмкелер, бағалы тастардан жасалған сақина мен сырға, қолөнерлік бұйымдардың түр-түрі қойылған арнайы бұрыш бар. Сондай-ақ оң жақтағы қабырғаға «Green Tal» жобасының 5 жылда жеткен жетістіктерін дәлелдейтін диплом мен сертификаттар ілінген.
Ақырын жүріп, ас мәзірін де көріп үлгердім. Екі қабатты пицца әзірлейді екен әрі таңғы ас пен түскі ас бар, тәттілердің түр-түрі көрсетілген. Сол сәтте мені көрген даяшы қолымен ишарат беріп бос орынды нұсқады. Кіреберістегі бардан «сәлеметсіз бе?!» деген үн шыққанда сәл тосылып қалғанмын. Журналист екенімді айтып, дәмхана жұмысымен таныстыратын адамның бар-жоғын сұрадым. Ол кезде дәмхана басшысы қонақтардан тапсырыс қабылдап жүр екен. Жаныма асыға жетіп, амандық сұрады. Дереу жаңа ғана тапсырыс түскенін, оны жеткізіп салу керегін айтып, кешірім сұрады. 15 минут күте тұруды өтінді. Бір қызығы, дәмхана ғана емес, білдей бір «Green Tal» жобасының жетекшісі, Қазақстандағы ең бірінші әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров жеткізіп салу қызметімен өзі айналысады. Бұл уақытта дәмхана қызмет­керлерімен әңгіме өрбіді.

Ымды білгеніңіз жөн
Құлағының мүкістігі бар жандармен қалай тілдестің дерсіз?! Бардағы қызметкер ерекше жандар қатарынан болмай шықты. Жұмыс кезінде даяшылармен ым-ишара арқылы сөйлеседі. Олардың қимылы мен эмоциясына қызыға қараған маған бармен қызметкер сур­до­аудармашы болып тұрды. Тапсырыс саны артып, дәмханаға келушілер қатары көбейіп келеді. Сол арада уақыт тауып, сұрақтарыма да жауап берді, тіпті ым-ишара тілін де үйретіп үлгерді. «Рақмет», «ас болсын», «халің қалай?» дегенді меңгеріп алдым.
– Басында ерекше жандармен жұмыс істеу қиын көрінген, жазу арқылы ғана түсінісіп жүрдім. Уақыт өте олардың тілін түсініп кеттім. Өйткені эмоция, іс-қимыл арқылы түсіндіргендіктен оңай екен. Қолымыз бос кезде кітап оқып, шахмат ойнаймыз. Бұл жер – үлкен отбасы. Бір қызығы, біздегі қызметкерлерге жай ғана күлімдеп қарасаңыз жеткілікті. Ерекше қуаныш сыйлайсыз, – дейді Жәнел Жаншина.

Бастысы – ынта мен жігер
Бұл дәмханада 12 адам жұ­мыс істейді. Тек ауысыммен істейтін екі бармен сөйлейді, ал қалғандары қол қимылымен түсіндіретін 20-25 жас ара­лығындағы қыз-жігіттер.
«Green Tal» жобасының менеджері Айдана Тура­бе­кованың айтуынша, ерекше жандар жұмысқа бірден кірісіп ке­туге жүрексінеді, себебі сау адамдармен қарым-қатынаста түсініспеушілік туындай ма деп алаңдайды. «Ниет білдірген адамның жеке өмірі, жұмыс өтілі, отбасылық жағдайы, ол көпбалалы немесе жалғызбасты ана болсын, ауру деңгейінің жоғарылығы, мүгедектіктің барлық деңгейі, тіпті жазасын өтеп, темір тордың арғы бетінен келсе де бізге шарт емес, жұмысқа қабылдауға дайынбыз. Біздегі басты талап – жұмыс істеуге деген ынтасы мен жігері. Қалғанын өзіміз үйретіп аламыз. Жұмыс істеуге қызығушылығы болмаса, сау адамды да орналастыра алмаймыз. Соңғы үш жылда біз денсаулығында менталдық ақаулығы бар, шизофрения диагнозы қойылған жандарды қабылдап келеміз» деп тарқатты Айдана Турабекова.
«Елордада дизайнерліктің оқуын оқыдым. Қазір осы дәмхананың даяшысымын. Мүмкіндігі шектеулі жан болған соң дипломмен жұмыс табу қиын. Сондықтан уақытша осында қызмет істеп жүрмін. Алдымен қонақтарға осал топқа жататынымды ескертіп, түсіністік танытуын сұраймыз. Кейін тапсырысты жазбаша түрде қабылдаймыз. Жалақым көңілімнен шығады, 90 мың теңгенің шамасында. Болашақта еліміздегі ең танымал дизайнер атанғым келеді» дей келе, дәмхана даяшысы Аягөз Айболат ең басты арманы үнемі қоғамға қажет болу, пайдасын тигізу екенін атап өтті. Әрине, мұның бәрін телефон арқылы түсіндірді. Осы бір хат алмасудан өте ерекше әсер алдым.
Эмин Әскеров әлеуметтік кәсіпті қолға алғанына биыл бесінші жыл. Алғашында кәсібін тоқымашылықтан бастаған. Әлеуметтік бағытты таңдаған соң ерекше қажеттілігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырған екен. Басында сұраныс болмаған соң еңбегі мен түскен табысы сай келмей, 5,5 млн теңге жоғалтады.
«Мен ешуақытта қомақты қаржыдан айырылғаныма өкінбеймін. Олай болмағанда, қазіргі деңгейге жетпес едім. Себебі барлығы бірден болмайды. Бастысы, басыңа күн туғанда құламай шыдап беру емес, құлаған соң қайтадан бас көтеру. Бүгінде «Green Tal» 9 түрлі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында тігіншілік, полиграфия, декоративті бағыт, киізден кілем басу секілді салалар бар. Биыл әлеуметтік дәмхана мен әлеуметтік автожуу орталығы қатарды толықтырды. Барлығында жұмыс қызып жатыр. Жалпы саны 74 қызметкеріміз бар» деді кәсіпорын жетекшісі.

Көлік жуатындар қажет


Бүгінде Д.Қонаев көшесі, 14/2 мекенжайында орналасқан көлік жуу орталығында 11 мүмкіншілігі шектеулі жан нәпақасын тауып отыр.
«Олар өздеріне таңсық жұ­мысты аз уақытта меңгеріп алды. Шағым айтып келген клиент болған емес. Ерекше жандар әдеттегі уақыттан аздап ұзағырақ жууы мүмкін. Бірақ келген көлікті жылтыратпай жібермейді. Мысалға, шизофрения диагнозы бар жандар бірнәрсені беріліп жасайды. Ал менталды бұзу­шылық диагнозы қойылған қызметкерлеріміздің ойлау қабілеті өзгешелеу. Асықпай, әр ісіне мұқият қарайды» деп ерекше пікірімен де бөлісті Эмин Әскеров.
Автожуу кешенінде бірінші топтағы мүгедектігі бар қыз­меткерлер 7 сағат жұмыс істесе, үшінші топтағылардың уақыты – 8 сағат. Айта кету керек, ор­талыққа әлі де қызметкерлер қажет. Ол үшін көлік жуу ор­талығының Instagram па­рақ­шасындағы байланыс нө­мірлеріне хабарласуы қажет. Сонымен қатар «Green Tal» жақын уақытта Тараз бен Павлодар қалаларында өз филиалын аш­пақ.

Техника тілін үйретеді
Кәсіпорын басшысы 90 пайыз көру қабілетінен айы­рылған жанның жан тебі­рентер оқиғасымен бөлісті. «Шеберханаға жұмыс сұрап, кө­зілдірік таққан Фархат есімді жігіт келді. Ол кезде біз кәрзіңке, құмыра секілді дүниелер тоқумен айналыстық. Өзіңіз ойлаңыз, бір көзімен, оның өзінде 10 пайыз ғана көру қабілетіне ие зағип жан қалайша тоқымашылықпен айналысады? Алғашқыда жұмысқа қабылдауға жүрексіндім. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жанның сағын сын­дырғым келмеді. Жұмысқа емес, жай ғана уақыт өткізуге келіп-кетіп жүруіне рұқсатымды бердім. Бір айдан соң Фархатпен қош айтысқым келген. Өйткені қолынан келмей жүрді. Маған да, оған да зияны жоқ қой, жүрсе жүре берсін деп шештім. Айтса адам наңғысыз, 90 пайыз көрмейтін адам қызығушылығы мен табандылығының арқасында 4 айда бәрін үйреніп алды. Ал 4 жылдан кейін өзінің әлеуметтік кәсібін ашты. Қазір өзі сияқты зағип жандарды техниканың тілін меңгеруге үйретіп жүр».
Бұл да талаптанған кез кел­ген адамның алдына қойған мақсатына жететініне тағы бір дәлел.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 12 =